Әр күн - қайталанбас жалғызым!

Әр күн - қайталанбас жалғызым!
жеке
блог

Адамның кешкен әр күні, көрген әрбір машақаты – қайталанбас оқиға. Демек, менің де әр күнім – өз жеке кітабымның бір парағы. Ол сарғайған сары парақ болсын, сиясы кеппеген жаңа бет болсын, бәрібір, ол – менің жан дүниемнің бір бөлшегі. Кеше бар құрбы-құрдастарым ҰБТ күнінен кейінгі сезімдерін, ақысыз оқуға түскендегі сезінгендерін ең қуанышты күнім болды деп айтқан болатын. Сөз жоқ. Ол күндер – менің өмірімнің жарқын тұстары. Десе де, одан да өткен қуанышты күнім (әзірге ең қуанышты күнім) деп айтар мезгіл – сәуір айының алғашқы жқлдызы. Неге десеңіз, ол – менің өз университетіммен қауыштырған алғашқы күн, қайталанбас сезім-етін. 20 наурызда мектепте дәстүрлі түрде наурыз мейрамын атап өтіп жатырған едік. Ауылда тұрақты желі деген жоқ, терезенің жақтауында отырып, «сеть ұстаймыз». Ал, наурыз күні кім терезе алдында отырсын? Біз де сауық-сайран құрып, барынша мәз жүргенбіз. Кенет үйде көже пісіріп жатырған анам мектепке келді. Барлығымыз көже дайын болған екен деп ентелеп, анамның жанына бардық. Сөйтсек, «Ұлан» газетінің редакциясы үй телефонына хабарласыпты, мені сұрап. «Журналист болғың келе ме?» республикалық байқауының жеңімпазы атаныппын. Таппай жатырмыз дейді екен. Әрине таппайды, телефон өшіп жатыр. Менің сол кезде қуанғаннан мектепті көшіріп шыңғырғаным барлығының есінде қалары анық. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі екеуміз Алматыға жол жүретін болдық деп қуанып жатырмыз. Сол күн есімде ерекше қалады. Енді ұйқы қайдан болсын? Күн санайсың, одан қалса киім жинастырасың. Өйтіп-бүйтіп, 27 наурыз да келіп жетті. Пойыз келді. Міну ғана қалды. Апайым екеуміз жүрегімізді ала ентелей келіп, орнымызға жайғастық. Екі күн бойы «тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, форум жайын талқыладық. Ананы-мынаны әңгімелеп, жол қысқарттық. 29 наурызда арман қалаға да келіп жеттік. Туыстарымыз күтіп алды. Бәрі мәре-сәре. Соның ішінде, мен! Тағы да күн санауғ сағат санаубасталды. Әйтеуір, 1 сәуір де жетті сағындырып. Навои-Фрунзе атты көшеден ҚазҰУ деп такси ұстап, жеделдете жеттік. Ол кезде ненің не екенін білмеймін. Кімнің кім екенін білмеймін. 226 аудиторияға кіріңіздер деп Динара Тілеубек пен Торғын Абушахманның қарсы алғаны есімде. Кейіннен Назерке Жайлау мен Алпамыс Файзолла жүргізген арнайы біз үшін ұйымдастырылған концертті тамашалап, Өмірхан ағайдың қолынан диплом алғанбыз. Кім ойлаған, сол кездегі сөз сөйлеген Жидегүл апай біздің екінші анамыз болатынын, Клара апайдың сабақ берерін? Қазір ойласам, әлі күнге дейін жүрегімде сол күнге деген ыстыыыық бір сезім бойлайды. ҚазҰУ. Көктем. Форум. Меніңтұлға боп қалыптасуыма алғышарт болған үш сөз. Мен сол күнге ризамын. Өмірімде сол қайталанбас сәттің болғанына. Мүмкін, алда әлі талай шың бар шығар? Бірақ, соның бастамасын мен еш ұмыта алмаймын. Себебі, іргетасы дұрыс қаланған үйдің тірегі берік болары даусыз. Ал, менің іргетасым мықтылап қаланып келеді. Алла қаласа, өз өмірімнің жарқын жақтарын барынша молайтамын. Мейлі ол қуанышы аз болсын, мейлі ол маған ауыр болсын, бастысы, мен өмірге қалыптасу үшін келдім. Әр күнім – қайталанбас жалғызым!