Ескі тиын

Ескі тиын
жеке
блог

 

Ғажайып түс… Нұркен түсінде әлемдегі ең бай адам екен. Сән-салтанатқа толы зәулім  баспанасы бар. Үйдің іші соңғы сән үлгісіндегі жиһаздармен безендірілген. Үлкен бөлменің дәл ортасында жайылған ақ дастархан. Оның үстінде тіпті Нұркеннің шынайы өмірінде де жеп көрмеген таңсық астың сан түрі тұр. Биші қыздар әрлі-берлі тал шыбықтай буралып, оның көңілін табу үшін еркелей күлімдейді. Тіпті бастығының өзі «Нүкелеп», оның аяғының астында жүр. Анадай жерде жібекке оранған, қолы алтын жүзікке толы шешесі шірене басып келеді. Жанына жеткен соң ол: «Нұркешім, балам, уақыт болды,»-деп арқасынан қақты. Сол мезетте осы бір тамаша көріністер бұлдырап, көзінен ғайып бола бастады. Сөйтсе, манадан бері анасы оны ұйқысынан тұрғыза алмай арқасынан қағып тұр екен. Көрген түсі қандай тәтті… Тіпті мәңгі оянбай қалса да еш өкінбес еді. Ұйқысы дұрыс қанбаған Нұркен, өзі жатқан тар бөлмеге ызалана қарады. Ескі тұсқағаздар, алба-жұлбасы шығып, жыртылуға таянған сұр перде, тіпті сыры кеткен еден жүрген сайын сықырлап, мазаңды алады. Үйдің іші де күңгірт. Беті-қолын жуып, анасы даярлаған таңғы асты ішу үшін, дастархан басына жайғасты. Жайылған дастархан да тым жұтау еді. Қатқан қара нан мен қара судан басқа нәр тататын ас та жоқ. Анасының денсаулығы да соңғы кездері сыр бере бастаған. Нұркеннің жалақысы анасына дәрі-дәрмек алуға жетпейді. Өйткені, оның бар тапқан ақшасы пәтер ақыны төлеуден артылмайды. Ол қара суға қарнын тойдырып, көшені сандала кезіп келеді. Жол бойында қайыр тілеп отырған қара шал Нұркенге бадырая қарады да, ақша сұрап жабысып қоймады. Қайыршының бұл қылығынан әрең сытылып шыққан ол ішінен: «Қалтамда ақша тұрса берер едім. Кешір бауырым, менің халімнің сенікінен оңып тұрғаны шамалы»,-деп күбірледі. Келе жатып, көшенің дәл ортасында сөмкесін ұрлатып азар да безер болып тұрған келіншекке көзі түсті. Келіншектің дәулетті екені киімінен көрініп тұрған еді. Сөмкесін ұрлаған қарақшы асқан жылдамдықпен жүгіріп келіп, қымбат әмиянды Нұркеннің дәл алдына тастай салды. Ол әмиянды ешкімге байқатпай  ішін ашып көріп, тұрған орнында қаққан қазықтай қатты да қалды. Әмиянның іші Нұркеннің өмірінде көрмеген  ақшаға толы екен. Және ол әмиянның ішіндегі көненің көзіндей болған тиынға қатты назар аударды. Ескі тиынды оңаша салып жатып, оған: «Бұл ақшаларды мен алсам ештеңе етпес, өзі келген ақша ғой. Онсыз да мына келіншек бай сияқты… Әмиянындағы ақшаны алсам, байлығы ортайып қалмас», - деген жаман ойлар келе бастады. Әмиянды төс қалтасына сып еткізді де, тайып тұрды. Көше ортасында шырылдап келіншек қала берді. Кері қайтып бара жатқан жолда бағанағы қайыршы ақша сұрап тағы да жабыса кетті. Бұл жолы оның қолында қомақты қаржы бола тұра, қайыршыға бей-жай қарап, оны итеріп жіберді де, кете барды.

Нұркеннің көңіл-күйі тіптен тамаша. Әмиянның ішіндегі ақшадан бөлек ескі тиынды зергерлік бұйымдар сататын жерге де, банк орталықтарына да апарып көрді. Барлық жер бұл көне тиынның, көк тиын құны жоқ екенін айтып, шығарып салды.  Сонда да Нұркеннің көңілі түскен жоқ. Қара бақыр тиынды қалтасына салып жүре берді. Жол бой түсі өңіне айналғандай әсерде келе жаты. Таяу жердегі дүкеннен тәтті-дәмділер, бала күнінен бері жеуді армандап келе жатқан цитрусты жемістерді сатып алды. Анасына дәрі-дәрмек алып, үйге қарай зулай жөнелді. Анасы қуанса да, бұл ақшаның қайдан келгенін сұрады. Ол басқа жұмыс тапқанын айтып ақталды. Қанша бақытты болса да, өмірінде алғаш рет кісінің затын алып, анасына жалған сөйлегені үшін іштей мүжілді. Ақшаның буына масайып, ерте ұйықтап қалған беті болатын. Тағы да сол түсті көріп жатыр. Не деген тәтті сезім десеңші... Кенет, ол өзіне қара киінген әзірейілдің беттеп келе жатқанын, және оның тым ашулы екенін аңғарды. Әзірейілдің тек көздері ғана көрінеді. Бұл көзқарасты бір жерден көргендей сезім  өң бойынан өтіп барады.  Қозғалуға, дыбыс шығаруға шамасы келер емес. Нұркен оң қолының алақанын бір нәрсе тіліп бара жатқанын сезінді. Әрең дегенде тілін кәлимаға келтіріп жатып, оянды. Үсті-басын шылқылдаған қара тер басып, денесін біреу сойылмен ұрғандай әсерде жатыр. Ауырсынған алақанын ашып көріп, көзі шарасынан шығып кете жаздады. Оның оң қолында әмиянның ішінен тауып алған ескі тиын тұрған еді.

Сол күннен бастап оның ісі бір оңалмай қойды. Жарқаттанған қолы үлкен кеселге ұласып, қаралмаған дәрігері қалмады. Өстіп қалтасындағы ақшасы да таусылды. Істеп жүрген жұмысынан да айырылды. Күнде сол қорқынышты түсті жиі көретінді шығарды. Аздаған уақыттың ішінде тірі өлікке айналды. Шаруалармен жүріп, қатты асыққан анасы баспалдақтан құлап, ес-түссіз аурухана төсегіне таңылды. Анасын құтқаруға ақша таппай сандалған Нұркен, дәрігерге бар жағдайын түсіндірмек болып, оның кабинетіне беттеді. Есікті жаймен қағып тұр… Ар жақтан дәрігердің «кіріңіз» деген даусы анық естілді. Үстел басында қағаздан бас алмай жазып отырған дәрігер оған отыруын бұйырды. Оның қарсы алдына жайғасқан Нұркен, дәрігердің жүзін көріп, қозғала алмай қалды. Өйткені ол түсінде көріп жүрген әзәзілдің өзі еді. Орнынан атып тұрып, есікке қарай қаша жөнелді. Әзірейілдің бар даусымен қарқылдап күлгені, оның құлағынан кетер емес. Бір сүрініп, бір тұрып, аяғы-аяғына тимей жүгіріп келеді. Қай жаққа бет алып бара жатқанын да білмейді. Кеселге айналған қолының жарақаты да жанына батып, көзі қарауытып келеді. Хал үстінде жатқан байқұс шешесін ойлап қан жұтып, көзінен аққан жас тоқтар емес. Ішінен Жаратқан Алладан жасаған қателіктері үшін кещірім сұрап, тілін әзер дегенде кәлимаға келтірді. Жан азабын тартып келе жатып, есінен танып құлады. Көзін ашса қолында сол қызыл әмиян, өзі  сол баяғы жерде тұр. Сөмкесінен айырылған келіншек шырылдап көше ортасында тұр. Ұрлық болған жерге  жұрт жиналып қалған. Нұркен ойланбастан әмиянның аузын бекітіп, иесіне апарып табыстады. Иесінің қуанышында шек жоқ. Келіншек ішіндегі ескі тиынды алды да, әмиянды ақшасымен қоса Нұркенге ұсынды. Әбден шошынған ол, алғысы келмейтінін айтып, қашқалақтап біраз тұрды. Мейірімді әйел оның қолын қақпауын шын көңілден өтінді. Түк түсінбеген Нұркен, бұл келіншек үшін не себепті қомақты қаржы емес, қара бақыр ескі тиынның қымбат екенін сұрады. Келіншек мейірімді жүзімен күлімсіреп: «Бұл менің ата-бабамнан келе жатқан ардақты бұйым. Бұны біздің әулеттің  көріпкел әйелдері бір-біріне мұраға қалдырып отырған екен. Әжем көріпкел болмаса да өмірден озар алдында маған осы тиынды ұсынып, "жоғалтушы болма, және ылғи да әмияныңда сақта деп ескерткен еді. Сондықтан бұл мен үшін асыл мұра",- деп сөзін аяқтады.

Жанын жегідей жеген қиындықтан құтылған Нұркен анасына қарай жүгірді. Жол бойы ол қолының ауырмағанын аңғарып, үңіліп қарап еді, жарақаты жазылып, тыртықтың орны да қалмағандығына таңданды. Не болса да ендігі жерде анасының амандығын Алладан ғана  тілеп келеді. Белгісіз жағдайда беймәлім күш оны үйіне қарай жетелеп, есіктің қоңырауын еріксіз бастырды. Есікті анасы түк болмағандай ашып тұр. Айыққанына қуанған Нұркен, Аллаға алғыс айтып, анасының мойнына орала кетті. Шеше байқұс баласының бұл қылығын түсінбей, көзіне жас келіп, маңдайынан сүйе берді. Анасы екеуі шай ішіп, бір рахаттанып отырып әңгімелесті. Күнде ішіп жүрген қара судың да мұндай тәтті боларын, Нұркен бұрын аңғармаған еді. Көз алдында жан алғыш әзірейілдің бейнесі алыстап бара жатты.

Ертесі Нұркен көшеде келе жатқан кезде, алдынан баяғы қайыршы қайта шығып, ақша сұрап мазалай бастады. Бұл жолы ол ойланбастан, кешегі келіншек берген көк ақшаның бірін қайыршыға ұсынды. Қайыршы оған бір көзін қысып, жымия қарады. Оның көз жанары Нұркенге сондай таныс еді.  Сол сәтте әмиянды алдына лақтырып кеткен қарақшы да, түсіне енген әзірейіл де, анасын емдеген дәрігер де, мына отырған қайыршы да бір адамдай көрінді. Ол бұл тылсым сырды ұғынуға тырыспады да. Баяғыдай  сескенген де жоқ. Өйткені оның ары таза еді…