«Бәріне жеңілдік қарастырылған»

«Бәріне жеңілдік қарастырылған»
жеке
блог

Көшеде жүрген адамның көзі әлбетте көздің жауын алатын жарнамаларға толы дүкендерге түседі. Оны жанынан жай көзбен сүзіп өтіп, кете бермейміз, әрине. Кереметтей дүкенге кіріп, жиған-тергеніңе, әйтеуір, бірдеңені алмай шықпайсың. Жаппай сатылымдар науқаны әр маусымның соңында барша дүкендерде жүргізілетінін барлығы біледі. Десек те, оның пайдасы мен айласы туралы не білеріңіз бар?  

         Қазіргі таңда бәсекелестік өте жоғары деңгейде. Тұтынушыларды тарту мақсатында дүкендердің барлығы өз жарнамаларын жасап әлек болады. Себебі, жарнама жоқ жерде тұтынушы да болмайды. Ал, жарнаманың өзі түрлі себептерге байланысты жүргізіледі. Бірі мерекелерде, енді бірі әр маусымның ауысуына орай деген секілді. Дегенмен, жарнаманың барлығына сене беруге де болмайды. Жер-жерде ілінген жарнама тақтайшаларынан «Барлық тауарларға 90% жеңілдік», «50 мыңға сауда жасап, 10% жеңілдікке ие бол», «Тұрмыстық техника сатып алсаңыз, қосымша сыйға ие боласыз» деген сөздердің астарында қандай заңдылық бар? Сауда үйлері шындығында осындай жеңілдіктер жасайтын болса, баяғыда-ақ шығынға батар еді ғой. Бірақ, бұл жарнамалардың арқасында түсетін қаржының көлемі алдын ала есептелініп қойылған. Мысалы, «Барлық тауарларға 90% жеңілдік» дегенді естіген тұтынушы бар жиған ақшасын алып дүкенге барады. Алайда, онда барлығына бірдей 90% жеңілдік қарастырылмаған, тауарлардың біріне 50%-40%, кейбіреулеріне тіпті 30% болып шығады. Бірақ, тұтынушының қолында ақшасы болып тұрғаннан кейін түрлі жарнамалар мен үгіттеулерден кейін құр қол шықпайтындай болады. Осы тұста, ҚР-ның жарнама туралы заңына назар аударсақ, арнайы жеңілдіктер мен акциялар туралы міндеттер мен талаптар анық көрсетілген. Заңның 3-бап, 2-тармағында «Жөнсіз жарнама-оның тарату мазмұнына, уақытына, орнына және тәсіліне ҚР-ның заңдарында белгіленген талаптардың бұзылуына жол берілген теріс пиғылды, шынайы емес, жалған және өзге де жарнама» деп көрсетілген. Яғни, жөнсіз жарнама жасаушылар жауапқа тартылады деген сөз. Ал, енді 18-бап, 2-тармағында былай делінген: «Жарнама жасаушы жарнама туралы заңдарды бұзғаны үшін жарнаманы рәсімдеуге немесе жасауға қатысты жауаптылық көтереді». Сол себепті кәсіпкерлердің де өз міндет- талаптарын естен шығармаса игі.

Сонымен қатар, барлығыңыз «жеңілдікпен сатып алынған тауар ауыстырылмайды және кері қайтарылмайды» деген сылтауды жиі еститін боларсыз. Бірақ, бұл тұтынушыларды сол сөздерге сендіріп алдау, құқығын бұзу болып табылады.  Естеріңізде болсын, тұтынушылар құқығына сәйкес, ешқандай жеңілдік пен акциялар сатушыны тауарды қайтып алудан босатпайды. Яғни, екі аптаның ішінде жеңілдікпен дүние сатып алған тұтынушы оны қайтарып беруге мүмкіндігі бар.

Бірнеше жыл бұрын Бельгияда жаппай сатылымдар науқаны кезінде  170 дүкенге тексеріс жүргізген екен. Оның ішінде қарапайым дүкендерден бастап, үлкен сауда орталықтары да, ең қымбат сәнді бутиктерге дейін бар. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, аса үлкен заң бұзушылықтар анықталмаған. Дегенмен, 32 дүкеннің иесі тауардың құны төмендеді деген өтірік жарнамамен бағасы көрсетілген ескі қағазды (ценник) жаңасына ауыстыра салған көрінеді. Осылайша, барлық тауарын бастапқы құнымен оңай сатып жіберген.  

Негізгі әңгіме тұтынушылар туралы, яки бұқара халық туралы болмақ. Негізінен, қаржыгер, экономистер бұндай айлалардан хабардар болса, оны жұрттың бәрі бірдей біледі деген сөз емес. Адамдар арасында жаппай сатылымның өзін арнайы күтіп жүретіндер де табылады. Сондықтан, жаппай сатылымдар туралы және өтірік жарнамаға алданбаудың тәсілдерін ашып көрсеткеніміз дұрыс болар. Барлық жағдайда «жаппай сатылымдар» деген жарнама жай ғана тұтынушыларды тарту үшін жасалады. Негізінен, оның барлығы көзбояушылық. Жеңілдіктер кезінде орын алатын мынадай өтіріктердің түрлерін жіктеп көрсетейік.

1.Жеңілдіктер кезінде қыз-келіншектердің ең көп сауда жасайтын жері сәнді киімдер дүкені екендігі мәлім. Айталық, сіз «50% жеңілдік» деп көрсетілген киімдердің арасынан өзіңіз көптен бері армандап жүрген көйлегіңізді таңдап алып кассаға өткізесіз. Сөйткенде, сіз таңдаған киімнің ешқандай жеңілдігі жоқ болып шығуы мүмкін. Керісінше, оның өзге үлкен не кіші өлшемдеріне (XS, L) ғана қарастырылған болады.    

2.Енді бірі акциялық өтіріктің классикалық схемасы. Мысалы, техника дүкендерінде заманауи теледидар 70%-дық жеңілдікпен сатылуда деп жария етеді. Жұрт жапатармағай ол жерге жеткен кезде дәл сол теледидардың сатылып кеткендігін айтып, өзге қымбат теледидарларды жарнамалауы.

3.Тағы бірі тіпті қызық. Көп жағдайда жарнамалаушылар жеңілдік туралы жар салғанымен, желілік дүкендердің нақты қайсысы екендігін анық көрсетпейді. Жеңілдік қарастырылған дүкеннің мекен-жайы мен уақыты ұмыт қалады.  Мысалы, желілік техника дүкендерінің тек біреуінде ғана жаппай сатылым болса, сіз адасып басқа дүкенге баруыңыз мүмкін.

4.Енді бірі тұтынушылардан тауардың бастапқы құнын жасыру әдісі. Мысалы, тауардың бастапқы бағасы 5000 теңге болып, қазіргі құны 2500 теңгеге дейін төмендегенін көрсетіп қояды. Оны көрген адам ойланбастан жарты құнына арзандаған тауарды сатып алғысы келеді. Бірақ, тауардың бастапқы бағасы сол 2500 теңгенің дәл өзі болуы әбден мүмкін.

5.Ал, егер де жеңілдік 15%, 20% деп жазылса тіпті сенбеген жөн. Себебі, ол жарнама тек қана адамдарды тарту үшін ғана жазылып қойылған. Көбіне тұтынушыларға тауардың құнын екіге бөле салғанды есептеу оңай. Ал, ол 15% болатын болса, ешкім оны есептеп жатпайды деп түйеді.

6.Енді, азық-түлік дүкендеріндегі сатылымдарға келсек. Азық-түлікті сақтаудың белгіленген мерзімі болатындықтан, оның аяқталуына таяу қалғанда дүкендер арзандатып сататын әдеті бар. Жеңілдік тіпті аз ғана тағамдарға болса да, адамдар сол дүкенге кірсе, ол тағаммен қоса тағы да өзге азық-түліктерді қоса сатып алады.

7. Сатылымдар науқаны жүріп жатқанда "Жеңілдік 40 пайыздан бастап, 90 пайызға дейін» деп көрсетілгендігіне тұтынушының мән бермеуі тағы бар. Себебі, барлығында дерлік 90 пайыз дегенін үлкен қаріппен көрсетіп қойса, «дейін» деген сөзді көрінер-көрінбес етіп жазып қояды.

8.Ал, енді сол жеңілдікпен сатылатын тауарлардың көбінде ақауы болатыны жасырын емес. Кейбір ірі техника сататын дүкендердің өзінде оларды арнайы төмен бағамен сатылымға шығарып, сатушылар оның себебін дұрыстап түсіндіріп береді. Мысалы, ондай тауарларға әйнегінде кішкене сынығы бар микротолқынды пештер, жарқылы жанбайтын фотоаппарат, т.б. атауға болады.

Психологиялық жағынан бұндай әдіс-тәсілдердің жұмыс істеуін адамдардың аңғалдығынан емес, керісінше, үнемшілдігі мен пайда көрсем деген ойынан болатындығы растайды. Адамдардың іс-әрекеттерін зерттеген психологтар мынадай тұжырымға келген. Жаппай сатылымдарды адамдар бастарына бұйырған үлкен сый ретінде қабылдағандықтан алданып қалады екен. Ал, оларға күмәнмен қарайтындардың дені орта жастан асқан адамдар. Олай болса, тұтынушылардың жаппай сатылымдарға қатысты пікірлерін ұсынамыз.

Гүлнұр, 26 жаста: Бірде мен жаңа жыл алдында жаппай сатылымдардың біріне алданып қалдым. Электроника дүкендерінің бірінде принтерлер арзан бағада сатылым жатқандығын естіп, жүгіріп келіп едім. Сөйтсем, ешқандай да жеңілдік жоқ. Тек қана ескі-құсқы бірен-саран принтерлерді ғана ұсынады. Оның маған қажеті қанша. Содан кейін бұндай жарнамаларға сенбейтін болдым.

Медет, 22 жаста: Мен азық-түлік дүкенінен алма шырынын алғанмын. Бір қателігім, алмай тұрып оның сақтау мерзімін қарап алуым керек еді. Үйге келіп шырынды ішіп едім, бұзылып кеткен екен. Дереу алған жеріме тапсырып, ақшасын қайтарып алдым. Өзге адамдар көріп, олар да алмай кетіп жатты. Одан кейін қанша жерден жеңілдік болса да азық-түліктен үнемдемеймін.

Шолпан, 20 жаста: Мен жақын арада техника дүкендерінің бірінде бір түн ғана ғаламат жеңілдіктер болатынын естіп, сағат кешкі тоғыздар шамасында әдейілеп сол дүкенге барған болатын. Бар ойым компьютерге қажетті "тышқанды" жарты бағасына алу болды. Сөйтсем, компьютерлердің қосымша аксессуарларына жеңілдік жоқ болып шықты. Амалсыздан, бастапқы қымбат бағасына алуыма тура келді.

Айша, 19 жаста: Әрдайым әр маусымның ауысымдарында киімдердің жаңа түсімдерінің алдында жаппай сатылымдар болады. Олардың уақыттарын да жатқа білемін. Әрқашан өзім көптен алғым келіп жүрген киімдерді жеңілдікпен аламын. Ешқандай өтірігі жоқ сияқты.

Көріп тұрғандарыңыздай барлық адам бірдей емес, олардың ойы алуан түрлі. Бірі сенеді, енді бірі тым көңілі қалғанға ұқсайды. Алдағы уақытта жоғарыда аталған кеңестер мен ескертпелерді әркез естеріңізден шығармағайсыздар.

Шаттық Болат.