Ата-ана мен бала қоғамның негізі

Ата-ана мен бала қоғамның негізі
жеке
блог

 


Өмірге келген әрбір жанның басына берілетін бақ пен Алланың әмірімен жазылған өмір жолы, тағдыры болады. Өмірде адам өз арман-мақсаттарымен, берілген тәрбиесімен ерекшеленеді. Сол тәрбиені беруші адам - ол біздің ата-анамыз. Ең бақытты жандар - ата-ананың мейірімін, қамқорын көріп өскендер. Ең бақытты жандар - өзін жалғыз емес екенін, қасында жанашыр анасы мен қамқор әкесі бар екенін біліп өскендер. Ең бақытты жандар - жанұя жылуын сезіп өскендер. Кей уақыттарда бір сұрақ туындайды. Ал сол адамдар қолындағы бақытының қадірін ұғып жүр ме? Ата - аналарына тиісті құрмет көрсетіп жүр ме? Бұл сұраққа тоқталатын себеп бар. Адамдардың бір-біріне көрсететін қарым-қатынасының арқасында қоғамның даму тағдыры шешіледі. Қазір біздің заманымызда барлығы да бір жаққа асығып барады. Күндегі күйбелең тіршілік еш өзгеріссіз қайталанып отырады. Біз қоғамда әрбір нәрсенің тек осал жағын, жаман жағын көріп отырамыз. Біз үшін барлығы шешілмейтін мәселе, барлығы «проблема».  Мысалыға алсақ, бірі азаннан-кешке дейін жұмыста жүрсе, бірі сабақта. Отбасы болып барлығымыздың басымыз тек кешкі аста жиналады. Бірақ соның өзінде бір-бірімізге жылы қарап, «бүгінгі күнің қалай» өтті деп сұраудың орнына, тағы күнделікті өмірдің, я болмаса мектептің проблемасын, тек жаман жақтарын талқылаймыз.Міне осылай бізді заман өз ағымына ертіп адастырып барады.  Балаларды жетімдер үйіне өткізу, ата-аналарын қарттар үйіне өткізу мұның бәрі ненің салдары? Қазіргі кездегі балаға берілетін тәрбиенің, бөлінетін назардың аздығы. Ол тек қана ата-ана тарапынан емес, қоғамнан да берілу керек. Бойын түзеп, жаңа өмірге аттап келе жатқан әрбір жас буын өз ортасына қарай бейімделеді. Өзі өскен ортасынан тәрбие-тәлім алады. Шешілмейтін мәселе жоқ. Біз «проблема» дей бергенше, қоғамды өзгертуді әрқайсысымыз өз басымыздан бастауымыз керек. Артымыздан еріп келе жатқан бауырларымызға ата-ананы құрметтеуді, қадірлеуді мына біз айтуымыз керек. Имандылыққа, тәрбиеге шақыруымыз керек.

Өмірде болатын қиындықтар өмірден түңіліп кету үшін емес, өмірдің қадірін ұғу үшін беріледі. Біз осы өмірге ең әуелі Алланың, одан кейін ата-анамыздың арқасында келдік. Олар бізге ең керемет, қайталанбас сыйлық берді. Ол - өмір. Сол өмірді лайықты түрде өткізу үшін жағдай жасады. Барлық ата-ана өз бауыр еті балдары үшін қолындағы барын беруге тырысады. Елден қалыспай, қатарының алдында жүруі үшін  ешқашанда аянып қалмайды. Әрдайым балаларының амандығын, бақытын тілеп жүреді. Біз тек осыны түсініп, қадірлей білуіміз керек. Ата-анаңның бар екендігі, оның қаншалықты бақыт екенін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Тек қана бір сәттік әлсіздіктің шырмауына ілініп сол бақыттан айырылып қалмау керек. Себебі өмірдегі қандай да бір сәтсіздік болсын, қиыншылық болсын ата-анаңның бір қуанышына да татымайды.  Қорыта келе ойымды Төлеген Айбергеновтің бір шумақ сөзімен аяқтайын:

«Ана керек, о адамдар ана керек адамға,

Анасыздар аң сияқты күн кешіп жүр ғаламда.

Пікірімді ұнатпаған таптық та дер дананы,

Даналықтың қажеті жоқ , сыйлау үшін ананы!»

 

                                                  Авторы: Бегман Әсел