Ескішеһир.Түрквижн. Ринго

Ескішеһир.Түрквижн. Ринго
жеке
блог

Сәлем, достар! Дәм-тұз бұйырып Түркияның Ескишеһир қаласын көруге мүмкіндік туды. Басты мақсат – биыл алғаш рет ұйымдастырылған Түрквижн  байқауына еліміздің атынан шыққан Ринго тобына қолдау білдіру, жанкүйер болу.  

Жұма күні түнгі бірде  шығып кеттік. Таңертең қалада болып, кешке дейін қаланы қыдырып, кешке концертке кіреміз деп жоспарладық.  Қолымызда жиырма билет бар. Жиналғаны он жеті студент. Әрине, қалта көтерсе барлығы барғысы келеді.  Измирдегі «Қазақ мәдениет орталығның» басшысы Чаглар Ербек мырза жол қаражатының жартысын көтеріп арнайы көлік тауып берді. Рақмет!

Таңғы жетілерде Ескишеһирде болдық. Измирдің жылы ауа-райына үйреніп қалған біздер, тұманды, ызғарлы, суық жерді көргенде біраз абыржып қалдық. Измирдің желіне арызданғанымыз – тәлпіштік екен. )) Сол қалада оқитын қазақ студенттер қарсы алып, үйлерінде күтті.

 Шағын қала. Ескісін қайдам, жаңа әрі әдемі, сәнді көп қабатты үйлер көп.


Бір байқағаным, мұнда жаңа жыл мерекесінің лебі көбірек сезіледі. Қай жерде болмасын безендірілген жасыл шырша, Аяз ата, жаңа жылдық безендірулер.


Көретін жер, ішіп-жеуге тұрарлық не бар екенін алдын-ала интернеттен қарастырмаппын.  Емтихан деп жүріп ұмытылып кетті. Тамақтануға бір-екі кафеге бас сұқтық. Ескишеһирдің мәшһүр тағамын сұрап едім, даяшы бас шайқады. Осы біздің Қазақстанда да жоқ қой ондай. Тек, Шымкент – самса, палауымен, Алматы –апорт, ұйғыр лағманымен, Қызылорда – Сыр күріші, нан салмасымен ерекшеленбесе. ))  Артынан біліп жатырмыз, мұнда Нуга тәттісі мен чийбөрегі танымал екен. 

Әдеттегідей жүрген жерім комедия ғой. Ескишеһир – ұмытылмайтын біршама оқиғасымен есте қалатын болады. Тамақ ішуге бір кафеге кіргенбіз. Мен саңырауқұлақ қосылған тауық тағамына тапсырыс бергем. Даяшы тағаммен қосып  «нар суын» әкеліп берді. Мен қайдан білейін, ішетіндерден шәйге ғана тапсырыс бергем, «нар суы» салатқа қосатын анар қышқылы (соя сияқты болады) екен деп ойлап, алдымдағы салатқа біраз тамыздым да жеп алдым. Тамаққа қосайын десем, еш қисыны келмейді. Есеп айырысатын кезде бір-ақ білдім. «Нар суы»  – анар қышқылы емес, кәдімгі анар шырыны екен. Даяшы тапсырыстан қателік жіберген. Оқасы жоқ, шырын қосылған салат та жаман емес сияқты. ))


Қаланы аралап жүріп, Ескишеһирдің символы белгіленген магниттерге көзім түсті. Ердей келген соң мен де алайын деп ойладым. Сол сәтте бір-ақ еске түсті Қожанасырдың туған жері екенін. (Хорту деген жерінде ескерткіші бар-мыс.) Ақшасын төлеп шыққанша жанымдағылардан көз жазып қалдым. Топпен жүргеннің бір жаман жері осы ғой. Олар да түгелміз деп ойлаған. Телефоным бір-екі күн бұрын жабылған. (Түркияда шет елден келген телефондарды салығын төлеп, тіркетуің керек. Ол үшін Түркия паспорты сияқтанған құжат пен нөмірі керек. Оларды алу үшін бір ай күттім. Бір айдың ішінде тіркетуге кешігіп қалғандықтан телефон да жабылды. Негізі телефонды Түркиядан сатып алған дұрыс екен. Салығы қымбат, сол бағасы шығып кетеді бәрібір. Қарапайым дымы жоқ телефонның өзі он мың теңгедей тұрады.) Не керек, ары-бері іздеп таба алмадым. Мейірімді адамдар көп қой, солардың көмегімен достарға хабарласып, үйіріме қайта қосылдым. Ақыры Ринго үшін келдік қой деп, топ мүшелерімен кездеспекші болғанбыз. Бірақ олар баспасөз мәслихатында отыр деген хабар алдық. Қаланың сауда орындарын аралап жүріп әнші Марат Омаровты көзіміз шалып қалды. Жанына баруға үлгермей қалдым.

Дайын сервиспен Анадолы университетінің спорт салонына келдік.


"Turkvision" байқауының символы - тауыс құсы болды.

Ішке кіру үшін кезекте тұрмыз

Түркияның арғысы Анкара, бергісі Стамбул, Измир, Кония және т.б. қалалардан жиналған қазақстандық студенттердің саны жетпіске барып жығылады. Барлығы өз қаражатымен келген. Залдың екі қанатына жайғастық. Ұранымыз «Қазақстан. Ринго. Алға». Ақылдасып барлығымыз бірдей айқайлап, конкурс аяқталғанша туды жықпай тұрдық. Бізді көріп Түркияның жанкүйерлері де шулап қояды. )) Арамызда түркиялық түріктерден Ринго тобының жанкүйерлері де бар.


Сахнаның оң жағындағы қазақстандық жанкүйерлер

Түрквижн ән байқауына қатысқан түркі тілдес 24 мемлекет ішінен финалға өткендері 12 елдің өнерпаздары болды. Әділқазылар ішінде бізден Қыдырәлі Болманов бар. Елшіміз Ж.Түймебаевты да көзіміз шалып қалды залдың ішінен. Ең болмағанда үшінші орын алатынына кәдімгідей сенімді едік. Тоғызыншы орынға сырғып бара жатқанда жанымыз күйіп кетті. Түркия өз елінде өтіп жатқан соң орын алмайтыны босамаса белгілі. Қазақ-қырғыз туыстығындай, түріктердің әзерилерді қаншалықты жақын тартатынын сол залдың аурасынан байқауға болады. Әділ өткен жоқ деген әңгімелер де шығып үлгерді. Кім білсін?! Жанкүйер боламыз деп, өз еліміздікіне сын көзбен қарап, бағалауға еш мүмкіндік болған жоқ. «Әркімдікі өзіне, ай көрінер көзіне» дегендей болды. Өз басыма Ресей Федерациясына жататын Алтай Республикасынан келген Артур Марлужоковтың  дауысы ұнады. Онда операға лйықты дауыс бар. «Алтайым менің» деген әнді шырқады. Негізі Заттыбекті апарсақ та болады екен. Несі бар, Косовадан Ергин Карахасан деген деген әнші де қатысты ғой. )) Жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орын алатын Қазақстан, сол тоғызыншы орынды иемденіп қайттық. Аздап көңіл түсті. «Сонша тамақтарың жыртылып айқайлағанда, үміттерің ақталмады ма?!» деген залдағы кейбір көрерменнің әжуа аралас күлкісі жығылған үстіне жұдырық болды. Еңсемізді түсірмедік.


Алғаш рет ұйымдастырылып отырған бұл байқаудың болашағы зор деп ойлаймын. Болашақта Евровидение байқауыннан асып түспесе кем түспейді. Келер жылға үміт артамыз.  Соңында қайтуға жиналып тұрғанбыз. Ринго тобы бізді көргісі келетінін жеткізді. Бардық, жүздестік. Жанкүйерлерге алғыстарын айтты.


Біз де «Ең үздігі - Ринго» деп, қолдау білдірдік. Қазақстанның туы бар футболкамызға риза болды. Топтың бір мүшесі де өзінде Қазақстан деген жазуы бар футболка барын айтып, көрсетті. ))

Артында тұрған анау Тефик деген түрік жігіт те Ринго тобы үшін Анкарадан келіпті. Конкурстың басында оларға қалай жолықсам болады деп жүрген. Ақыры кездесіп, қолтаңба алып алыпты. :))

Айтпақшы, бағанағы Марат Омаров та сол жер де жүр. Құтты бір әкеміздей, сондай қамқор.  :)



 Видеоға түсіріп алған едім Рингоның шыққан сәтін. Біздің айқайымыздан естілмейтін сияқты бірақ.