Ересек қыз

Ересек қыз
жеке
блог

Группаласым һәм әріптесім Қарлыға Бүйенбайдың "Шал сүйген қыз" атты болгынның соңында "Өзіңізден біраз жас үлкен адамға ғашық болып көрдіңіз бе?" деген сауал тасталған екен. Жауап жазбақ болып оқталдым да, ойымнан қайтып қалдым. Сосын одан да жеке блогыма жариялайыншы деген ой келді. Мынау өлең - өзі онша ұнамаса да жақсы бір досымның өлеңі еді. Сіздермен бөлісе отырайын. Досымнан бұл өлеңнің шығу тарихын қанша сұрасам да, жауап берген емес. Неге екенін бір Құдай білсін. Естуімше алғаш баспасөз бетінде жарияланғанда да біраз таныстары қызығыушылық танытыпты. Ол болса жақ ашпайды. Әлі солай. Олай болса өлеңін оқып көрейікші...

Ересек қыз

 

Сенделген сезімдердің егесі ек біз,

Ел үшін айтылатын бір өсекпіз.

Сіз мені бір елемей қойдыңыз-ау,

Санамды сабылдырған, Ересек қыз.

 

Жанардан мұңды жасым тамса жайсыз,

Ұрысып, жүрегімді паршалайсыз.

Шынашақтай баланың сүйгендігін –

Паңданып, өзіңізше ар санайсыз.

 

Біз жайлы маздағасын ел өсегі,

Жұбатып: “қайтесің” – деп жел еседі.

Өзімнен үлкен қызды сүйіп қалсам,

Бұл менің – есерлігім емес еді!

 

Іздеген бағымыздың елесі егіз.

Сезімнің майданында егесеміз.

Мен сізге қорғаныш та бола аламын,

“Алты жас кішісің ғой демесеңіз...”

 

Бақытты боламын деп басқаменен,

Қашқақтап жүргендейсіз босқа менен.

Қайтесіз құр қырсығып, білесіз ғой,

“Махаббат қарамайды жасқа деген”

 

Кей сәтте бір үмітті артасыз да,

Алдайсыз, түлкі сынды жортасыз да.

Сіз әлде менің қарыс құшағымда,

Жылынбай қаламын деп қорқасыз ба?

 

Мен сізді әр сөзіме сенсін деп ем,

Адасып баратырмын елсізбенен.

Телміріп көзіңізге қарай берем,

Бейкүнә сезімімді менсінбеген...

Сурет: kartinki24.ru