Чемпиондар лигасы. Месси Рауль рекордын қуып жетті

О Сансызбай Корреспондент
Чемпиондар лигасы. Месси Рауль рекордын қуып жетті

Футболдан Чемпиондар лигасының төртінші тур ойындары толықтай аяқталды. Екінші күн қорытындысы бойынша, «ПСЖ», «Порту», «Барселона» және «Бавария» командалары топтан шығу мәселесін шешіп үлгерді.

БӨЛІСУ

Бильбаолық «Атлетик» топтан шығудан үміт үзді

Өз алаңында «Портудан» жеңілген испандық клуб енді Еуропа лигасына бару үшін талас жүргізеді. Плей-офф кезеңінде неапольдық «Наполиді» топтық кезеңге өткізбегенмен, одан кейінгі ойындарда жолы бола қойған жоқ.

«БАТЭ» тағы да ойсырай жеңілді

Донецкілік клуб «Н» тобындағы фавориттердің бірі еді. Оны дәлелдеп келеді. «Шахтер» бірінші ойында беларустық клубты 0:7 есебімен жеңсе, бүгін 5:0 есебімен ойсырата жеңді. Ал топтан шығу мәселесін 90 %-ға шешіп тастады десек болады. Бірінші ойында джокер атанған Луис Адриано бұл кеште хет-трик авторы атанды.

"H" тобы     Ойын         Жеңіс         Тең         Жеңіліс         Голдар         Ұпай    
1.     Порту 4 3 1 0 12:3 10
2.     Шахтер Дн     4 2 2 0 14:2 8
3.     БАТЭ 4 1 0 3 2:19 3
4.     Атлетик Б 4 0 1 3 2:6 1

«ЦСКА» сенсация жасады

Ағылшындық «Манчестер Ситидің» жағдайы қиындады. Өз алаңында мәскеулік «ЦСКА»-дан жеңілген Мануэль Пеллегрини командасы «Е» тобында соңғы орынға сырғыды. Соқыр ұпай иелене алмайды деп болжанған ресейлік клуб топтан шығуға талпынып отыр.

«Бавария» фаворит екенін дәлелдеді

Хосеп Гвардиола шәкірттері төрт тур қорытындысы бойынша топтан шығу мүмкіндігіне ие болды. Өз алаңында «Романы» екі доп басымдығымен жеңген «Бавария» бұл маусымдағы Чемпиондар лигасының басты фавориттерінің бірі.

"E" тобы     Ойын         Жеңіс         Тең         Жеңіліс         Голдар         Ұпай    
1.     Бавария 4 4 0 0 11:1 12
2.     Рома 4 1 1 2 7:11 4
3.     ЦСКА 4 1 1 2 5:9 4
4.     Манчестер Сити     4 0 2 2 4:6 2

«Марибор» Жозе командасынан ұпай иеленді

Словениялық клуб пен «Челсидің» ойын мәнері бір-біріне ұқсас келеді. Қорғаныста жүріп, жылдам қарымта шығу – қос клубтың да басты қаруы. Бірінші болып алаң иелері есеп ашқаннан кейін, «ақсүйектер» таразы басын теңестіруге ұмтылды. Нәтиже теңескеннен кейін, 85 минутта лондондық клубтың алға озуына да мүмкіндік болған. Бірақ, Эден Азар пенальтиден мүлт кетті.

«Спортинг» есесін қайтарды

Екі апта бұрын төреші қателігінен сан соғып қалған «Спортинг» өз алаңында гелзенкирхендік клубтан есесін қайтарды. Нәтижесінде бұл топтағы жолдамаға талас қыза түсті.

"G" тобы     Ойын          Жеңіс         Тең         Жеңіліс         Голдар         Ұпай   
1.     Челси 4 2 2 0 9:2 8
2.     Шальке-04      4 1 2 1 8:9 5
3.     Спортинг 4 1 1 2 8:8 4
4.     Марибор 4 0 3 1 3:9 3

«F» тобының фавориттері жүрісінен жаңылмады

Бұл топта екі жолдама о бастан «ПСЖ» мен «Барселона» командаларына тиесілі деп күтілген еді. Екі клуб та бұл үддеден шыға білді. Париждік клуб өз алаңында «АПОЭЛ»-ден бір доп басымдығымен жеңіске жетті. Ал каталондық клуб болса, Лионель Мессидің дубль орындауының арқасында топтан шығып үлгерді.

Аргентиналық сұрмерген Чемпиондар лигасындағы 90-шы ойынында 71-ші голын соғып, нәтижесін Рауль рекордымен теңестірді. Хави де Чемпиондар лигасында ең көп ойын өткізген ойыншы ретінде Икер Касильяспен иық теңестірді.

"F" тобы     Ойын         Жеңіс         Тең         Жеңіліс        Голдар         Ұпай    
1.     ПСЖ 4 3 1 0 6:3 10
2.     Барселона     4 3 0 1 8:4 9
3.     Аякс 4 0 2 2 3:7 2
4.     АПОЭЛ 4 0 1 3 1:4 1

Сурет:AFP