«Ер Төстік және Айдаһар» сияқты дүниелермен қазақ мультфильмнің қоржыны молая түссін
блог
Ежелгі дәстүр-дағдымыз бойынша сәби жасымыздан ертегі естіп, ерлікке, батылдыққа баулынушы едік. Ұрпақ тәрбиесінің орны ертегісіз олқы соғатын тәрізді. Бүгінгі заман заңдылығы басқаша. Қазіргі дәуірдің ертегісі көгілдір экраннан көкөрім ұрпаққа тіл қатады. Батыс фильмдеріне барынша жауланған сол экран кеңістігінен балаларға базарлық ретінде, қазақилықтың буы бұрқырыған мультфильмдерді қашан көреміз деп қарайлағанымызға да көп жылдың жүзі болған еді. Сақамыздың ұпайы ұтыс бергендей, сарыла күткен қазақ мультипликациясы тарихындағы тұңғыш ұлттық толықметражды «Ер Төстік және Айдаһар» анимациялық фильмі төл мерекеміз Наурызда балақайларға базарлық ретінде ұсынылып, қара домалақтарды шаттыққа бөледі. Қазір асфальттің үстінде өсіп, қазақи қасиеттен алыстап бара жатқан балаларымыздың экран арқылы бағзы замандағы батырлар ерлігімен, бабалар мұратынан сыр шертетін ертегілерімен, аңыз-әңгімелерімен танысуы аса қуанышты іс. Жас ұрпақтың жүрегіне жол тартуы тиісті қанша мұрамыз көміліп жатыр десеңізші? Туған халқымыздың тұнып тұрған бай мұрасы, әрине, өсер өркеннің бақытына бағышталуы керек қой. Әлемдегі ең өркениетті елдердің бірі Жапонияда жас ұрпақтың тәлім-тәрбие алуына ерекше мән беріледі. Жапондар балалардың жаңа әлемін нұрландыратын мультфильмдерді көптеп жасайды. Олар ұрпақ тәрбиесін ұлт болашағы деп қарайды. Ал тал-бесігі тағылыммен тербелетін қазағымыз да ұрпақ тәрбиесін ұлы санамаса, ұшан-теңіз мұрағаттарын ұрпақтарына ұлағаттар ма еді. «Ер Төстік және Айдаһарды» бүлдіршіндерге сыйлаған қазақ мультфильмнің алдағы сапарына ақжолтай. Балалардың базарлығы ортаймасын. Мультфильм қоржынымыз молая түссін.