Әпкем менің
блог
Анам көбіне мені кішкентай ғой деп, әпкеммен пыш-пыштап сырласатын да отыратын. Әпкем менен бар болғаны бір-ақ жас үлкен болса да, ол маған бала кезімде ақылы толысқан дана адамдай көрінетін. Тап-тұйнақтай киінетін әпкеме еліктеп, мен де сол секілді киінуге, сол секілді сөйлеуге, сол секілді жүріп-тұруға тырысатынмын. Тіпті бір күні әпкемнің жып-жинақы сөмкесіндегі бір дәптерін ұрлап алып, сол дәптердегі жазуға қарап отырып, жазуымды әпкемдікіндей қылуға талпынғам.
Тұрмыстың қиындықтарымен анам мені қалаға оқуға берді. Интернатқа. Сол кезде ауылдағы әпкемнен үзбей хат келіп тұратын. Оқудан демалыс алып, қаладан ауылға келген бойда, әпкем қабағын түйіп, тұла-бойымды бір сүзіп шығып: "Не киіп алған?!" дейтін де, "Еліктеме, анау қаланың жалбыршаш қыздарына!" деп өзінше ақылын айтатын. Қазақ өзі үйдің үлкенін екінші ата-анасындай көріп, сыйлаған халық қой, мен де әпкемнің аузынан шыққан әрбір сөзді қалт жібермей, әпкемді қатты үлгі тұтып өстім. Жүрегім дүрсілдей соғып, өз-өзімнен тығылып, ең алғашқы махаббатымды қағазға шимайлағанда, сол шимайдың алғашқы куәгері болған да сол – әпкем болатын. Сол кезде жазылған қағазды бір жерге жасыру не жыртып тастау ойына да келмейтін аңғал баламыз ғой. Сосын сол хаттарды әпкем өзіме әкеліп беріп тұрғанда, дүниедегі ең ауыр қылмыс жасағандай екі бетім ду-ду етіп, басым салбырап үнсіз қалатынмын.
Әпкем – қай-қашан да жанына бір топ адамды ертіп жүретін қалжыңқой адам. Өмірден көрген қиындықтарын қалжыңмен жасырғысы келгендей, жаны ауырып, жылап отырса да, әзілі бір қалған емес. Және өзі кіп-кішкентай, нәзік болса да, жанында үнемі ұзын бойлы, фигурасы 90-60-90 қыздар жүретін. Әпкем: "Бұлар менің оққағарларым ғой" деп қалжыңдайтын.
Қаншалықты қатты, қатал көрінсе, жаны соншалықты нәзік, жараланғыш екенін мен кейін, өзді-өзді болып бойжеткенде бір-ақ түсіндім...
Әпкем мектеп бітіріп, Ақтөбеге оқуға түсті. Мединститутқа. Біртүрлі қимай, жібергім келмей, қорадағы тамға кіріп, жалғыз отырып, жақсылап бір жылап алғам. Тамнан ұрланып шығып келе жатқанда, заттарын жинап, күйбеңдеп аулада жүрген әпкемнің де жанарынан жас байқадым. Ол да бала ғой...
Сөйтіп жүргенде, былтыр әпкем тұрмысқа шықты. Иә...
Осы жазда отпуск алып барғанда, жасқа толмаған баласы мен күйеуі, енесі төртеуі қарсы алды. Қалжыңымен қарсы алып, қалжыңымен шығарып салды. Әйтеуір оның қасында отырсаң, ішің пыспайды. Күле бересің, күле бересің. Бұрын жанында отырғанда, тек маған ғана көңіл аударса, енді күйеуі, баласы, енесіне назар салып, бұрын тек маған ғана айтатын сөздерін оларға да айтатын болыпты.
Біртүрлі қызғандым...
Сурет: vk.com