Наурыз - рухани жаңғыру мейрамы
жеке
блог

Наурыз - рухани жаңғыру мейрамы

 Қаһарлы қыс кетіп, қар еріп, көктем сазы біліне бастаған кезде жыл сайынғы дәстүр бойынша ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі келіп жетеді. Түркі халықтарының жаңа жылына айналып кеткен бұл Наурыз мерекесі көнеден келе жатқан мереке болғандықтан, біз үшін этнографиялық құндылық. Себебі бұл күні қазақтың ұлттық ойындары ойнатылады, ұлттық тағамдары дастарханға қойылады, дәстүрлі әндер шырқалады, басқаша айтқанда ұлттық құндылықтарымыз бір күнге қайта жаңғырады. Күн мен түн теңесетін Наурыз мейрамын тойламайтын жан кемде-кем.

Наурыз мерекесін қазақтың жаңа жылы деп жатады. Себебі қыстан аман шыққан халық көктем шыққанына қуанып, Наурызды атап өтеді. Жаңа жылда адамдар жамандықты артқа тастап, өкпе-ренішті ұмытады. Тіпті жан-жануарлардың өздері қайта түлей бастайды емес пе? Ата-бабаларымыз жаңа жылды тегіннен-тегін дәл осы күні тойламаса керек.

Өз басым қазіргі таңда наурыз мерекесінің тойлануына көңілім толмайды. Бұның бірнеше себептері бар:

Біріншіден, көпшілік наурыз мерекесінің негізгі идеясынан, тәрбиесінен бейхабар. Тек қана қала тұрғындары қаладағы ойын-сауық орталықтарындағы көрмелерді, концерттерді, басқа да іс-шараларды қызықтап қайту үшін ғана тойлайды. Көпшіліктің арасында микрофон немесе сөз кезегі өзіне тиген адам ғана «жаңа жылда жамандықты артқа тастайық» немесе «осы жылы молшылық болсын» дегенімен,жаңашылдықты, жаңа бастаманы күтіп жүрген ешкімді көргенім жоқ. Демек, бұл мерекені негізгі идеясынан айырылған, тек қазақ халқының этнографиясын ұмыттырмау мақсатында ұйымдастырылған бір күндік іс-шаралар жиыны деп атауға тура келіп отыр.

Екіншіден, бұл мереке жыл сайын қадірін жоғалтып, жалпыхалықтық мереке деген атауынан жаңылып бара жатқан сияқтанады. 

Үшіншіден, «Наурыз – қазақтың жаңа жылы» дегенді көңіліне тоқып алған көптеген адамдар Аяз атаның орнына – Қыдыр атаны, шыршаның орнына -  киіз үйді, шыршаның ойыншықтарының орнына - киіз үйдің ішіндегі қазақы нақыштағы бұйымдарды қойса, ал жаңа жылдық кәмпиттерді жеті түрлі дәм араласқан көжемен алмастырып алған. 

Менің ойымша, наурыз мерекесін тойлаудың жөн-жосығын қайтадан бір парықтап алғанымыз дұрыс-ау. Ал осы мерекені қайта жаңғырту мәселесінде менің алып-қосар ұсынысым бар. 

  Наурыз мерекесі кезінде тігілетін киіз үйлердің санын азайту керек. Аталмыш мереке өтіп жатқан аумаққа тек санаулы киіз үйлер орнату керек. Қазақы нақыштағы бұйым толы киіз үйлер жай ғана көрсетілімде тұрмай, сол бұйымдар халыққа таныстырылуы керек.  Киіз үйдегі бұйымдарды тәпіштеп таныстыруды қазақ этнографиясынан терең білімі бар адамға тапсыру керек.

  Наурыз мерекесінің атап өтілуіне байланысты сіз қандай тың идея қосар едіңіз?