Ерекше мақтану тәсілі

Ерекше мақтану тәсілі
жеке
блог

Мақтанудың да түр-түрі бар ғой, шіркін! Кейбірі мақтанғысы келіп мақтанады, кейбірі мақтанбайын деп мақтанады, мақтау естігісі келіп мақтанатындар бар, ал кейбірі сенің сәтсіздігің, не қасіретіңнің арқасында мақтанып қалатындар да бар.

Негізінде, бәрі жақсы басталады. Ол өзін керемет парасатты адам ретінде сенің жаныңды түсінуге тырысады, әңгімеңді тыңдайды, кей-кейде кеңесін де беруі мүмкін. Бірақ, сөз арасында «Әйтеуір өзімде ондай проблема жоқ екен!» деп дүрсе қоя бергенде, көз алдыңда бар идиллия құрдымға кетеді. Бұл әлемде мұндай проблема арқалап жүрген сен ғана екенсің ғой, сенің ғана өмірің осындай қасіреттен тұрады екен ғой, бойың кемшілікке толы, бейшара адам болғаның екен ғой, құдай-ау!

Әлбетте, мақтану айтып жатқан проблемаңызға байланысты өрбиді: «Әйтеуір, өзім толық не арық емеспін, құдай бере салған фигурам бар!», «Бізде ақшамен еш қиындық жоқ екен, керемет өмір сүреміз!», «Өзімнің балам 5-ке оқиды, әйтеуір!», «Өзім уақытында тұрмысқа шығып үлгердім», «Біздің бастық өйтпейді екен, құдайға шүкір» және т.б. дей отыра әрдайым өзін биік қойып, сенің көзіңше тәубесіне келіп отырады. Одан кейін жүргенің сол, комплекс-комплекс болып.

Неге адамдар сырласым жоқ, мұңдасым жоқ дейді? Өйткені, шынымен, сырыңды шын ұғып, сені толықтай түсіне алатын адамдар кемде-кем. Кейде бір сырлас бола қалайын десең, сенің сәтсіздігіңнің арқасында өзін жоғарылатады, кейбірі сырыңды басқасына жеткізіп, сөз қылады, кейбіріне бәрібір. Қалай болғанда да, бір адамның сәтсіздігінен өз сәттілігіңізді биіктетпеңізші. Бұл - ақымақтық іс деп білемін!