Әркімнің ішінде өз құбыжығы бар...

Әркімнің ішінде өз құбыжығы бар...
жеке
блог

25 қараша күні Cinemax Dostyk Multiplex кинотеатры "Виктор Франкенштейн" фильмінің БАҚ өкілдеріне арналған жабық көрсетілімін ұйымдастырды.

Осыдан бір апта бұрын автобустың терезесіне қарап отырып, әртүрлі нәрселерді ойлап, ұйқысырап отыр едім. Ойланып кетсең, көзіңнің қарашығы демалып, көз алдың бұлыңғыр болып, ешнәрсеге "фокус" тастамай отырады емес пе? Автобус кезекті аялдамасына тоқтағанда мен кенеттен ойымды жинақтап, алдымдағы бейнеге назар салдым: аялдаманың жарнама тақтасында қап-қара болған кинопостер тұрған еді. "Виктор Франкенштейн".

Постерге ұзақ қарадым. Екі кейіпкердің бейнесі бірден мінездері мен рөлдерінен хабар береді. Ар жағында тұрған жас жігіттің (Дэниел Редклифф, әйгілі Гарри Поттердің рөлін сомдаған сары бала) көзінде ақыл, төзімділік пен үрей білінсе, екінші кейіпкердің көзіне қарап, бір нәрсеге қатты құштар екенін байқайсың. Постердегі бейне бірер секундтан кейін тіріліп кететіндей...Бұл ойыма келгенде автобус саяхатын жалғастырмақ болып, сәл артқа шегініп, зу етіп алға басты.

Енді, міне, біраз күн өткен соң Франкенштейнді қарауға шақыру билетін алғанда қатты қуандым. Мен бұл кейіпкер туралы кітапты оқыған жоқпын, осыған дейін қойылған спектакль мен фильмдерді де қараған емеспін. 

Фильмнің алғашқы минуттарынан-ақ бәрін ұмытып, екі көзің экранға қадалады. Тез-тез өрбіп жатқан сәттердің бірін байқамай, жоғалтып алмауға тырысып, зейін салып қарайсың. Графика, монтаж және дыбыс монтажы ең жоғары деңгейде жасалған! Тамаша...

Әр адамның ішінде өз құбыжығы бар. Фильм әуел бастан осы ойды дамытып, көрерменге дәлелдейді. Бала кезінен циркте өскен жігітті бәрі "аңқау, ұсқынсыз, бүкір" деп атап, ұрғылап-тепкілейді. Бірде ол өзінің қызығушылығының арқасында әртіс қыздың өмірін аман алып қалады. Мұны көрген Франкенштейн жігітті цирктен босатып, өзімен бірге алып кетеді,

Медицина, анатомия саласында еңбектенуге құмар екі жан бір идеяны жүзеге асыруды шешеді. Игорь атты жас жігіт Викторды есін жиып, артқа шегінуге шақырса, ол бұл мақсатынан бас тартпайтынын, оның ол үшін қаншалықты маңызды екенін айқаймен жеткізіп, есінен адасуға жақын екенін білдіртеді.

Нәтижесінде ғалым "шайтанның ісін" жасап, құбыжықты "жасайды". Бөлшекпен жиналған, екі жүрегі бар болса да, сезімі жоқ құбыжық...

Виктор жылдар бойы ойында сақтап жүрген мақсатына қол жеткізеді. Ішінде, ойында, жүрегінде өмір сүрген құбыжыққа өмір сыйлайды. Өмір бойы сайқымазақтың рөлінде болған Игорь де ішіндегі құбыжықтан дер кезінде құтылып, мүлде басқа адамның кейпіне енеді.

Фантастика жанрында кино түсіру оңай емес. Фантастиканы драмамен, романтизммен астастыру одан да қиын...

Пол МакГиган фильмге жетекшілік ету шеберлігімен қуантса, Макс Лендис пен Мэри Шеллидің дайындаған сценарийі үшін орнымнан тұрып, бас иемін. 

Фильмге баға беруді ұнатпайтынмын... Бірақ "Виктор Франкенштейн" 10 ұпайдың 8-не лайық. Графика, видео және аудиомонтаж, дыбыстау, сценарий, кейіпкерлер ойыны, декорация мен қала графикасы жоғары деңгейде дайындалған.