"Бала тілі - бал"

"Бала тілі - бал"
жеке
блог

Жаз. Түс мезгілі. Анамның тапсырмасы бойынша тысы жуылған көрпеше-жастықтарды қайта қаптап, тігуге есік алдына шығып, көлеңкеге отырдым. Інілеріме бір ауыз сөзбен бар билігімді жүргіземін, ал кіп-кішкентай шыбындарға әлім келмейді. О, Құдайым! )) Бес жасар інім Бекарысты жаныма шақырып:

 - Мені шыбындардан қорып отыршы. Бетіме қонып, жұмыс жасатар емес.

 - Осы шыбындар не үшін қажет, - деп сұрақ қойды ол тосыннан.

«Кішкентай баланың барлық сұрағына салмақтылықпен жауап беру керек. Егер бала сұрақ қойғыш болса, барлығын білуге құштар болғаны. Ондай баладан данышпан шығуы ықтимал» дегенді оқып едім. Биолог болмасам да, бар білгенімше:

 - Өрмекші, құс т.с.с. тамағы ғо(й) шыбын, - деп жауап бердім.

 - Олардың тамағы болса да бізге керек емес қо(й), - деді кейіген түрмен.

 - Сен тек өзіңді ойлама. Алланың жаратқан жәндігі ғо(й) енді, маған не дейсің.

***

 

- Бекарыс, бірді (1) қалай жазасың?

- Тікеее жүрем да, кішкене бұрылам.

- Ертең мектептке бару үшін емтихан тапсырасың ғо(й). Қазақстанның президенті кім білесің ба?

- Мен ғо!

- Ойнамай айт бол. На...

- Назарбаев...   Бекзат деген боқтады ғо.

- Не деп боқтады?

- Ойнап айтам.

- Жаман сөз айтушы болмаңдар, - деп сөзге анам араласып еді «тапқышбегім»:

- Айтуға болмайтын болса «жаман сөз» дегенді неге шығарған онда? – деп күлдірді. Басқаларға қайдам, өзімізге әрбір сөзі қызықты, тәтті. Беті-қолын жуып тұрып:

- Қап-қара болып кетіпсің, - дедім.

- Алматыға кетпей-ақ қоюың керек еді, - дейді. (Үйде болған кезімде күн астында ойнауға рұқсат бермеймін).

- Жазда да, қыста да мұрынбоғым аға береді.

- Неге?

- Білмеймін, дұрыстап туылмаған шығармын. Бұл негізі ми ғо(й), басыма симай ағып кете береді. )))