Акция ; ов, ев-тен құтылайық.
блог
Таяуда Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласының әкімі Арман Жетпісбаев мырза аты-жөнімізді ұлттық дәстүрге сәйкестендірейік деп үндеу жариялағаны мәлім. Өте орынды ұсыныс. Осы мәселеге байланысты Оралда тіл жанашырларының кезекті бас қосуында досым, белгілі журналист Қазбек Құттымұратұлы «Елге бір нәрсе айтпас бұрын, әуелі өзімізден бастаған дұрыс болар. Әбеке, сіз заңгерсіз, осы істі бірінші болып өзіңіз қолға алыңыз, Сізден кейін біз де қолдаймыз» - деген соң, осы іске кірістім.
Осы жерде айта кететін бір мәселе - мемлекет тарапынан аты-жөнді ұлттық дәстүрге сәйкестендіруге байланысты, барлық жағдай жасалғанына көзім анық жетті. Оған дәлел - үйден шыққан-қайтқан уақытымды есептемегенде, жеке куәлігіме өзгеріс енгізуге тапсырыс беруге, бар болғаны 1 сағат, 20 минут уақытымның кеткені (уақытты халыққа қызмет көрсету орталығына кірген сәттен бастап есептедім).
Сонымен, егер аты-жөніңізді өзгертем деген ниетіңіз болса, мынадай құжаттарды дайындап, тіркеуде тұрған жеріңіз бойынша, халыққа қызмет көрсету орталығына (бұдан былай ХҚКО) барасыз, олар:
1. Ауыстыратын құжат (өз таңдауыңыз бойынша паспорт, жеке куәлік немесе туу туралы куәлігі)және оның көшірмесі,
2. Туу туралы куәлік және оның көшірмесі,
3. Егер әскер қатарында болсаңыз, әскери билет және оның көшірмесі,
4. Мемлекеттік баж салығы (323 теңге),
5. Жергілікті ішкі істер органдары бастығының атына өтініш (үлгісі төменде).
Фотосуретке ХҚКО-да орналасқан көші-қон полициясы қызметкері тегін түсіреді.
Сонымен қатар, құжатты тез дайындау үшін, қосымша ақылы қызмет те енгізілген. Мен өз басым 10 тәулік ішінде дайындатуға 904 теңге төледім. Маған көші-қон полициясының қызметкері заң талаптарына сәйкес, аты-жөнімді 2 түрлі нұсқада өзгертуді ұсынды:
1. Құспан Абзал Темірғалиұлы,
2. Темірғалиұлы Абзал.
Мен бірінші нұсқаны таңдадым. Сөйтіп, жеке куәлігімде қазір аты-жөнім -
Куспанов Абзал Темиргалиевич болса, енді 1 жұмада Құспан Абзал Темірғалиұлы болып өзгермек.
Осы жерде көпшіліктің көкейінде жүрген бір сұраққа алдын-ала жауап бере кетейін. Сіздің жеке куәлік немесе паспортыңызға енгізген өзгерістен келеңсіз құқықтық салдар туындамайды,яғни басқа да құжаттарыңызға (диплом, келісім-шарттар т.б.) өзгеріс енгізу қажет емес.
Аты-жөнді ұлттық дәстүрге сәйкес өзгерту - мына заң актілерімен реттеледі:
1. «Ұлты қазақ азаматтардың тегi мен әкесiнiң атын жазуға байланысты мәселелердi шешу тәртiбi туралы» Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1996 жылғы 2 ақпандағы N 2923 санды Жарлығы.
2. «Қазақстан Республикасының халқын құжаттандыру және тіркеудің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің 2011 жылғы 28 қарашадағы №631 санды бұйрығы.
3. Сонымен бірге, «Қазақстан Республикасының халқын құжаттандыру және тіркеу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 12 шілдедегі № 1063, «Қазақстан Республикасының халқын құжаттандырудың кейбір мәселелері туралы» 2008 жылғы 24 желтоқсандағы № 1235 және 2009 жылғы 27 тамыздағы № 1260 қаулылары да күшінде. Аталған заң актілерінің толық нұсқасы қажет болса, tilmaydan.kzсайтының «Заңнама» айдарынан таба аласыз.
Ескерте кететін жәйт, көп жерлерде аты-жөнді өзгертуге байланысты белгілі-бір арыз, өтініш үлгісі жоқ, сол себепті, өз атымнан жазылған мына өтінішті үлгі ретінде ұсынамын:
ҮЛГІ
Тұрғылықты жеріңіз бойынша ІІБ(Д) бастығына (кімнің атына жазылатыны туралы нақты мәліметті ХҚКО-нан аласыз)
Ө Т І Н І Ш
Мен, Куспанов Абзал Темиргалиевич, «Ұлты қазақ азаматтардың тегi мен әкесiнiң атын жазуға байланысты мәселелердi шешу тәртiбi туралы» Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1996 жылғы 2 ақпандағы N 2923 санды Жарлығының талаптарына сәйкес, өзімнің тегімді және әкемнің атын ұлттық дәстүрге лайықтап, жеке куәлігімді қайта ауыстыруды сұраймын. Жеке куәлігімдегі қазіргі аты-жөнім «Куспанов Абзал Темиргалиевичтен», «Құспан Абзал Темірғалиұлы» - деп өзгертуді қалаймын.
Өтініш иесінің қолы өтініш берілген күні
Құрметті оқырмандар, егер Сізге халыққа қызмет көрсету орталығында тиісті қызмет көрсетпесе, Президент Жарлығының талаптарын дұрыс түсіндірмеді немесе аты-жөніңізді өзгертуге басқалай кедергі келтірді деп санасаңыз tilmaydan.kz сайтының «Заңгер кеңесі» айдарына жазбаша хат жолдауыңызды сұраймын. Хатыңызда қызметкердің аты-жөні, қабылдаған күні мен сағатын және өзіңіздің аты-жөніңіз бен мекен-жайыңызды анық көрсетуіңіз сұралады.
Құрметпен, қорғаушы
БҚО адвокаттар алқасының мүшесі А.Құспанов
«Абай-ақпарат» Абай,кз сайтынан алынды.