Жаз демалыс пен ертегіні ала келді!

Жаз демалыс пен ертегіні ала келді!

Астана оқушылары жазғы демалысты 7 маусымда «Астана Опера» театрының Камералық залында өтетін «Петя және қасқыр» симфониялық ертегісімен қарсы алады!

Ертегінің бір ерекшелігі, басты кейіпкері пионер Петяның қызықты оқиғалары актерлердің ойынымен емес, музыкалық аспаптардың аккорды арқылы баяндалатын болады. Ертегідегі әр кейіпкердің өз музыкалық тақырыбы бар, оны мәтінді оқитын адам айтып береді, осылайша кішкентай көрермендер қай аспаптың қандай кейіпкерді келтіретінін түсіне алады. Негізі, бір көргеннен-ақ балалар Үйрек-гобойды және Қасқыр-валторнаны ажырата алады деуге болады, бұл ретте оларға костюмдер мен театрланған атрибуттар да көмектеседі.

Симфониялық ертегінің желісі бір қарағанда қарапайым көрінгенімен, әр ертегіге тән астарында терең өнегелі өсиет жатыр. Петя зұлым қасқырдан өзінің достарын құтқарып, орманды қауіптен құтқарған әрекетімен өзіндей мыңдаған балаға үлгі болады.

Туынды авторы, аса көрнекті композитор Сергей Прокофьевтің негізгі мақсаты - балаларға аспаптарды таныстырып, солардың бойындағы қиялды ояту. Мысалы, Петяны ішекті аспаптар, әсіресе, скрипкалар келтірсе, құстың даусын жоғарғы нотада флейта салады, гобой үйрек болып кеңкілдейді, пырылдап құсқа қарай жасырынып барған мысықты кларнет келтірсе, бас кейіпкердің атасын фагот салады. Қасқырды үш валторна ойнаса, ал барлық ұлдар ұнататын аңшыларды литавралар мен үлкен дабылдар келтіреді.

Симфониялық ертегі «Астана Опера» театрының Камералық оркестрі дирижерлері Рақымжан Баспаев пен Руслан Баймурзиннің басқаруымен көпшілік көрерменге ұсынылады. Ал мәтінді Сәуле Мәулетова мен Төлеген Назарбеков оқиды.

Симфониялық ертегі екі тілде: 11.00 - орысша, 15.00 қазақ тілінде орындалады. Билет бағасы 500 теңгені құрайды.

Сурет: "Астана Опера" баспасөз қызметі

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina