Қайран атам мен апам-ай

Қайран атам мен апам-ай
жеке
блог

Мен нағашы апам мен атамның қолында тұрдым. Олар керемет жандар еді.Атам негізі көп сөйлемейтін. Өзімен-өзі ыңылдаааап шеберханасында ағаштан түрлі құрал саймандар, бұйымдар жасап жүруші еді. Кезінде мектепте еңбек сабағының мұғалімі, содан кейін математика пәнінен сабақ берді. Көп сөйлемейтін, бірақ сөйлесе ішек-сілемізді қатыратын.

 Бірде ет асып, қойдын басын мүжіп отырған атам, ініме таңдай беріп "таңдайың тақылдаған шешен бол", әпкеме құлақ асатып "құлағың сақ болсын", тағы бір ініме көз ұстатып "көреген бол балам", басқаларына ми беріп "ақылың тасысын" деп жатты. Бір кезде Мақпал деген сіңілім кешігіп келіп: 

-Ата маған не асатасың?-деп қолын дайындай бастағанда атам:

-Мә қызым, кеңсірік-деп қойдың мұрнының ішін (Алла кесір қылмасын әрине) бір түрлі жұп-жұқа қабықты берді. Оны жиеркеніп алып жатқан сіңілім:

-Ата мен кім болайын?-деп сұрағанда, атам ойланбастан:

-Водолаз бол-деді. Сіңілім қолындағысын лақтыра салып водолаз болмаймын деп жер тепкілеп жылады. Бәріміз күлкіден тамақ жеген құрлы болмадық-ау сол күні. 

 

***Тағы бірде інім даладан ентелеп жүгіріп кіріп:

-Ата, Серік келіп тұр- деді. Сөйтсе атам:

-Қай Серік, өлген Серік па?-деді. Оны естіп отырған апам ашуға бұлығып:

-Астафираллах не дид мынау, өлген Серік бейіттен  тұрып келеді дейсің ба- дегені бар.

 

***Тағы бірде қойлар ерте көктемде қоздап екі қозысы туыла салып қатып қалыпты, оны атам үйдің ішіне көтеріп әкеліп:

-Құрал (апамның аты-Құрал, атам-Құрамыс) мыналарды не истеймін деді.

Апам:

-немене өлілерді тірілтін қасиетің бар ма еді? не істейсің апарып көміп таста дегені әлі есімде.

 Өмірі ауырмаған, 75 жасына дейін спортпен шұғылданған. Күнде таңертең жүгіретін. Қыстың күні  залдың шаңын  аспанға көтеріп жүгіруші еді . Әттең апам қайтқан соң, қайғыны көтере алмай бірден ауырды.Арада бір жыл өтпей жатып ақ кемпірінің артынан сапарға кетті. Өмірі бала-шаға шуылдап,абыр-дабырға толып, апам тапа нанын жауып, май пісіп отыратын үй қазір  қаңырап бос қалды.  Өткенде барғанымда шөбі қаулап, терезедерге ағаш қағылғанын көрдім. Үйдің бос, шеберхананың балға, араның даусы мен атамның  еңбегінің иісі жоқтығы жаныма қатты батты, еріксіз көзіме жас ұялады.