Ажалға араша түсе алмадық, амал қанша!

Ажалға араша түсе алмадық, амал қанша!
жеке
блог

     Бұл фәни жалған дүниеде ешқандай табиғи заңдылыққа бағынбайтын — ол құдіреттің күшті, Уақыт.

     Фәни дүниеде өзгермейтін, тарих жүгін арқасына артып алып тек қана алға жылжи беретін де уақыт. Мүмкін, мәңгі бақи деген, өмірде уақыт деген өлшемнің керегі болмас, ал бұл  өмірде, адам өмірінің өзі қамшының сабымен «қас қағым» сәттен өлшенеді ғой.

..

         Адам ұзақ өмір жасады ма, әлде қысқа ғана өмір сүрді ме өткеннен кейін соның бәрін «қасқағым сәтпен» теңеген дана халқымның данышпандығына таң қаласың.  Уақыт емші дейді, емші болса емші де шығар, бір-ақ денеге түскен жараның орны қотырланып барып біткенімен, орнында әйтеуір бір сызат қалатыны да ақиқат қой. Сол жараның орнындағы сызат та, шодырланып біткен сүйектегі сынық та бұлтты күндері өзінің денеңде бар екенін есіңе сап, сыздап ауыратыны бар. Ондайда дәрі-дәрмек ішіп, білетін ем-домыңды жасап ауруды алдарсың. Ал жаның құлазып ауырғанда ешқандай ем-домыңыз көмектесе алмайтыны да баршаға аян. Түн ортасы оянып кетіп бұл өмірден озған жан досың есіңе түскенде жүрегің езіліп, жаның жаншылып, ауырады-ау келіп. Мұндайда ешқандай дәрі-дәрмек көмектесе алмайды…

 ..

         Өмірдің өткіншілігін тағы бір дәлелдегендей боп, ары пәк, айналасына  ниеті таза,  досым- Самат күздің күрең түнінде қапысызда қаза тапты. 


..

        Күздің бір қара суық күні еді, далада алай-дүлей жел, сатырлап жауған жауын… Сенбі күні еді.  Сағат кешкі  8 шамасында «Екі жұлдызды» тамашалап отырғанмын. Жүрегім  бір-түрлі тынымсыздана бастады…

        Екінші күні ауылдан қаралы хабар келді. Саматтың дүниеден озғанын естігенде, қаралы хабар  өзекті өртеді,  төбеңнен жай түскендей болды… көз жасыма ерік бердім.

...

        Анасына да, жалғыз бауырына да  кесек тұлға бола білген қайыспас қайратты Саматтың қыршынынан тым ерте қиылады деп кім ойлаған? Сенер-сенбесімізді білмедік қой. Сенбейміз де! 

..

        Астаналық өрт сөндіру және апаттан құтқару жұмыстары қызметінде 3 жылдан астам уақыт батальон командирі болып қызмет еткен  Самат, өзінің кәсіби біліктілігінің арқасында адамдардың өмірі мен мүлкіне араша түсіп, қоғам игіліктерін аман алып қалу жолында басын талай қауіп-қатерге тігіп жүрген тәуекел жандардың бірі еді.  

..

        Дос дегенде аузыңдағыны алып беретін жәй дос емес, ақ адал досым үшін жан пида деп тұратын аузың ашса жүрегі көрінетін аптал азамат еді-ау...
        16 жасынан әкесіз өскен осы жалғыз ұлы үшін байғұс ана не көрмеді десеңізші?! Әке орнына әке, шеше орнына шеше бола жүріп, жарғақ құлағы жастыққа тимей жеткізген бауыр еті болды ғой бұл жалғызы.

 ...

       Сонау бір уақыттары байғұс ана кішкентай құлынын алдына ала отырып, тәтті-тәтті қиял кешетін-ау… «Шіркін, осы құлынымды аман-есен ер жеткізіп, жұрт қатарына қоссам»… дейтін. 

..

        Содан бері талай таңды атырып, талай түнді батырды…  Самат ер жетіп, өмірінің шаңқай түсі енді басталып, бұл ғұмырдың бал қызығын енді татамын деген шағында  жалғыз ұлы бақиға аттанып кете барды.    

       Самат қай жерде болса да, туған ошағына енгенде әрқашан ғазиз ана құшағын жая, ыстық мейірімімен қарсы алатын. Анасын, кіндік қаны тамған ауылын сағынғанда туған ұясына құстай ұшып жетуге асығатын.  Өз ауылында зұлымдық көретінін алдын-ала білсе ғой, шіркің. ...  Үйіне барар сәтінде ажал жетелеп бара жатқанын кім болжаған? Арыстай азамат жұмыс орнына кері оралмады. Достары, біздер, әлі күнге дейін елеңдеп, күтумен жүрміз. Енді мәңгі оралмайтынына шынымен көңіліміз сенбейді. Бұл жақсыны аңсау ма, әлде жанынды түсінер жақыныңды өлімге қимағандық па, әйтеуір көңілде сондай бір елегізу бар.

       ...Қайран ана жүрегі! Балапанының өмір мен өлім арасында екенін сезді ғой. Шырылдап жүріп бүкіл ауылды аралап шықты. Амал қанша, кеш қалды. Байғұс  ана, жалғыз ұлынан айырылды. Келешегінен көп үміт күтті, үйлендіріп, немере сүйгісі келді ғой. Әттең, артында тұяқ та, ізін жалғастырар ұрпақ та қалмады. Шаңырағының шамы сөнді.

..

       Соңғы жылдары әлденені сезіп жүрді ме, мінезі өзгеріп, ақтарылып сыр шертпейтін болды.  Әрқашан оның жарқын жүзін көруге  үйренген,  мен, соңғы уақыттары бір-түрлі мұнайып жүргенін байқағанмын.  Ол қайтқаннан бері қаншама жас төгілді, қаншама уайымға салынған күндер болды. «Егер сол жолы ауылға бармаса, аман болар ма еді?!» — деген ойлар мазалады. Кейде қимастық сезім жүректі тырналайды кеп.

       Ауылыма әрқашан келген сайын, жүрегіме бір мұң  кернейді,  көңіліме бір реніш ұялайды, ауылға деген  сағыныш та басқаша... Жаз айында ауылыма сапар шектім.          

      Содан, туған мектебіме бір жолығып кетейін деген мақсатпен  үйден шығып, мектеп жаққа бардым.  Мектепке жете бергенде көзіме мөлтілдеп жас келді. Саматты есіме алдым… Ең алғаш мектеп табалдырығын имене бірге аттап, 11 жыл бойы білім нәрімен сусындап  бірге өскен едік… Балалық шақтың қызығы мен қуанышын бірге көріп, алаңсыз-қамсыз күндерімізді
бірге өткердік. Жүрген ортасында да, сыныбымызда да, әзіл-қалжыңымен, орынды
шымшымасымен көңілімізді көтеретін. Мінезі шапшаң болса да, кек сақтамайтын,
кешірімшіл еді. Пенде болғаннан кейін, ренжісіп қалатын сәттер де болды, ол бірінші келіп кешірім сұрайтын. Бірақ ренішіміз ұсақ-түйекпен өлшенетін.  
      Кейде бірге отырып, сырласатынбыз. Мені құрметтейтін, айтқанымды екі етпейтін. Он бір жылдың ішінде  оған  қатты бауыр басып қалдым, туған ағамдай жақсы көруші едім... Мен үшін орны бөлек, тіпті ұмытылуы да мүмкін емес дос еді. Дүние салғанына біршама уақыт өтсе де, көңілім сенбейді. Соңғы кездері орнының ойсырап тұрғанын қатты сезініп жүрмін. Замандасымды қатты сағындым. Бір жерге жолаушылап кеткен сияқты, қайтадан келетіндей болып тұрады. Қуанышты, сағынышты кездесулерде, онымен өткен-кеткенді әңгімелеп, бір дастархан басында отырудың өзі бір ғанибет еді. Қазір осының бәрі жай ғана аңсау болып қалды. 

..

         Қайтар алында  не ойлады екен? Бұл өмірді қимаған болар, сірә, анасын да ойлаған болар?! Үш күн бойы жаңбыр толассыз жауды. Бұл Саматтың көз-жасы болар ма, кім білсін? Ал оны  Жер-Ана құшағына тапсырғаннан кейін, лезде күн шайдай ашылды. Не деген құдірет десеңізші!  

       Самат қалада  жүріп, бөтен адамдардың  қолынан мерт болса бір сәрі… туған ауылынан, қасқыр талағандай, азап, қинап өлтірген  өзінің жерлестері екеніне  налисын… ашу мен ызаға булығасын…  

      Тым ауыр екен… ащы ақиқатқа сенгің келмейді, бірақ   амал  нешік?  Жүректі өкініш өртейді.  Қайтқанына біршама уақыт өтсе де,   оның бұл өмірден өткеніне көніл құрғыр  сенбейді...

     Қара жерді қымтанып, бір төмпешік болып жатқан Нар тұлға – Самат жатқан жерің жайлы, топырағың торқа, жаның жәннәтта болғай! Қош… Самат… Қош, Досым!