Бөлекше қазақ

Бөлекше қазақ
жеке
блог


«Алыстан Алаш десе аттанамын,



Қазақты қазақ десе мақтанамын



Болғанда әкем қазақ, шешем қазақ,



Мен неге қазақтықтан сақтанамын»–деп
кезiнде Мiржақып Дулатұлы айтқан еді. Бүгінде «қазақ» атын шығарып, бар
болмысымен қазақтығын мақтан ететін тұлғалардың бірі Тақыров Жәкен–Әли деп
білеміз. Ағамыздың өзін де, үйін де, тіпті мініп жүрген көлігін де алыстан тануға
болады. Себебі, өзі қазақтың ұлттық киімін киініп, үйінің ауласын қазақы
оюлармен көмкеріп, мәшинесін Қазақ елінің көк туымен безендірген. Осылайша, өзгелерден
ерек жүруге не түркі болғанын білу мақсатында ағамызбен арнайы жүздесіп әңгімелескен
едік.



 



–Сөз алдында өзіңізді таныстыра
кетсеңіз, қай жердің тумасысыз?



–«Атыңнан айналайын Қарқаралы, сенен–бұлт, меннен қайғы
тарқамады» дегендей, туған жерім Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының Қарағайлы
деген поселкесі. Сол жер менің кіндік қаным тамып, балалық шағым өткен, өсіп–өнген
жерім. Қазіргі таңда халық­аралық Қажылар қауым­дастығының мүшесі және «Мәди» қорының
төрағасы қызметін атқарып келемін. Осыдан біраз уақыт бұрын, нақтырақ 2005 жылы
Мәди Бәпиұлының қорын ашқан болатынбыз. Сол уақыттан бері үстімнен ұлттық
киімімді тастамай келемін. Өзгелер сияқты емес, қазақы киінуіме де сол оқиға
себеп болған сияқты. Мәди өз заманында сері, өнерпаз болған адам. Оның үстіне
өте әдемі қазақ киімдерін киген. «Мен де неге қазақ киімін кимеске?» деген ой
келді маған. Содан бастап қазақша киініп, мәшинем мен үйімді де әшекейлеп қойдым.



Айналадағы адамдардың көзқарасы қандай? Қандай
пікір білдіріп жатады?



–Көбінесе басқа ұлт өкілдері өте риза болады. Қазақтар
да өздерінің ризашылығын білдіріп жатады. Бірде мені ток–шоулардың біріне қатысушы
ретінде шақырған еді. Психолог маман кез–келген адам қазақтың ұлттық киімін киініп
жүре алатындығын алға тартты. Сол жерде екеуміз біраз сөз таластырған жайымыз
бар. Кез–келген адам қазақ киімін киіп, ел алдына шыға алмайды. Ол үшін де адамға
бір рух керек. Қазір енді шүкір, кішкентай балалар балабақшасынан, мектептен
бастап ұлттық нақыштағы біріңғай киімдерді енгізіп жатыр ғой. Бұрын бес–алты
жыл бұрын қазақтардың өзі таңырқап қарап, күлетін. Сонда өзге жат мәдениетке
еліктеп, түрлі құлақтарына пирсинг таққан, шаштарын тікірейтіп қатырып алғандарға
күлмейді, керісінше қазаққа–қазақ болып күлгендеріне қынжылатынмын. Қазақтың өз–өзіне
күлгенінен, санасының төмендігін түсінесің. Қазір көбінесе қазақтың ұлттық
киімін киіп, насихаттап жүрген эстрададағы әншілер ғой. Қандай әдемі, әрі жарасымды көрінеді.
Бірде Түркіменстанның телеарнасын көріп отырсам, бүкіл дүниесінен ұлттық бір
иіс байқалады, біркелкі барлығы. Біздің елде де сондай болса ғой деп қалдым.



–Қазақтардың бойында қандай қасиет
жетіспейді солардай болуға?



Патриоттық сезім нашарлау. Мысалы,
өзбек ұлты қайда жүрмесін, мейлі Ресейде, немесе басқа елде болсын ала
шапандарын тастамайды ғой. Соның өзі де қандай патриотизм. Бізге де сондай науқан
керек, «елу жылда–ел жаңа» дейді ғой, көрерміз енді бізге де сондай күн келер.



–Отбасыңызда осы жақсы қасиетті ұстанған
өзіңіз ғана ма, әлде үй ішіне түгел қонған ба?



–Менің екі ұлым бар. Біреуі студент, екіншісі жұмыс
істейді. Олар аса кие қоймайды, жас қой әлі. Мен бұның өзі сол ата тегтен ба
деп ойлаймын. Үлкен апам кезінде ылғи қазақша киініп жүретін. Сол кісіден дарыған
шығар. Қанда бар нәрсе деп ойлаймын. Себебі, тектен тек адам олай кенеттен киіне салмайды.



–Киімдеріңізді арнайы тіктіресіз
бе, әлде дайын киімдерді сатып аласыз ба?



–Қазір расында қазақтың ұлттық киімін киінем
деушілерге қиындау. Тігіншілер өте қымбатқа тігеді ғой. Себебі, кез–келген ою–өрнегі
қолмен кесіліп, арнайы тігілетін болғандықтан солай. Айталық, қазіргі кезде ұлттық
киімімізді насихаттап жүрген біраз сән орталықтары мен тігін фабрикалары өте қымбат
бағаны сұрайды. Көпшілік адамдар, оның ішінде үлкен кісілер, әжелеріміз кигісі
келеді. Бірақ, өте қымбат. Мен өз
киімдерімді 2005 жылдан бастап «Сайран» автовокзалындағы Күләнда Тоқтағанқызы
деген тігіншіге тапсырыспен тіктіртіп келе жатырмын. Киімнің дизайнын өзі
дайындап, материалдарын таңдасып, тігіп береді. Жақсы тігінші, жұмысына көңілім
толады.



Әңгімеңізге рахмет!



 



Айырқалпақтыларды көрсек қырғыздар,
ала шапандыларды көрсек өзбектер деп білеміз. Ал қазақты қалай танып білмекпіз?
Күннен күнге қазағымыз өзге ұлттың азаматтарына ұқсап барады. Еуропалық стильде
киініп, бір-бірімен жарысатындары тағы бар. Керісінше, қазақы киімді тұрмыстық өмірге
ыңғайлап, жүрген жерімізде қазақ азаматы екенімізді танытуға бәріміз жұмыла күш
жұмсайық ағайын. Ал, Жәкен–Әли ағамызды барша қазақ үлгі тұту қажет.





 





Шаттық Болат.