ОРЫС ТІЛІНІҢ СОҢҒЫ ҮМІТІ – ҚАЗАҚСТАН

ОРЫС ТІЛІНІҢ СОҢҒЫ ҮМІТІ – ҚАЗАҚСТАН
жеке
блог

Иә, кезінде әлемнің тең жартысына үстемдік еткен орыс тілінің аясы тарылып барады. Таралуы жағынан күллі әлемде өз позициясынан айырыла бастады. Орыс тілі – әлемде 100 миллионнан астам сөйлеушісі бар қытай, испан, ағылшын, бенгал, хинди, португал, жапон секілді сегіз ірі тілдің бірі. Бұл сегіздіктің тілінде бүгінге дейін 2 миллиард 400 миллион адам еркін сөйлеп келді. Бірақ мамандар орыс тілінің ықпалының жыл сайынғы төмендеуі салдарынан алдағы он-он бес жылдың ішінде бенгал және португал тілдерінен кейінгі орынға түсетінін айтып отыр. Ресей Федерациясының Білім және ғылым министрлігінің әлеуметтік зерттеулеріне сенсек, Батыс Еуропа елдерінде қазір орыс тілін тек 225 мың адам ғана оқиды екен. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында бұл көрсеткіш 550 мыңнан асатын. Яғни, 20 жылдың ішінде орысша сөйлейтіндердің санының екі есе төмендегенін көруге болады. Тіл тарихын зерттеуші мамандар алдағы он жылдың ішінде әлемде орысша сөйлейтіндердің саны 152 миллионға дейін төмендейтінін айтып отыр. Бұл үрдіс, әсіресе, Орталық Азия елдерінде қатты байқалуда. Соңғы жиырма жылдың ішінде кезінде одақтың аясында болып келген мемлекеттердің түгелге жуығы орыстану синдромынан арылып, «Пушкин тілінен» бас тарта бастады. Орыс тіліне байкот жариялап, қара есекке теріс қаратып отырғызып үлгерген елдер қатарында Балтық бойы мемлекеттері, Әзірбайжан, Грузия мен Түркіменстан бар. Аталмыш мемлекеттер орыс тілінің озбырлықпен таңылғанын ерте түсініп, қажетсіз тіл екенін аңғара бастады. Лицейлер мен колледждерде орыс сыныптары жаппай жабылып жатыр. Балтық жағалауындағы елдер оқу бағдарламасынан орыс тілін мүлдем алып тастады. Грузияда да солай. Бұл елде 1991 жылдан орыс тілі оқытылмайды. Ал Өзбекстанда Тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері қарай билік өзбек тілінің дәрежесін жоғарылату мақсатында алуан түрлі ұлттық бағдарламалар қабылдап жатыр. Ел президенті Ислам Каримов тәуелсіздік жарияламай тұрып-ақ, өзбек тілін мемлекеттік тіл деп жариялаған болатын. Ресейлік басылымдарды енді кез-келген дүңгіршектен сатып ала алмайсыз. Онда ресейлік телеарналарды тек спутниктік табақшалар мен кабельдер арқылы ғана тамашалай аласыз. Оның өзінде ақшасын төлейсіз. Білім беру жүйесі өзбек тілін оқытуға ден қойып отыр. Ал,Түркіменстанда президент Сапармұрат Ниязов 1991 жылы алғаш болып әліппиді кирилшеден латынға ауыстырған еді. Тәжікстан, Украина елдерінде де осындай жобалар жасалып жатыр. Жақында бұл қатарға Қырғыз елі қосылды. Қырғыздың Жогорку Кенеш депутаты Урмат Аманбаева: «Ел Конституциясында жазылған «орыс тiлi – ресми тiл» деген жолдарды алып тастап, мемлекеттiк тiлге басымдық беру керек», – деп мәлімдеме жасады. «Бiзде қырғыз тiлiнде интеллектуалы өте жоғары, сауатты жастар өте көп. Өкiнiшке қарай, оларға көбiне орыс тiлiн бiлмеуi кедергi, кесiрiн тигiзуде. Мемлекеттiк деңгейдегi жиындарда осындай азаматтарымыз сөз сөйлеп, пiкiр бiлдiре алмайды. Себебi, ресми жиынның барлығы орыс тiлiнде өтедi. Егер осындай кедергiлер болмаса, елiмiз маман тапшылығына ұрынбас едi», – дейді Урмат Аманбаева. Урмат ханымның ұсынысы әріптестері тарапынан үлкен қолдау тауып, мемлекеттік деңгейде талқыланып жатыр. Оның үстіне бұған саяси оқиғалар да әсер етіп отыр. 1991 жылдан бері Түркіменстандағы орыстардың үштен екісі елден көшіп кетсе. Өзбекстанда орыстілді тұрғындардың тең жартысы, ал ұзақ уақыт азамат соғысын бастан өткерген Тәжікстандағы орыстілді тұрғындардың 80 пайызы Ресейге қайта көшіп кетті. Орыс тілі бұл елдерде шет тілі ретінде сұраныс жағынан төмендегені соншалықты, ағылшын тілі деңгейінен де қалып қойған. Сондықтан да болар, ресми орыс билігі тілдік үстемдіктен айырылып барамыз деп дабыл қағып жатыр. Ресейдің Білім және ғылым министрлігінің: «ТМД және Балтық елдерінің көпшілігінде ол тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ана тіліндей қолданылса, кейінірек – екінші тілі ретінде, одан кейін – ұлтаралық тіл ретінде, соңына қарай – ұлттық азшылықтың тілі ретінде ғана қалуы мүмкін. Тіптен, факультативті тіл болып қалуы да мүмкін!», – деп жанұра шу көтеруі де осыны аңғартса керек. Бір ғасырға жуық уақыт үстемдікке ие болған орыс тілін тұғырынан тайдырып алмас үшін ресми Мәскеу жанталасып жатыр. Мәскеудегі шенеуніктер орыс тілін мектептер мен биліктің негізгі тілі ретінде уағыздап әлек. Ресейдің патриархы Кирилл Мәскеуде өткен Орыс әлемінің үшінші Ассамблеясында британ қауымдастығы сияқты орыс тілі мен мәдениеті біріктірген кеңістіктің барлығын «орыс әлемінің елдері» деп атау керек деп ұсыныс тастады. Ол аздай Ресейдің Сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Яковенко: «ТМД елдерінің барлығында орыс тіліне екінші мемлекеттік тіл мәртебесін алып беру қажет. Ол үшін қолда бар мүмкіндіктердің барлығын пайдаланып, аянбай жұмыс істеу керек», – деп мәлімдеме жасады. Бұл нені білдіреді? Әрине, 1930 жылдары Кеңес одағы Орталық Азия елдерін өздері соған дейін қолданып келген жазу жүйесінен бас тартып, кирилл әліпбиіне көшуге мәжбүрлеу саясатының құлдырауға бет алғанын байқатады. Орталық Азияда қостілді екі мемлекет қана бар. Бірі – Қазақстан болса, екіншісі – Қырғызстан болатын. Алайда ол да орыс тілінің қадамын тұсап, өз тілін еркіндікке жібере бастады. «Үмітсіз – шайтан», – деген ғой, құдай бұйыртса, біз де осындай тіл тәуелсіздігіне жетерміз... Тіл-дерек: 1980 жылғы есеп бойынша, әлемде тірі тілдердің саны 6000 мен 7000-ның аралығында болды. 1992 жылы шыққан халықаралық лингвистикалық энциклопедияда әлемде 6300 тірі тіл бар деп жазылған. Әлемдегі жоғалып бара жатқан тілдердің 28 пайызының 1000-нан сәл асатын сөйлеушісі бар. Мысалы, Ауғанстандағы тарихи тілінде сөйлейтін 100 адам ғана қалған. Арменияда ломаврен тілінің сөйлеушісі тіпті 50-ден аспайды.