Романтика

Романтика
жеке
блог

Жаңа технология дамыған сайын, өмірімізде романтизм азайып бере жатқан сияқты. Әрине заманымыз түлкі болса тазы боп шалуға не жетсін. Бірақ, романтизмның жанымызға керек екенін әркім-ақ мойындайтын шығар.

Кезінде мектеп қабырғасында лагерь деген ұғым болатын. Тегін, қызықты шара. Балалар керемет кештер, походтар ұйымдастырып, ошақ құрып, айналасында отырып сырласатын. Қазір лагерге баратындар бірен-саран. Бағасы да удай. Оның үстіне бос уақытын оқушылар құр жібергісі келмей, жұмыс істеп нәпәқасын табуға арнайды.

 Анам  жас күнінде киноға барған кездерін айтып отырады. Үнді фильміне қыздар тұрмақ жігіттер қосылып жылағанын естісем  әбден  күлемін, бір жағынан қатты қызығам. Қанша дегенмен сол кезде адамдардың психологиясы өзгеше еді ғой, мейірім, аяушылық бар еді. Қазір үнді фильмін күлкісіз қарай алмаймыз. Үнді фильмің не, триллер, боевик, ужастарды еш эмоциясыз көре береміз.

 Кезінде адамдар өз қолдарымен, сезімнің маржанын ақ қағазға тізіп, хат жазатын. Оны поштаға апарып, кейін апталап, айлап жауабын күтіп жүрген. Пошташыға жаутаңдап, жақсы хабар әкелеріне үміттенген.  Соның өзі нағыз романтика емес пе?! Қазір ше? Поштамыз электрондыққа айналды. Пошташыларымыз тек газет тасумен шектеліп қалды. Хат таситын кептерлеріміз  жұмыстан "қысқартылғалы" қашшшшан. Кезінде қаншама жүректерді жалғаған, сезмдердің арасындағы алтын көпір болған қайран көгершіндер-ай. Бұрынғыдай құрбылармен, туыстармен сағынысып, шүйіркелесіп кездеспейміз. Себебі күнделікті интернет арқылы бір-бірімізге "сәлем, сәлем, қалайсың, норма немесе болад" деп араласып тұрған соң, арамыздағы жылу,  сағыныш сезім  болмайды екен.

 4-5 сынып оқып жүргенде сыныптастардың туған күніне, жаулық (басқа тартатын, сыныптастарымаLaughing), бет орамал, пластмасса гүлдер, еш нәрсе табылмай жатса құттықтау қағазын жасайтынбыз. Сол сыйлықтардың өзі қызықты, "ұнайды,ұнамайды" деп қарап жатпайтынбыз.

 Кезінде көшедегі қыздармен"мак", "резинка", "сақина", "үйшік" ойнайтынбыз. Балалардың біреуі асығына мақтанып жатса, біреуі әдемі жасалған ләңгісін көрсетіп жататын. Қазіргі балалар планшеттеріндегі, ноутбуктарындағы "ашулы құстарын", "ГТА"-сын бірінен-бірі қызғанып жатады.

 Әрине жаңа технология дами берсін, бірақ әрқайсысымыз өз жанымыздағы, сана-сезіміміздегі романтизмді жойып алмайықшы.