Жаңа жылда жаңа өмір! (Кезексөз)

Жаңа жылда жаңа өмір! (Кезексөз)
жеке
блог

Балалық па, шалалық па әлде жалқаулығым ба, шаруасын уақыт тақалғанда бітіретін қазақылығым ба ол жағын білмедім, әйтеуір өмірім өзіме ұнамай кетсе, болды Жаңа жылдан бастап жаңа өмір бастаймын, мен өзгеремін деп өзіме уәде беремін. Бір қызығы тізгін ұстайтын жасқа келсем де, осы әдетім қалар емес. Бұл жағдай сіздердің де бастарыңызда бар шығар. Әрине, көзді жұмып, ертесінде оянып жаңа өмір бастау – оңай шаруа емес. Біреулердің қолынан келсе, енді біреулері қиналып жатады. Бастысы бұл ойымыздан бас тартпай, қажетсіз естеліктермен қоштаса білу керек сияқты. «Қамшының сабындай қысқа ғұмыр» деген сөздер жауыр болып кетсе де, сол өмірімде сүйікті істеріммен айналысып, қайғы мұңнан аулақ жүруді жөн көрмекпін. Жаңа достармен танысқым келеді, танысып жатқаныма да қуаныштымын. Көпшілік ойлайтындай жаңа өмір бастау деген өмірден ескі достар мен күнделікті қарым-қатынаста жүрген адамдарды сызып тастау емес, керісінше сол адамдарды бағалай білу, ал жаңа достар табылып жатса, таныстықты нығайта түсу. Өткен қателіктерден сабақ алып, оларды екінші мәрте қайталамау. Жаңа өмір бастау бір күннің ішінде ғана болмайды. Ол ұзақ уақыт пен қажырлы еңбектің жемісі. Сол себепті Жаңа жылға дейін әлі де 14 күн бар екендігін ескеріп, жаңа кезексөз бастамақпын. Бұл кезексөзде алдымыздағы жылы міндетті түрде орындалуы тиіс 5 жоспарымызды және бір-бірімізге айтар 5 жүрекжарды кеңесімізді жазсақ деймін. (Мақсаты - көпшіліктің алдында өзімізге берген уәдеміз міндетті түрде орындалуы тиіс, өзіңізден болмаса да Массагеттіктерден ұялғандықтан, ал кеңестеріміз арқылы ортақ тілегіміз де пайда болады деген ойдамын).


Олай болса, өзіме:

1) «Ертең де күн бар ғой» деген жалқаулықтан арыламын

2) күніне ағылшын тілінен 10 сөз жаттап тұрамын

3) шақырған жерге, әсіресе Айгеріммен (Сматуллаева) бірге баратын жерге уақытында барамын

4) сүйікті ұстаздарымның берген тапсырмасын уақытында орындап, соңына дейін жеткіземін

5) күніне 1000 бет кітап оқитындай дәрежеге жетемін деп талап қоямын!

Жүректен жүрекке жетер сөз:

1) Әрдайым ата-анамыздың көңілінен шығатындай іс-әрекеттер жасайық.

2) Әр күнімізді соңғы күндей өткізейік.

3) Мүмкіндік пен уақыттың қайта айналып келмейтіндігін жадымызда ұстайық.

4) Бала, оқушы, студент, қайыр сұраушы, бастық, президент болсақ та, ең бірінші кезекте адам екендігімізді ұмытпайық.

5) Сабақ, жұмыс деп дамылсыз шауып жүріп, денсаулық пен құдіретті махаббатты қадірлеуді ұмытып кетпейік.