Ағалар (Мұрат Шаймаранға сыр айту)

Ағалар (Мұрат Шаймаранға сыр айту)
жеке
блог

Жаз! Жаз! Көз жасыңдай мөлдір, көз жасыңдай ащы жырлар жаз! Көз жасың өлеңге тамсын... Сені сол түсінеді. Мұңыңды сол көтереді. Ал, Алматы көз жасыңа сенбейді...


Мұрат Шаймаран

Алматыда ағаларым дүр еді,

Туа сала жуан болған білегі.

Менің арлан ағаларым гүр етсе,
Қорқауларың қашып-пысып жүреді.

Көз жасымдай мөлдір өлең қайда бар?
Мөлдір тамшы көлгір сөзге айналар.
Көз жасымдай ащы сөздер кеудемде,
Көз жасымдай ащы жырлар қайда бар?

Бөлтірікпін арландарға ерген мен,
Зәуреніме аға сөзі өң берген.
Бөлтірікке гүр етпесін арландар,
Көздеріне тура қарап көрмегем.

Ақ орданың желп етеді түндігі,
Табиғаттай игере алсын кім мұны?
Мен де ағадай арлан болам айбатты
Желке жалым күдірейіп бір күні.

Бір сойқандар басталмасын сонда анық,
Кетер үлкен...
Келер жастар жонданып.
Көкірегіміз қарс айырылып демейік:
«Аға біздей, біз ағадай болмадық».

Еңку-еңку жер шалармыз, кім білсін...
Сырымызды тек жазатын жыр білсін.
Тебінгіден ала балта суырыспай...
Төбемізден бұлт құрсанбай, күн күлсін.

Буыршындай мұз үстінде таймадым,
Құшағымды серті адалға жайғанмын.
Тұрпатынан түменбасы деп қалар
Ғазизленген жандарыңнан айналдым!

Беу, ағалар, шұбар жонды ағалар!
Болашаққа бүгініңді ала бар.
Көз жасыма сенбейді екен Алматы...
Ал сендер ше?
Сеніңдерші, ағалар.