жеке
блог

Назерке Серікболқызы: САХНА ШЫНАЙЫ ӘРТІСТІ ЖАҚСЫ КӨРЕДІ

«Жастар» театрының актрисасы, «Қыз Жібек», «Таптым. Ғашық болдым. Жоғалттым», «Айман-Шолпан» қойылымдарының басты кейіпкері. Ол сахнадағы сәтті рөлдерімен, ерекше талантымен көрерменге танылған. Біздің бүгінгі әңгімеміз қазіргінің Қыз Жібегіне арналады.

-  Сұхбат беруге келіскеніңіз үшін рахмет! Актерлерге ғана таныс сахна қандай?

Сахнаның құдіреті шексіз. Ол адамды, әр актерді сезеді. Бізге академия қабырғасында да, қазір де аға-әпкелеріміз сахнаның киесі бар, сахнаны құрметтеу керек дейді. Ұстазымыз, режиссер Нұрқанат Жақыпбай: «Жақсы актер болу үшін жақсы адам болу керек», - деп үнемі айтады. Себебі, сахна ол - айна. Сенің ішкі жан дүниеңді, рухани болмысыңды көрерменге көрсетіп тұрады. Театр актерлері өмірінің көп бөлігін сахнада өткізеді. Біз әр маусым сайын гастрольдерге шығып, шетелдік фестивальдарға қатысамыз. Сол жақтағы театр табалдырығын аттай сала дайындық бөлмесіне емес, сахнаны көруге асығамыз. Бұл біздің қалыптасқан дәстүріміз, міндетті әдетіміз десем де болады. Кейін «бісміллә» деп, жақсы ойнауды бұйырсын деп тілек етіп, сахнаны бір сипайтынымыз да бар. Себебі, біз үшін сахнаның рөлі, орны бөлек.

Сахнадан қорқуға бола ма? Сіз қорқып па едіңіз?

- Әрине. Сахнаға алғаш шыққанда қорқу деген болады. Біз 3-курс оқып жүргенде «Жастар» театрына тәжірибеден өтуге келдік. Сол кезден бастап сахнаға шығып, қойылымдардан көріне бастадық. Ол әртіс ретінде қобалжу дегенді алғаш сезінген кездер еді. Себебі, оған дейін «Жастар» біздің қол жетпейтін арманымыз болатын. Ал, кейіпкердің рөліне енгенде қобалжу қорқынышқа ұласты. Сонда мен «қорқыныш менің жан дүниемді, ішкі «менімді» өшіріп жатыр, рөлді қалай сомдайтынымды білмеймін» дейтінмін. Мен ол сезімнің кімнен, неден қорқу екенін түсіндіре алмаймын. Ол - көрермен алдындағы жауапкершілік, оларды сендіруім керек деген ішкі сигнал шығар. Одан бөлек «Дауысым шығып тұр ма екен?», «Микрофоным істемей қалса не болады?» деген сияқты ойлар алаңдатады. Алайда оның барлығы уақыт өте келе тәжірибемен азаяды екен. Қазір бұрынғыдай аяқ – қолымыз дірілдеп тұрмаса да, бәрібір қорқыныш сезімі болады. Сахнаға қорықпай, қобалжымай шығатын актерді «бос» актер дейді. Біз қобалжымай қалсақ: «Маған не болды?» - деп қобалжып кетеміз (күліп).

Ұстазыңыз кім? Кімнен тәлім алдыңыз?

-  9-сыныптан кейін 16 жасымда Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясына оқуға түстім. Сол ордада Гүлвира Бекенқызы, Есім Жүкеұлы деген керемет актерлермен таныстым. Бірінші осы ұстаздардың алдынан өттім. Ал, академияны бітіргеннен кейін Нұрқанат Жақыпбайдың шеберханасында тәлім алдым. Сол кезден бері сегіз жыл қатарынан ұстаздың қасындамын. Әрине, нағыз ұстазымыз деп Нұрқанат ағаны айтсақ болады. Біз ұстаздан өмір, өнер сабақтарын аламыз. Оқуды қанша жыл бұрын бітірсек те, ол кісіге әлі студенттері сияқтымыз.

-  Шығармашылық ұстанымыңыз бар ма? Болса қандай?

-  Маған осындай сұрақтар қойғанда, шынымен, ойланып қаламын. Қандай да бір қағида, ұстаным болуы керек деп ойламаппын. Мен үшін ең бастысы – жауапкершілік. Сондықтан да  маған берілген тапсырманы аяғына дейін дұрыс орындауым керек. Мен әр рөлге, образға, қойылымға жауапкершілікпен қарайтын адамдарды құрметтеймін. Адам жалқау болса, еңбегі еш кетеді. Сондықтан да мен жалқаулық танытпауға тырысамын. Менің ұстанымым осы сияқты.

-  Актерлік өнеріңіздің куәгері – «Жастар» театры. Театр Назерке Серікболқызына не берді? Жастар театры сіз үшін...

-  Осы өмірімде жеткен кішкентай болсын жетістіктерімнің бәрі осы «Жастар» театрының,  Нұрқанат ағамыздың арқасы деп білемін. Ұжымдағы әр әртістен, аға буындардан көп нәрсе үйрендім. Шетелдік гастрольдерге, фестивальдарға қатысып, өзге де актерлермен таныстым, тәжірибе алмастым. Ол – актер бағының еселенуі. Мені сахнадан көрмегендер алғаш танысқанда «Мен «Жастар» театрында жұмыс істеймін» десем, театрға қатысты жақсы баға береді. Ол, әрине, бізге дейінгі аға-әпкелеріміздің еңбегі. Біз осы театр абыройын түсірмеуге барынша тырысамыз.

-  Әлеуметтік желідегі осы жазбаңызға көзіміз түсті.  "Біздікі мамандық емес негізі. Біздікі - ауру". Неге?

-  Иә, шын. Мысалы, дәрігер. Ол таңертең емханаға барып, жоспар бойынша науқастарды қарайды, оларды емдейді. Ал, біз қойылымымыздың қалай өтетінін алдын ала білмейміз. Көрермен оны қабылдай ма, қабылдамай ма, ол да беймәлім. Біз таңнан кешке дейін театрда жүреміз. Бірақ ол  басшылық бекіткен қағида емес, ол біздің өнерге деген құлшыныс. Біз өнерсіз өмір сүре алмаймыз. Шынымен, ол – ауру. Кейде біз өз-өзімізге «Не үшін?» деген сұрақ қоямыз. Жалақы үшін дейін десек, олай емес. Карьера үшін деуге де келмейді. Себебі, театр актерлері аса танымал емес. Бірақ, осының бәріне қарамастан, театрдан кетпей, кете алмай жүрген адам ауру деп ойлаймын.

- Ерекше көріп, үнемі ойнағыңыз келіп тұратын рөл бар ма?

- Мен өзімнің әр рөлімді жақсы көремін. Сөздің шыны керек, бәрі маған жақын, ешқайсысын бөліп жармаймын. Әсіресе, «Таптым.Ғашық болдым. Жоғалттым» қойылымындағы рөлім ерекше жақын. Ол бұрынғы «Сұлу мен суретші» драмасының жаңа нұсқасы. Бізге Корея еліндегі фестивальге тез арада бір қойылым жіберу керек болды. Бәріміз ойлана келе, «Сұлу мен суретшінің» мюзикл нұсқасын қойып көрдік. Алайда, ол нұсқа Кореяда ғана қойылады деп ойладық. Аталмыш мюзикл алты күнде дайын болды. Ән, би, образ, рөл дайындығы ұзақ уақытқа созылмады. Сөйтіп жүргенде бұл спектакль ұстазға ұнап қалды. Ол бірден бұл қойылымды Қазақстанда да қоюымыз керек деді. Айтайын дегенім, мен драмаға жақынмын, алайда мюзиклда да ойнаймын. Ал, «Таптым. Ғашық болдым. Жоғалттымның» жеке драматургиясы жаныма жақын боп кетті.

-  Сахна қандай әртісті жақсы көреді?

-  Бұған дейін бұндай сұрақты естімеппін. Жақсы сұрақ. Сахна шынайы әртісті жақсы көреді. Қазіргі  заманда біздің көрермендеріміздің қай театрда қандай актер бар екенін, қандай қойылым болатынын ғаламтордан көруге мүмкіндігі бар. Сондықтан қазір көрермендер әртістерге жақсы баға бере алады. Егер сен өзіңе сенбей тұрсаң, көрерменді алдасаң, ол міндетті түрде сезіледі.  Бізде бұны  «физикасы өзіне бағынбай тұр» дейді. Яғни, актер өзіне, сөзіне, рөліне, ситуацияға сенбесе, оған да ешкім сенбейді. Сосын ол өзінің әр қимылын дұрыс емес деп ойлай бастайды. Осы кезде жасандылық пайда болады. Сахнадағы түйір жасандылық көрермен алдында мың еселенеді. Сондықтан сахна шынайы әртісті ғана жақсы көреді.

-  Біз сізді дубляж актрисасы ретінде де танимыз. Бүгінде қоржыныңызда он шақты жұмыс бар. Аталмыш өнерге қалай келдіңіз?

-  Дубляж жасау оңай емес. Менің алғашқы жобамның дубляж режиссері Айжан Каженовна еді.  Ол бізді Алматыдағы көптеген жобаларға шақыратын. Маман ретінде өте жауапты, талапшыл. Мен ол кісінің алдынан өткеніме қуаныштымын. Өйткені, ол кісінің алдына бару үлкен дайындықты талап етеді. Мен көбіне мультфильмдердегі ханшайымдарды сомдаймын. Өзім де соған жақындау сияқтымын. Сол үшін де мен аса қатты қиналмаймын, рөлге тез енемін.  Кейде кейіпкердің эмоциясын жеткізу үшін бірнеше сағаттар жұмсаймыз. Кейіпкер ретінде айғайлап, жылап, әрбір демін, дауыс ырғағын келтіруге күш саламыз. Кейінгі жұмыстар Нұр – Сұлтандағы «Арай Медиа Холдингтің» бастамасымен ұйымдастырылды. Қазіргі таңда «Қалекей» театрының актері, дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаймен жұмыс жасап жатырмыз.

-  Қазақтың Алисасы, Аннасы, Моанасы. Болашақта кім болғыңыз келеді?

-  Бұл жайында ойланбаппын. Бірақ мен Қазақстандағы театр саласын жандандыратын театр актрисасы болғым келеді. Басқа ешкім емес. Көбі маған неге ән жазбайсың, киноға түспейсің деп жатады. Мен киноға бет бұрсам, театрға көрермен тарту үшін ғана болуы мүмкін. Өкінішке қарай, театр актерлерінің  атағы шықпай жатады. Халықтың таңдауы театр емес, кинотеатр... Мені қыңжылтатыны сол мәселе.

-  Кино актрисасы болу жоспарда бар ма?

-  Білмеймін, осы күнге дейін өз басым киноға қызықпаппын. Бұл сұрақты маған өте жиі қояды. Өзімнен гөрі менің оқырмандарым киноға түскенімді қалайтын сияқты. Мен театрға адалмын. Оқу бітіргелі тек осы сахнада қызмет еттім. Екінші жағынан, шыны керек, уақытым да тапшы. Ал үшіншіден, Нұр-Сұлтанда кастинг сирек болады. Қазіргі қазақ индустриясының алаңы – Алматы. Сол себептен кей актерлер кастинг үшін Алматыға барып, қатысып, Нұр-Сұлтанға қайта келеді. Ал, менде әзірге ондай құлшыныс жоқ.

-  Егер кинокартиналарға шақырту алсаңыз қай жанрда ойнағыңыз келеді? Сомдағыңыз келетін рөлдің портреті қандай болуы керек?

-  Нақты қалайтын рөл жоқ. Дегенмен, тарихи киноларда ойнағым келеді. Меніңше, комедия жанрында инстаграм жұлдыздары да, блогерлер де ойнай алады. Ол керемет бір актерлік шеберлікті қажет етпейді. Киноға түскеннен кейін ауқымды, кәсіби шеберлікті талап ететін, күрделі жанрдағы кинотуындылардан көрінгім келеді.

-  Рахмет! Келесі кезекті студенттерді қызықтырған сұрақтарға берсек.


Театрға жұмысқа орналасу үшін ең алдымен не істеу керек?

-  Ең алдымен, ЖОО-да «Театр» факультетін төрт жыл оқып, сол жерде тәлім-тәрбие алу керек. Диплом алғаннан кейін жұмыс істегісі келетін театрға барып, режиссермен немесе директормен жолықса болады. Кейін арнайы комиссияның алдында өзіңді таныстырып, өнеріңді көрсетесің. Сенің өнеріңді бағалағаннан кейін, комиссия мүшелері шешім шығарады. Театр әртістері осылайша жұмысқа қабылданады. Көп адамдар «Жастар» театрында Нұрқанат Жақыпбайдың шәкірттері ғана жұмыс істейді деп ойлайды. Меніңше, бұл қате пікір. Себебі, біздің ұжымда «Шабыттың» да түлектері бар.

-  Сахнада өнер көрсету үшін неден бас тартуға тура келді?

-  Театр әртісі біріншіден, өз уақытынан бас тартады. Өйткені, біздің уақытымыздың көбі, тіпті барлығы театрда өтеді.  Кейде отбасыға да уақыт тапшы болатыны рас. Сол себептен театр әртісі боламын деген адам, әсіресе қыздар осыны ескеріп келгені дұрыс.

-   Әртістің бақыты неде?

-   Біз көрерменнің ыстық ықыласын көргенде шынайы қуанамыз, іштей риза боламыз. Себебі сахнада тұрған бізге алдымен көрерменнің шынайы эмоциясы сезіледі. Сол кезде біз көрерменмен бір толқында боламыз. Бұл бізге бақыт сыйлайды. Ал, қойылым біткеннен кейінгі бес минуттық қошемет әрі қарай шабыттандырады. Шабыт еңбекке жетелейді.

-   Жұмысыңыздағы ең қиын сәттер

-   Маған Қыз Жібек образын табу қиын болды. Тіпті басында мен Қыз Жібек емеспін деп те жыладым. Себебі, бұл маған келмейді, мен Қыз Жібектей бола алмаймын деп ойладым. Бұл қойылым да аз уақыт аралығында көрермен назарына ұсынылды. Қойылымда бірде сырғам, біресе шолпым техникалық жағынан кедергі келтіріп, түсіп те қалатын. Оған қоса жүгіріп, кемеге мінген кезде ентікпей ән айтқызып, сахна тағы бір сынаған еді. Мен осылай жүгіріп жүргенде қай сәтте Төлегенге ғашық болып қалғанымды көрерменге жеткізе алдым ба, олар түсінді ме екен деп те алаңдайтынмын. Кейде осы тектес ойлар актерлік рухқа да әсер етеді. Елдегі төтенше жағдайға дейін «Таптым. Ғашық болдым. Жоғалттым» спектаклінің премьерасы болды. Кейін «Гамлетке» кірістік. Онда мен Әсел деген кейіпкердің рөлін сомдадым. Қойылымның өзі драматургияға толы еді. Рөлге дайындық кезінде темірлермен жұмыс істедім. Кезекті дайындықта көзімнің айналасын, қолдарымды көгертіп алдым. Содан қойылымдар жоспарын «Ғасырдан да ұзақ» жалғады. Мен бірыңғай психологиялық қиын рөлдерді ойнағаннан кейін, өзіме «ішкі менім, жаным шаршады» деп айтамын. Себебі, сахнада кейіпкеріңмен бірге шынайы жылау керек. Көпшілік оны техникаға салу қажет деп жатады. Бірақ ол тәжірибесі мол, керемет актерлер үшін сияқты. Мен үшін әзірге мүмкін емес, мен шынайы ғана жылаймын. Мысалы, «Қыз Жібектің» соңында айғайлап жылайтын сәт бар. Сол кезде мен шынымен жыламасам, жан дүниемнен шықпаса, қойылымды «нөл» деп бағалаймын. Әр кез жылап, айғайлайлап, кеудені күйдіре берсе де кәдімгідей солып қалады екенсің...

-   Театр және табыс. Театр әртісінің жалақысы  жеткілікті ме?

-   Жетпейді. Қазіргі заманда тек қана театр жалақысына қарап өмір сүруге болмайды. Сол себептен де біз қосымша жұмыстармен айналысамыз. Бұл өтірік емес. Ол кейде той да болуы мүмкін. Өйткені табыс табу керек. Мысалы, бір жобаны дубляждап жеткілікті қаражат алуға болады. Ал, театрға келгенде өкінішке қарай... Бірақ, бүгінгі студенттердің жағдайы жақсы. Біз 3-курста іс-тәжірибеден өтуге келгенде 25 мың теңге алатынбыз. Ол 2016 жылдар еді. Бір жылдан соң 50 мыңға көтерілді. Үш жыл тұрақты түрде осылай болды. Ал, Президенттің театр әртістерін қолдауымыз керек деген үкімі шыққаннан кейін жалақымыз артты. Осы себептен де театрға енді келетін студенттер үшін мүмкіндіктер деңгейі жақсырақ деп айта аламын. Ал, біз өз кезегімізде жағдай жыл сайын жақсарады деген үміттеміз.

-  Заманауи театрларға көзқарасыңыз?

-  Заманауи театрларға деген көзқарасым жақсы. Бірақ, кейінгі кезде жалпы қазақ театры жасандылыққа бейім боп кетті. Мен көптеген қойылымдарды тамашаладым. Шынын айтсам, олардан керемет бір әсер алдым деп айта алмас едім. Бүгінгі режиссерлер эксперимент ретінде түрлі стилистикаларды тәжірибеден өткізуде. Бірақ, қазақтың керемет деген кейбір шығармаларына бұл келмейді. Мүмкін мен реалист шығармын. Өнер адамдарының өзі кей қойылымдардың терең мағынасын түсінуде қиналады. Қойылымға арқау болған шығармамен танысқаннан кейін толық түсінетін кездер болады. Ал, халықтың драматургиядан хабары жүз пайыз дей алмаймыз. Жасанды дүниелерді ұсынып керек емес. Сахна тазалығы аса маңызды. Ал, біз оны жоғалтып бара жатқан сияқтымыз. Сол себептен көңіл түседі. Екінші жағынан қарасақ, талпыныс және ең маңыздысы даму бар.

-  Кумиріңіз кім?

-  Кумир деп нақты ешкімді айта алмаймын. Ондай жоқ. Бірақ, мен біздің театрдағылардың образдарына, жасап жатқан дүниелеріне қарап тәнті боламын. Әділ Ахметов, Дәурен Серғазин, Жандаулет Батай, Бахыт Хаджыбаев ағаларымызды көпшілік таниды. Ал, актрисалардан Айнұр Рахипованы ерекше атап өткім келеді. Театр әлеміндегілер Айнұр ханымды жауапты, еңбекқор, керемет актриса ретінде таниды. Ол «Асауға тұсауда» Катаринаны ойнайды. Мен ол кісіге қойылымнан кейін «сіздей «Кэт» (Катарина) жоқ» деп айтамын. Себебі, Айнұр Рахипованың Катаринанасы өзіндік ерекшелікке ие.

-  Жас актерлерге қандай кеңес берер едіңіз?

-  Көп еңбектеніп, оқып қана қоймай, қарапайым да болу керек. Студенттер актерлікте оқығаннан кейін бе, ерте жастан жұлдыз ауруына шалдығып жатады. Театр әртістерінде де сондай бір қасиет бар. Бәрінде емес, әрине, бірақ кездеседі.

-  Сұхбатыңызға рахмет! 

Әңгімелескен

Айна Гизатқызы, Аружан Ғалымжанқызы

 


Бөлісу:
Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз
Өзгерту



Жұлдызды блогтар

Жайлауға атпен бардық // Екіаша, Көкбұлақ, Шет Меркі, Орта Меркі
Жайлауға атпен бардық // Екіаша, Көкбұлақ, Шет Меркі, Орта Меркі
Шет Меркі өзені, Тоғызбұлақ ауылының тамаша табиғаты
Шет Меркі өзені, Тоғызбұлақ ауылының тамаша табиғаты
Ораза айының өңірлер бойынша кестесі
Ораза айының өңірлер бойынша кестесі