Қоштасқым келмейді ...

Қоштасқым келмейді ...
жеке
блог

Мұңға малып өткізбеп ем күнімді еш,
Салады кеп жүрегіме уақыт сыз
Сен басқамен бақытты боп ғұмыр кеш,
Мен қасқамын бақытсыз ...

Бізді ешкім жұбатпауға тиісті
Ал, сендерді жылатпайды ғұмыр бұл.
Нұсқап тұрды, Бодлер жатқан мүйісті
Болашағым бұлыңғыр...

Жыласын деп жас та берді сіздерге,
Ал, біздерді адасқандар дейді де ел,
жаурағанда жұдырықтай мұз кеуде
Жүректерді күйдірер...

Сендер тіпті көпсіңдер, саны басым,
Ал, біз дегенім- мен, жалғыз, өзім.
Қобыз кеудем азынап, аңырасын,
Еее-ее-ең зарлы сөзін.

Бізді адамдар тыңдамайды, шаттығын
шатастырып алмау үшін шуменен.
Ішімдегі шерлі дерттің аптығын
Басып жүрмін у-менен... 

Сен бақыттың құшағында айтып ән,
Жатсын дедім жаның тыныш бүлінбей.
Көзімді ашсам күн тұтылып, ай тұман,
Құлап жаттым, сүрінбей...

Бас тартпадық біз де бақыт құсынан,
Басын тартты бақыт бізден бірақта.
Жүректегі жылулықтың тұсынан,
Ұшып кеттім жыраққа...

Мен өзіңді жек көремін, күлкүлі,
сені қатты сүйетінмін себебі.
Мына әлемге ғашық болып бір күні
Оралғым-ақ келеді...

Шарапат Раушанбек. 
12.04.2015