Адамдықтан айуандыққа дейін

Адамдықтан айуандыққа дейін
жеке
блог

Адам болудың өзіндік бір шекарасы бар. Адамдықтың шекарасынан кейін малдық деңгейдің шекарасы басталады. Заңдылық осындай. Неге дейсіздер ғой? Өйткені адам саналы, ақылды, иман етеді, құлшылық қылады, сөйлей алады. Әй, бірақ, келіспеймін. Қазір адам өзінің саналық шекарасынан өтіп, малдық деңгейге құлдырады. Сонымен тоқтады ма? Жоқ, малдық деңгейден де өтіп, малдан төмен айуандық дәрежеге жетті. Иә, қазіргі адамның іс-әрекетін, тірлігін осындай мысалмен түсіндіре аламыз. Қыз неге ең қымбат бағалы арын сатты? Ер азаматтар неге өрлік намысын таптатты? Адам неге дүние үшін тышқан боғын жеуге арланбайды? Сәбиді өкшесімен езгілеп кететін пенденің қалыптасқаны қалай? Жаратқан құдайын ұмытып, шынайы түрде шайтан дініне табынғандарды қалай түсінеміз? Ата-анасын турап өлтіргендердің әрекеті қайдан туындады?

Бұл сұрақтарға жауапты қайдан іздеген дұрыс? Бала құрсақта жатқандағы ата-ананың тәрбиесі, туылған кезден ес жиғанға дейінгі баулу, одан кейінгі тәрбие, қоғамның әсері, кино мен медианың үлесі, мектеп, универдегі мінез... осының бәрін кінәлай аламыз ба? Егер осының бәрін дұрыстасақ, шынымен бала кәміл тұлға болар ма еді. Жоқ. Дұрыс бағдарланған ортада өскен жаннан да зұлым шығуы әбден мүмкін.

Меніңше, бәленің бәрі адамда. Талай былшық пен надандықтың ортасында жүріп былғанса да, күннің көзін тапқандар бар. Өйткені мына дүниеге не үшін келгенін іздеді. Ақыры ақиқатқа қол жеткізді. Сонда қазіргі адамдар азған ба? Мына тіршілік, мына күн, ай мен жұлдыз, өмір, ойлау туралы ешқандай да ойланбайтын болғаны ма?