Поэзияны түсінбеймін...

Поэзияны түсінбеймін...
жеке
блог

Күнделікті әдетім бойынша, массагеттегі жаңа блогтарды ашып қараймын, өлең күйінде жазылғанын көрсем, жаба саламын. (Ақын-блоггерлерден кешірім сұраймын) Себебі, поэзияны суқаным сүймейді. Өлең жолдарын оқып көргім-ақ келеді, бірақ оқи бастағаннан, әріптер көз алдымда билей жөнеледі... Әзер тауысамын, немесе соңына дейін оқуға төзімім жетпейді. Әсерлі өлеңдерді жаттап алу, той-жиында өлеңдетіп сөз сөйлеуді тіпті айтпай-ақ қояйын. Топ арасында ақындардың шығармалары жайлы сөз қозғалса, үнсіз, терезеге қарап отыра беремін.

Алғаш журналистикаға түсіп, тобыммен таныса бастағанда, «бос уақытымда өлең жазамын», «Абай, Шәкәрім оқуларына қатысқанмын», «мына ақындарды сүйіп оқимын» деген студенттерді көріп, өзімнен-өзім қуыстанып жүретінмін. Өлең жазбақ түгілі, мүлдем поэзия оқымаған адамнан қай бір жақсы журналист шығады деп. Бірде Ерболат ағайдың (Е.Қамен) сабағында осы тақырып сөз болды, сонда ағай: «ақынжанды журналист қарапайым ақпараттың өзін дұрыс жаза алмай, қиялға беріліп кетеді, жалпы газет журналистінің өлеңге жақын болмағаны дұрыс», деген еді. Көңілім біршама көтеріліп қалған сол кезде.

  Поэзияны ұнатпайтын жалғыз мен емес екенмін. Ойымды айтқызбай түсінетін гугл досыма жүгінгенімде, «Метрофобия» деген ұғым тауып алдым. Метрофобия – поэзиядан қорқу, өлең жолдарын оқи алмау. Басқа да ақылға қонымсыз фобия түрлерін кездестірдім, ол жайында келесі жазбамда жазармын. Алла түн тыныштығын берсін!!!   

Р/с: Түн ортасынан ауды. "Әлем әдебиеті" сабағынан Гете шығармаларын оқып келуді тапсырған. Қолымда «Фауст» кітабы. Не жазғанын түсіне алар емеспін...Frown