Головкин мен Рубио ашық жаттығуларын өткізді

О Сансызбай Корреспондент
Головкин мен Рубио ашық жаттығуларын өткізді

18 қазан күні орта салмақтағы WBA (Super) және IBO тұжырымдарындағы әлем чемпионы отандасымыз Геннадий Головкин мен мексикалық Марко Антонио Рубио жұдырықтасатын болады. Осыған орай қос боксшы Лос-Анджелесте тілшілер сұрақтарына жауап беріп, ашық жаттығуларын өткізді.

БӨЛІСУ


Кәсіпқой бокстағы 31-ші жекпе-жегін жерлесіміз Лос-Анджелесте өткізеді. Осы жылы төрт кездесу өткізуді жоспарлап отырған Геннадий үшінші қарсыласын қарсы алар күн де алыс емес. Осыған дейін GGG ганалық Осуман Адама мен аустралиялық Дэниэл Гилді айқын басымдықпен жеңген болатын.

Мексикалық боксшы қазіргі таңда орта салмақта WBC тұжырымы бойынша чемпиондық белбеудің уақытша иегері саналады. Соңғы кездесуін сәуір айында италиялық Доменико Спадаға қарсы өткізіп, мезгілінен бұрын жеңіске жеткен. 34 жастағы боксшы 2000 жылдан бері кәсіпқой бокста бақ сынап келеді. Осы аралықта 62 жекпе-жек өткізіп, 55-інде жеңіске жеткен. 6 кездесуінде жеңіліс тапса, 1 жұдырықтасуын тең аяқтапты. 55 жеңісінің 48-інде қарсыласын нокаутқа жіберген.

Негізінен Геннадий Головкин мен Марк Антонио Рубио арасындағы жекпе-жек 2010 жылдан бері айтылып келген еді. Ақыры қос боксшы рингте жолығатын болды. GGG қарсыласы әлден-ақ жерлесімізге «мексикалық стильдегі» боксты танытатынын айтып отыр. Сонымен қатар, спорттық мансабындағы танымал қарсылас екенін де жасырмауда.

Айта кетейік, бұл кездесуді қазақстандық спортсүйер қауым 19 қазан күні Астана уақытымен таңғы сағат 07:00-де «Қазақстан» және «KazSport» арналарынан тамашалай алады. Жекпе-жек Карсондағы (Лос-Анджелес, Калифорния штаты) StubHub Center аренасында өтеді. Кіру билеттерінің барлығы сатылып кеткендіктен арнайы 300 орын қосылмақ.

Геннадий Головкин мен Марк Антони Рубио жекпе-жегінде бас қазы қызметін калифорниялық Джек Реисс атқарады. Егер, шаршы алаңдағы шайқас 12 раундқа созылса, онда жеңімпаз Рауль КаиссРоберт Хойл және Макс де Луканың берген бағалары бойынша анықталатын болады. Аталған төрешілер АҚШ елінің өкілдері.

Сонымен қатар, «GGG Promotions» 21 жастағы қарағандылық боксшы Руслан Мәдиевті де таныстырды. Ол андеркарт кезінде мексикалық боксшы Джоан Валенсуэламен жұдырық түйістіретін болады.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com