Қыран тобы!!!

Қыран тобы!!!
жеке
блог

«Қыран» тобы: Өнерде өз атымызды қалдырғымыз келеді

 

  • Жігіттер, сөз басын танысудан бастасақ.

Әуелбеков Ақылхан: - Мен 1988 жылы 21 қыркүйекте Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы (бұрынғы Ақжол) Машбек ауылында дүниеге келдім. Осы ауылда №196 орта мектепте 9 сыныпқа дейін оқып, білімімді ары қарай Оңтүстік Қазақстан облысы Жетісай қаласындағы Ғани Мұратбаев атындағы педагогикалық колледжінің музыкалық бөлімінде жалғастырдым. Осы оқу орнын бітірген соң арман қуып Алматыға келдім. Әкем Әуезхан мен анам Мира 8 бала тәрбиелеп, өсірген. Әпкем Айнұр, інілерім Бағлан, Дәулетхан, Мұхтархан, Мейірхан және қарындастарым Азиза, Фариза және мен .

Бейбітбекұлы Саламат: - Мен де көп балалы жанұяданмын десем болады. Мен 1992 жылы Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы Жарлысу ауылында өмірге келдім. 2008 жылы ауылдағы мектептің 9-сыныбын тәмамдап, Тараз қаласындағы Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінде музыкалық білім алдым. Өзім үйдің тұңғышымын. Менен кейін Азамат,Самат, Санжар есімді үш інім және Ақерке деген қарындасым бар.


  • Өнерге қалай келдіңдер? «Қыран» тобы қалай құрылды?

  • Ақылхан: - Мен музыкалық колледжде оқып жүргенімде «Арман» деген трио құрып, сонда ән салғанмын. Кейін өнер ордасы Алматыға келген соң қазіргі продюсеріміз Бағлан Әуелбековке әнші болғым келетін арманымды айттым. Бірақ мен дуэт болып ән айтқым келеді дедім. Сөйтіп, топ құруды ақылдастық. Сол кезде «Жебе» тобының жігіттері Қуанышов Қайсарды ұсынды. Бірақ Қайсар Саламатпен бірге дуэт құруды жоспарлап жүр екен. Олар ол кезде Таразда еді. Алматыға келіп, үшеуміз кездесіп, бір аптада ойланып-толғанып, трио боламыз деген шешімге келіп, 2011 жылы «Қыран» тобын құрдық. Сол кездерде біраз әндер жаздырып, «Саз әлемі» бағдарламасында бақ сынағанбыз. «Еркелетуші ем» деген әніміз жастар арасында кеңінен таралып, оған бейнеклип те түсірдік. Кейін Қайсар топтан шығып кетті. Одан соң Думан деген жігіт келді де, онымен 3 ай жұмыс істедік. Ол да шығып кетті. Сосын біз топқа ешкімді алмай, Саламат екеуміз дуэт болып қалуды құп көрдік.

  • Қайсар топтан кетуіне не себеп болды?

  • Саламат: -Біз бұл сұраққа жауап бере алмаймыз. Оған продюсеріміз жауап береді.

  • Продюсерлеріңіз Бағлан мен Ақылханның тегі бір екенін байқап отырмын...

  • Ақылхан: Иә, Бағлан менің інім. Бірақ топ құрған кезде Бағлан екеуміз өзара келіскенбіз: топтың басқа мүшелеріне қалай қараса, маған да солай қарайды. Туыстықты жұмыспен араластырмаймыз. Талап бәрімізге ортақ.

  • Спонсорларыңыз бар ма?

  • Ақылхан: - Спонсорымыз жоқ. Біз топ болып құрылғалы өзімізді өзіміз қаржыландырып келеміз. Кейде қалталы ағаларымыз көмек береді. Бірақ, бізге үнемі қаржы бөліп отырған спонсорымыз болғанда, мүмкін осы күнге дейін біршама жұмыс тындырар ма едік?!


  • Үйленгенсіздер ме?

  • Жоқ, екеуміз де бойдақпыз.

  • Болашақ жарларыңыз қандай болса деп армандайсыздар?

  • Саламат: - Ешқандай ер азамат болашақ жарының жаман болғанын қаламайтыны секілді, мен де жұбайымның салмақты, тәрбиелі, иманды болғанын қалаймын.

  • Ақылхан: - Мен де тәрбиелі, текті отбасынан шыққан қыз болғанын қалаймын. Жаман қылықтардан ада, ата-анамның көңілін тауып, сыйлап отырса болғаны.

  • Әнші ретіндегі армандарыңыз қандай?

  • Саламат: Біздің топ болып жұмыс істеп келе жатқанымызға екі жылдың жүзі болып қалды. Бізбен қатарласып келе жатқан қаншама топ бүгінде тарап кетті. Мәселен, «Мұнарлан», «Райан», «Жастар», «Болашақ» т.б. Кейбір топтардың спонсорлары бола тұра құлдырауға түсіп жатыр. Ал біздің арман – осы топты «Нұрмұқасан» дуэті сияқты эстрадада өзіндік орны бар топ ретінде қалыптастыру.

  • Ақылхан: Әнші ретінде өз ізімізді, атымызды қалдырғымыз келеді.

  • Жастар ретінде өз замандастарыңызға қандай баға бересіздер?

  • Ақылхан: Бес саусақ бірдей емес қой, жаман жолға түсіп алғандар бар, өз жолын тауып кеткендер бар. Өзіміз қатарлы замандастарымызға қарнымыз ашады кейде. Наша шегу, арақ-шарап ішіп, түнгі клубтарды жағалау – күнделікті жұмысы осы болып кеткендер де бар. Біз өзіміздің өнерде жүргенімізге шүкір дейміз. Біздің бос уақытымыз санаулы.


  • Өнерде кімдермен шығармашылық байланыстасыздар?

  • Саламат: Жалпы бәрімен де сәлеміміз түзу. Негізінде продюсеріміз Бағлан жас әнші Әлішер Қайратұлы және Қанат Үмбетовпен жұмыс істейтіндіктен үшеуміз бірге дайындаламыз, бірге ән жаздырамыз, концерттерге бірге шығамыз. Және «Бақай» тобының әншісі Бек Шәріппен жақсы араласамыз. Бірігіп дуэт жаздырғанбыз. Жуырда «»Азия» тобының әншісі Нұрсұлтанмен дуэт орындаймыз. Ән дайын, тек жаздыруға уақыт жетіңкіремей жатыр.

  • Әншіліктен басқа қандай өнерлеріңіз бар?

  • Ақылхан: «Жігітке жеті өнер де аз» дейді ғой. Жалпы екеуміз де жігітке тән барлық өнерден құр алақан емеспіз. «Сегіз қырлы, бір сырлы» дейді ғой. Бірақ қазір ән айтудан қолымыз босамай жүр. Әлішер Қайратұлымен бірігіп жақын күндері концерт бергелі жатырмыз. Соның дайындықтарынынан бас көтермей жүрміз.

  • Гaстрольдік сапарларға жиі шығасыздар ма?

  • Гaстрольдік сапарымыз 10-11 қазаннан басталады. Алматы облысынан бастаймыз. Одан кейін өзіміздің туған жеріміз Қызылорда, Тараз, Батыс және Шығыс Қазақстан қалаларын аралап, жаңа жылға дейін бітірсек деген ойымыз бар. Және «Мұра.кz» деген журналдың шақыртуымен наурыз айында «Доможор», «Жебе», «VI Әлем» тобымен бірге Қазақстанның барлық аймақтарын аралаймыз.


  • Жоспарларыңызбен бөліссеңіздер?

  • Осы айда «Анашым» және «Кімді таңдаймыз» деген екі әнге бейнебаян түсіруді жоспарлап отырмыз. Барлық телеарналардан көре аласыздар. Және Қанат Үмбетовпен бірге жеке концертімізді беруді жоспарлап отырмыз.

  • Рахмет, жігіттер! Сіздерді тек биіктен көрейік!

«Тамаша жұлдыздар» журналынан