Мирзия элегиясы
блог
...Сол күннен бері айнаға қараса жанарынан жасырынған элегия жолдарын көретіндей. Түн қызының тыныштығын бұзып, толғағы қысқан анадай тыпыршып ол отыр. Сол элегиясы ғайып болмай тұрғанда, етегіне жармасып қалғысы келген болар. Айналасындағылардың бәрі қою түннің құшағына енгелі қашан. Кейде ашуланған сәтінде күллі аспанды аяғынан тік тұрғыза, ақша бұлттарды қанжарымен тіле салатын найзағай болғысы келеді. «Бірақ жазықсыз бұлтта нем бар?!»,-деп ойын дереу басқа жаққа бұра қояды. Жәния бақытын сұраусыз алған тағдырына ғана өкпелі еді. Тал бесігін темірмен алмастыра ерте есейткен, жылуы күннен де ыстық кең құшақты сағымға айналдыра сарғайтқан сұмырай тағдырына ғана қапалы еді.
Айлы аспанмен сырласуын, сырласып қана қоймай наздана мұңдасуын әлі қояр емес. Өз басына өлшеп берген өмір жүгін көтере алар емес...Көтерер-ау, тек әлсін-әлсін жұлыны үзіліп, өті жарылардай көрінеді де тұратын. Бүгін сондай күндерінің бірін ауыр ойлары мен қиыспас қиялдары шығарып салып тұр.
Терең ойдың тұтқынында қалған Жәния одан құтылар жол көргендей «Таптым!» деп айқайлап жіберді. Даусының қалай шығып кеткенін өзі де байқамай қалса керек, біреу естіп қойып, бұл ойымды ұрлап кетер дегендей айналасына жалтақтаумен болды. Жан-жағында өзінен басқа жан жоғын білген оның көңілі жайланып, қуанышты жүзбен үзілген ойын қайта жалғастырды: «Таптым. Мен ашушаң жасын да болмаймын. Мен..Мен Өмірзая боламын! Иә, иә нақ өзі, басқа жұлдыздардан бірінші шығып, айға жақын тұратын, сонан соң өздігінен жоғалатын – Өмірзая боламын!»,-деді, жаңалық ашқан Аристотелден кем болмай. Жәния біраз күрсінді де, көптен бергі ауыр ойдың шекпені шешілгендей, арқаны кеңге жайып, тағы да ойға шомды. Ол ендігі ойын Өмірзая болу бақытынан бастады. Өмірзая кейпіне еніп, бала кезінде жоғалтқан асылын іздеудің жолдарын жоспарлады.
«Ммм...ең әуелі түн перизаты айдан сұраймын. Ол білмесе, жіпке тізген моншақтай жарқыраған жұлдыздардан жауап аламын. Егер олар да тілін жұтқан мәңгүртше бастарын төмен салса, перизаттың падишасы күнге жолығам... Ал ол мені менсінбесе не істеймін?! Ол падиша ғой...Ол падиша болса, мен – Өмірзаямын!». Бір-біріне тосқауыл болып, аяғынан шалған осындай ойлар Жәнияның санасында сайрап жатты. Әрбір ойды топшылаған сайын екі арнадан құйыла кеп қалған өзендейін қабақтарын түйе қарап, шешімі табылмай бара жатса жынын жұлқылай тістелеп тырнағынан алады. Содан соң сәл тынышталып, қайтадан жол тапқандай қуана кетеді.
Жәния бұл таңды ұйқысыз қарсы алмақ. Түн қызын жанында ұзақ ұстағысы келгендей, тағы сырласа түскісі келгендей көз ілместен отыр. Бір күліп, бір мұңая беймаза күйге бөленуде. Күтпеген жерден іздеген асылын тауып алардай суық бөлменің әр бұрышын байыппен барлап шықты. Бір керемет күш ол арманының орындалуына аз қалғанын айтып сендіруде. Сол сөздерді көгерген еріндерін жыбырлата қайталап қояды. Таңға жақын көзі ілінген Жәнияның соңғы түні осылай өтті. Аш ойларға таланбайындеп арпалысып өтті. Бозала таң бозарып кіргенде, Жәния өзі армандағандай Өмірзаяға айналып жоқ болды. Тек суықтап кеткен жансыз денесі ғана жындыхананың темір төсегіне таңулы күйінде қалды. Бала кезінде анасынан айырылып, әкесінің өлімін өз көзімен көрген Жәнияның темір керуетпен табысқанына тоғыз жыл уақыт толыпты. Тоғыз жыл бойы тоңазыған жанын Өмірзая боп жылытқысы келген Жәния жоғалтқан асылын енді тапқандай. Түн қызы да тыныштығының қайтып келгеніне таңданғандай кейіп танытып, жұлдыздарын әлсін-әлсін жымыңдатып қояды. Әне, айдың жанынан орын алған Өмірзаяда селбіреп сөніп барады..Кішірейген сайын жарқырайтындай. Жарқыраған сайын бір сыр ұқтырғысы келгендей..Бірақ онысын бұрынғыша өз ішінде жасырып қалды...Тек суық дене ғана жындыхананың тор қаптаған терезесінен шыға алмай, шырмалып қалды. Ол да Өмірзаяға айналып кетуді армандады ма кім білсін?! Бөлме есігінен сығалай кірген ессіз жел темір керуетің үстіндегі умаждалған ақ парақтағы: «Ақ бұлттардың ішінен анашымды іздеймін, Өмірзая, өзіңнен үмітімді үзбеймін...» деген асығыс жазылған екі жол элегиямен, Жәнияның жанталаса жазған соңғы элегиясымен ойнауда....