«Ливерпуль» Чемпиондар лигасымен қош айтысты

О Сансызбай Корреспондент
«Ливерпуль» Чемпиондар лигасымен қош айтысты

Футболдан Еуропадағы байрақты бәсекелердің бірі – Чемпиондар лигасының төрт тобындағы топтық кезең ойындары мәресіне жетті. Назарларыңызға кездесулер нәтижелерін ұсынамыз.

БӨЛІСУ

«А» тобы

Бұл топтағы жағдай өзгермеген қалпы қалды. Пирейлік «Олимпиакос» өз алаңында «Мальмені» соңғы сәтке дейін текетіресіп жүріп жеңгенмен, командаға екінші жолдама бұйырмады. Өйткені, Туриндегі «Ювентус» мадридтік «Атлетико» ойынында тең есеп тіркелді.

Массимилано Аллегри шәкірттері өз алаңында Диего Симоене командасын жеңбесе де, 0:0 есебімен тең ойнап, 1 ұпай еншіледі. Егер ойда-жоқта жеңіліп қалғанда, грекиялық клуб келесі кезеңге шыққан болар еді. Бірақ, «Ювентус» өткен маусымдағы қателігін қайталаған жоқ. Джанлуиджи Буффон бірнеше қауіпті сәтте қақпасын голдан аман алып қала білді.

Пирейдегі «Олимпиакос» пен швециялық «Мальме» арасындағы ойын өте тартысты өтті. Негізінен, грек ұжымының жолын байлаған да, осы команда. Өйткені, Мальмеде өткен алғашқы ойында алаң иелері қонақтарды екі доп басымдығымен жеңіп кеткен еді. Қорытындысында «Олимпиакос» Еуропа лигасының плей-офф кезеңінде өнер көрсетеді.

"A" тобы     Ойын         Жеңіс         Тең         Жеңіліс         Голдар         Ұпай    
1.     Атлетико М 6 4 1 1 14:3 13
2.     Ювентус 6 3 1 2 7:4 10
3.     Олимпиакос     6 3 0 3 10:13 9
4.     Мальме 6 1 0 5 4:15 3


«В» тобы

Бұл топтағы нағыз тартыс «Энфилд» стадионында өтті. Швейцариялық «Базель» ағылшындық «Ливерпульді» тобықтан қақты. Ал мадридтік «Реал» болса топтық кезеңді ұпайдан шашау шығармай аяқтады.

Брендан Роджерс баптайтын «Ливерпуль» өз алаңында «Базельді» жеңе алмай, Чемпиондар лигасынан шығып қалды. Бірінші таймда қонақтардың ойыны жүріп, 1 гол соғып алса, екінші таймда алаң иелері белсенді. Бірақ, Марковичтің алаңнан қуылуы командаға соққы болғаны рас. Стивен Джеррард айып соққысынан таразы басын теңестіргенмен, жеңіске жетуге шамалары жетпеді. Нәтижесінде мерсисайдтық клуб Еуропа лигасында бағын сынап көретін болады.

Мадридтік «Реал» Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ұпай жоғалтпаған жалғыз команда. Соңғы турда болгариялық «Лудогорецті» ірі есеппен жеңді. Криштиану Роналду пенальтиден бір гол соғып, Рауль рекордын (Чемпиондар лигасындағы ең үздік сұрмерген) басып озды. Өзге үш голды Гарет Бэйл, Альваро Арбелоа және Альваро Медран соқты.

"B" тобы     Ойын         Жеңіс         Тең         Жеңіліс         Голдар         Ұпай   
1.     Реал 6 6 0 0 16:2 18
2.     Базель 6 2 1 3 7:8 7
3.     Ливерпуль     6 1 2 3 5:9 5
4.     Лудогорец 6 1 1 4 5:14 4


«С» тобы

Бұл топтағы шешуші ойын Монакода өтті. Жергілікті ұжым ресейлік «Зенитті» екі доп басымдығымен жеңіп, плей-оффқа жолдама алды. Ал аса маңызы болмаған Лиссабондағы кездесуде командалар гол соқпай тарқасты.

«Монако» соңғы турға дейінгі бес ойында екі гол ғана соққан еді. Бүгін «Зенитпен» өткен кездесуде екі гол соғуға шамалары жетті. Екі гол да екінші таймда соғылды. Нәтижесінде ресейлік команда Еуропа лигасында өз ойынын жалғайтын болады.

Өткен маусымда Еуропа лигасының финалына дейін жеткен лиссабондық «Бенфика» бұл маусымда ол жетістігін қайталай алмады. Тең есепті қанағат тұтқан «Байер» топты екінші орынмен аяқтады.

"C" тобы     Ойын         Жеңіс         Тең         Жеңіліс         Голдар         Ұпай   
1.     Монако 6 3 2 1 4:1 11
2.     Байер 6 3 1 2 7:4 10
3.     Зенит 6 2 1 3 4:6 7
4.     Бенфика     6 1 2 3 2:6 5


«D» тобы

Бұл топта аса жоғары маңызға ие ойын өткен жоқ. Өйткені, осыған дейін Чемпиондар лигасына берілер екі жолдама мен Еуропа лигасына барар клуб анықталып үлгерген болатын.

Түркияда лондондық «Арсенал» жергілікті «Галатасарайды» ойсырата жеңді. Есеп 1:4. Лукас Подольски мен Аарон Рэмзи дубль авторлары атанса, алаң иелері сапынан Уэсли Снейдер бір допты еншісіне жазды.

«D» тобының көшін бастап топтық кезеңді аяқтаған дортмундтық «Боруссия» өз алаңында «Андерлехтпен» тең ойнады. Бұл ойында 1:1 нәтижесі тіркелді. Юрген Клопп шәкірттері қатарынан Иммобиле белсенсе, қонақтар қатарынан Александр Митрович таразы басын теңестіріп кетті. 

"D" тобы    Ойын         Жеңіс         Тең         Жеңіліс         Голдар         Ұпай    
1.     Боруссия Д 6 4 1 1 14:4 13
2.     Арсенал 6 4 1 1 15:8 13
3.     Андерлехт 6 1 3 2 8:10 6
4.     Галатасарай     6 0 1 5 4:19 1


Бүгін түнде Чемпиондар лигасының қалған 4 тобындағы соңғы кездесулер өтеді. 

Сурет: AFP