жеке
блог

«Маусымдық поэзия» байқауы өткізілді

Асыл сөзді іздесең,

Абайды оқы, ерінбе.

Адамдықты көздесең,

Жаттап тоқы көңілге,деп қазақтың көрнекті ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров жырлағандай, Абайды оқу, оның асыл мұрасын өскелең ұрпаққа жеткізу ортақ парыз. Осы орайда Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасы мен  «Ақжайық» телеарнасы әлеуметтік желі арқылы «Маусымдық поэзия» көркемсөз оқу байқауын ұйымдастырды.

        Поэзияда, музыкада, даналықта, қоғамдық-азаттық ой-пікір саласында өлмес-өшпес шығармалар берген Абай – қазақ халқының өткен замандағы өмірін зерттеймін деген ұрпаққа таңғажайып тұлға. Биылғы жыл – ерекше жыл, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған жыл. Бұл байқау Ұлы Абайдың және өзге де ақындардың мұрасын насихаттау, ұлы ақынның шығармалары арқылы өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, жас таланттарды, ақындарды тану, өлең құдіреті арқылы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында өтті. Өткізілу тәртібі: әлеуметтік желіде, ақындардың шығармашылығынан үзінді оқып, түсірілген бейнероликті "Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған байқауға қатысамын" хэштегімен белгіленіп, «Ақжайық» арнасының инстаграм парақшасында жарияланды.

       Жалпы саны байқауға облысымыздың қала, аудандарынан 57 сайыскер қатысты. Үміткерлер байқау шартына сәйкес, Абай Құнанбаевтың және өзге де ақындардың білім, ғылым және өнер, лирикалық бағытта өрілген поэзиялық шығармасын мәнерлеп оқудан тартысқа түсті. Поэзия додасы мемлекеттік тілде өткізіліп, қатысушылардың жас шамасына шектеу қойылмады.

         Байқау барысында қазылар алқасы үміткерлердің өнерін бағалау кезінде олардың оқу шеберлігіне, дауыс мәнеріне және тіл тазалығына, бейнероликтің мазмұны мен сапасына баса назар аударды. Әділқазылар құрамында Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысының м.а. Светлана Ғаниева, М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан Университетінің қазақ филология кафедрасының философия докторы, аға оқытушысы Айдарбек Ақбулатов және «Ақжайық» телеарнасы директорының орынбасары Клара Қамбетова қатысушылар өнерін таразыға салып, бағасын берді.

         Қорытынды нәтижесінде, ерекше ақындық қасиетімен көрінген Тұрдыбек Қазиқан бірінші орынды жеңіп алса, екінші  орынды мемлекеттік қызмет пен поэзияны қатар алып жүрген Рустам Джирентаев пен өзінің кесек-кесек ойлары мен сөздерін әдемі ұйқаспен жеткізе білетін  Данагүл Каримова еншілеп, үштікті Арай Дүйсенғали, Гүлфиза Исатаева, Перизат Жексенғалиева түйіндеді. Сондай-ақ, лүпіл саны бойынша топтан озып шыққан Назерке Какимжанова «Ең көп лүпіл» номинациясын иеленді. «Ең көп пікір жинаушы» Эльназ Миржанова болса, «Ең көп репост» жинауда Інжу Ержан көп ішінен дара шықты. Ал қазылар шешімімен «Ең кішкентай өнерпаз» номинациясы Айша Мейрамға берілді.

Байқау жеңімпазы Тұрдыбек Қазиқан

                            Байқау жеңімпазы Тұрдыбек Қазиқан және белсенді қатысушы Надия Жастілек

Тұрдыбек Қазиқан (М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан Университетінің 1 курс студенті, БҚО, Жаңақала ауданы, Жаңақазан ауылы)

Ес білгелі қазақтың қара өлеңіне құмартып өскенім жасырын емес. Поэзияны нақышына келтіріп, өлеңге жан бітіріп, тыңдарманның жүрегіне жеткізіп орындау - басты мақсаттарымның бірі еді. Сол арманның жетегіне еріп көркем сөз оқу мен жыр мүшәйралардың жүлделерінің біразын қанжығаға байладым. «Ақжайық» арнасы мен БҚО тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған байқауғада қатысуымның басты себебі қырандай қырағы тыңдарманның ықылас-ілтипатына бөленуді басты мақсат тұттым.

"Ең көп пікір жинаушы" номинация иегері Эльназ және Айназ Миржановалар

   "Ең көп пікір жинаушы" номинация иегері Эльназ Миржанова және егіз сыңары Айназбен

Эльназ Миржанова (№4 ЖО және ҚББМО 2-сынып оқушысы, Орал қаласы)

Абай Атамыздың 175 жылдығына арналған байқауға үлкен үмітпен және қуана қатыстым, Абай атамыздың өлеңдерін сүйіп тыңдап, жаттап аламын. Бірінші сыныпта Мұзафар Әлімбаев атамыздың 90 жылдығында мәнерлеп оқудан сайысқа қатысып, екінші орынды еншілеп, Абай атамыздың  кітабын сыйға алдым. Содан бері бірнеше сайыстарға қатысып орын алып келемін, және өзім өлең шығарып газет беттеріне де шығып жүрмін. Болашақта Абай Атамыз сияқты артына із қалдырған ақын болуға тырысамын. «Ақжайық» арнасы мен БҚО тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған байқауға алғысым шексіз.

3 орын иегері Арай Дүйсенғали

                                                        3-ші орын иегері Арай Дүйсенғали

Елу жетіге жуық жас үміткерлер арасынан «Маусымдық поэзия» байқауының жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздарына Орал гуманитарлық колледжінің демеушілігімен арнайы сыйлықтар мен дипломдар табысталды. Ал қалған қатысушыларға белсене қатысқаны үшін Алғыс хаттар берілді.

Байқау жеңімпазы тікелей эфирде өтетін "Күншуақ" бағдарламасында

                            Байқау жеңімпазы тікелей эфирде өтетін "Күншуақ" бағдарламасында

"Маусымдық поэзия" байқауына түсірілген сюжетті Ақжайық телеарнасының ресми сайтынан  "Жаңалықтар" топтамасының мына сілтемесінен көруге болады: http://oraltv.kz/kz/news/society/onlain-baikau-zhenimpazdary-anyktaldy

 

 



Бөлісу:
Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз
Өзгерту



Жұлдызды блогтар

Жайлауға атпен бардық // Екіаша, Көкбұлақ, Шет Меркі, Орта Меркі
Жайлауға атпен бардық // Екіаша, Көкбұлақ, Шет Меркі, Орта Меркі
Шет Меркі өзені, Тоғызбұлақ ауылының тамаша табиғаты
Шет Меркі өзені, Тоғызбұлақ ауылының тамаша табиғаты
Ораза айының өңірлер бойынша кестесі
Ораза айының өңірлер бойынша кестесі