Бұл – Әділетті Қазақстанға жасалған қадам
жеке
блог

Бұл – Әділетті Қазақстанға жасалған қадам

Мемлекет басшысы  саяси жаңғыру экономикалық өзгерістерге  ұласуы тиіс екенін айтып өтті.
Жолдауда Мемлекет – Азамат – Бизнес арасындағы қатынасты түбегейлі өзгертуге үлкен  мән берілген.  Мемлекеттің бизнесті қолдауы  түптеп келгенде,  бәріне бірдей тең мүмкіндіктер жасауға, бәсекелестікті нығайтуға, халықтың әлеуметтік табысын еселеуге  алып келеді. Әлеуметтік міндеттемелерге құйылатын қаражат  та төмендемейді.  Ұлттық табысты тең бөлу – экономикалық  реформаның басты бағыты. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық  табысының  50 пайызын  балалардың  арнаулы  жинақтаушы есепшотына аудару үшін «Ұлттық қор –балаларға» бағдарламасы ұсынылды. Жинақталған қаржыны 18 жасқа толғанынша баланың  есепшотынан ешкім шешіп ала алмайтыны одан сайын қуантты. Балаларының болашағына алаңдайтын әрбір ана үшін бұл ұсыныс ертегідегідей сияқты естілуі мүмкін. Негізінде демографиясы мен экономикасы қатар дамыған елдерде, қуатты ел үрдістерінде мұндай жүйенің қалыптасуы тиімді әрі адамдарды ынталандырады, туған мемлекетіне деген сенімін нығайтады. Бұл – адам капиталын дамытуға  салған  мемлекеттің инвестициясы. 
Көпшілігінің назарын аударған мәселенің бірі – жаңа Салық кодексін енгізу. Салық жүктемесін азайту үшін  салықтан жалтаруды болдырмау тетігі  жаңа Салық кодексінде қарастырылатын болады, қарапайым бөлшек сауда салығын қолдану аясы кеңейтілетін болады. Жолдауда салық реформасы, Салық түсімін өңірлерге беру, салық саясатының тиімділігіне  арналған біраз тұжырымдар жасалды. Ұлттық қорды тиімсіз пайдалану тоқтатылады деп нақтыланды.  Салық түсімін өңірлерге беру  саясаты көңілге қонымды, өңірдің дамуына әсер ететін көрсеткіш. Жаңа бюджет кодексін қабылдау да пісіп-жетілген мәселе. 
Бәрі де халық үшін, оның денсаулығын жақсартуға қолдау десек те, республика бойынша 650 елді мекенде әлі емдеу мекемесі жоқ. Алдағы  уақытта 32 аудандық аурухана жаңарады,  фельдшерлік пункттер салынады. Ең төменгі  жалақының 60 мыңнан 70 мың теңгеге дейін  көтерілуі, 2023 жылдан бастап әлеуметтік әмиянның іске қосылуы елдің еңсесін көтеріп тастады. Келесі жылдан бастап 100 мың жасқа жұмыс беру керек, демек, жаңа  экономикалық саясатты жүзеге асырғанда жаңа жұмыс орындары пайда болады деген сөз! 
Идеология саласындағы олқылықтар бүгінде отандастарымыздың түгелге жуығын алаңдатады. Нашақорлықпен, есірткі саудасымен күрестің кешенді жоспарын әзірлеу тапсырылды. Президент мандатын 7 жылдық мерзіммен шектеуді, Мәжілістің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауын келесі жылдың бірінші жартыжылдығында өткізу ұсынылды. Қаңтар оқиғасына  адасып қатысқандарға бір реттік рақымшылық таныту жөніндегі мәселе де бүкіл қазақстандықтардан қолдау тапты. Қоғамдық қауіпсіздікті қолға алу мәселесі өзекті десек,  отбасындағы зорлық-зомбылықты да талдап зерделеу, қолға алу, онымен бүкіл қоғам, тұтас ұлт болып күресу  міндеті алдымызда тұр.                             
Қалай болғанда да, «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы Жолдауда сәйкестік тауып, Әділетті, Жаңа Қазақстанның  қадамдары басталып жатыр.


Қалыйма ЖАНТӨРЕЕВА,
«AMANAT»  партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы 
хатшысының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты, 
Түркістан облысының құрметті азаматы.