«US Open» турнирінде Флавия Пеннетта жеңімпаз атанды (видео)

О Сансызбай Корреспондент
«US Open» турнирінде Флавия Пеннетта жеңімпаз атанды (видео)
Фото ©️ vk.com

«Үлкен дулыға» санатына жататын АҚШ ашық біріншілігінің («US Open») әйелдер арасындағы жеңімпазы анықталды. Финалда Роберта Винчиді жеңген Флавия Пеннетта чемпион атанды.

БӨЛІСУ

Флавия Пеннетта спорттық мансабында алғаш рет «US Open» турнирінде топ жарып отыр. Жарыс алдында италиялық теннисші басты фавориттердің бірі емес болатын. Жартылай финалда Симон Халепті жеңсе, финалда отандасы Роберта Винчиді ұтты. Бірінші сетте тай-брейкте қарсыласынан басым түссе, екінші сетті 6:2 есебімен аяқтады.

Италиялық теннисші «US Open» турнирін 33 жасында жеңіп алды. Нәтижесінде турнир тарихында чемпион атанған ең егде теннисші атанды.

Флавия Пеннетта ең ірі жетістігінен кейін спорттық мансабын аяқтағанын хабарлады.

- Бұл менің корттағы соңғы ойыным болды. Спорттық мансабымда мені қолдаған барша жанкүйерлерге алғысымды білдіремін. Маған үлкен қуаныш сыйлаған жандарға рахмет айтамын, - деді теннисші финал соңынан.

Айта кетейік,  «US Open» турнирінің әйелдер арасындағы жұптық сынына қазақстандық Ярослава Шведова да шыққан болатын. Аустралиялық Кейси Деллакуамен жұп құрап өнер көрсететін отандасымыз бүгін швейцариялық Мартина Хингс пен үндістандық Саня Мирзаға қарсы ойнайды.