Шығысазиялықтар Ақ күнді атап өтуде

Жапония, Корея мен Тайвань 14 наурыз күнін ерекше атап өтеді. Ақ күн деп аталатын бұл мейрам 14 ақпан – махаббат күніне өзіндік «жауап» іспеттес. Өйткені бұл елдерде 14 ақпан күні қыздар жігіттерге сыйлық ұсынса, ал 14 наурызда жігіттер қыздарға сыйлық тарту етеді.

Ақ күн ресми мейрам саналмағанымен, халық арасында кең етек жайған. Бұл мейрамның тарихы 1965 жылдан бастау алады. Сол жылдың 14 наурызында жапон кондитерлік компанияларының бірі ерлерге 14 ақпан күнгі алған шоколадқа зефирмен жауап беріңдер деп ұсынып, жарнамалық акция ұйымдастырған.

Өйткені, Жапония және тағы басқа Шығыс Азия елдерінде 14 ақпан – Ғашықтар күні қыздар ғана жігіттерге шоколад ұсынып, құттықтайтын болған. Әрі шоколад тек ғашықтарға ғана емес, әріптестер, бастықтар және басқа да таныстардың бәріне сыйланады. Әріптестер мен таныстарға сыйланатын шоколад Giri Choco деп аталады, ал сүйіктісіне ұсынылатын шоколадтың атауы - Honmei Choco.

Қыздар да сыйлықтан құр қалмасын деп осы Ақ күн мерекесі ұсынылған және ол ғашықтар мерекесінен бір ай өткен соң – 14 наурызда атап өтілетін болып халық арасында қабылданған. Ғашықтар күні Giri Choco алған жігіт, барлық құттықтаған аруларға міндетті түрде жауап ретінде сыйлық ұсынуы тиіс.

Ақ күнде тек ақ түсті сыйлықтар тарту етіледі. Әдетте «жауап» сыйлық ретінде әріптестер мен таныстарға ақ зефир, ақ шоколад ұсынылады. Ал сүйіктілеріне ақ алтын, әшекейлер немесе киімдер сыйға тартады. Сонымен қатар, Жапонияда Ақ күнде тарту етілетін сыйдың бағасы Ғашықтар күнінде алған сыйдың бағасынан 2-3 есе артық болу керек деген жазылмаған заң бар.

Ал Кореяда үштік мерекенің соңы сәуір айының 14-і күні - Black day, яғни Қара күнмен аяқталады. Бұл күні алдыңғы айларда тәттілер мен сыйлықтарға кенелмеген жалғыз басты қыздар мен жігіттер бірге жиналып, қара соустағы лапша жейді – мерекенің де атауы осыдан шыққан.

Жалпы корейліктер үшін «14» саны киелі десек те болады. Жандары романтикаға құмар корейліктер 14 мамыр күні Раушан күнін атап өтеді, бұл күні ғашықтар сары түсті киім киіп, бір-біріне раушан гүлін сыйлайды. 14 маусым – Сүйісу күні, 14 шілде – Күміс күні: ғашықтар бір-біріне күміс әшекейлер тарту етеді, 14 тамызда корейлер жасыл киім киіп, жасыл бөтелкедегі ұлттық сусындары соджуды ішуге жиналып, Жасыл күнді атап өтеді. 14 қыркүйек – Суретке түсу мен ән салу күні, бәрі әдеттегідей жиналып, караокеге аттанады, ал 14 қазан – Шарап күні болса, 14 қарашада Кино күні деп, кинотеатрларға барады. Он төртінші желтоқсанда Оңтүстік Кореяда бәрі бір-бірімен құшақтасып, шұлықтарды сыйға тарту етеді, өйткені бұл күн Құшақтасу және шұлық сыйлау күні. Қаңтардың 14-і Күнделік күні деп белгіленген: ғашықтар күнделіктерімен алмасып, бір-бірлеріне құпияларын ашады. Осылайша жыл бойы бір-біріне қамқорлық пен ілтипаттарын көрсетіп, ай сайын өз-өздеріне мереке жасап отырады.

Сурет: www.japancrush.com

Дайындаған: Анар Мұстафина

Оқи отырыңыз:

Әлемнің ең қызықты мерекелері