Төрт алма

Төрт алма
жеке
блог

Мұғалім жеті жасар оқушысы Ернардан сұрады: «Егер саған бір алма және бір алма және бір алма берсем, сенде қанша алма болады?» Оқушы өзіне сенімді түрде бірнеше секундта-ақ: «Төрт!» деп жауап берді.

Мұғалім түсінбей қалды, оңай ғана шешілетін «үш» деген жауапты күтіп еді. Көңіл күйі түсіп кетті. «Әлде оқушы сұрағымды жөнді түсінбей қалды ма екен?» Сұрағын қайталап: «Ернар, көңіл қойып тыңда. Егер саған бір алма және бір алма және бір алма берсем, барлығы қанша алма болады?» деді.

Ернар мұғалімінің жүзіндегі көңілсіздікті байқап, кішкентай саусақтарын бүгіп қайта санады. Ойында мұғаілмді риза қылмақ жауапты тапқысы келді. Жауабын дұрыс таппаса да мұғалімі қуанса екен. Осы жолы аздап күмәнмен «Төрт...» деп жауап қатты.

Мұғалім шын абыржыды. Ернардың құлпынайды жақсы көретіні есіне түсіп, «мүмкін алманы ұнатпағандықтан, дұрыстап есептей алмай жатқан шығар» деп ойлады. Бірден көзінде күлкі ойнап, қуанышпен: «Егер саған бір құлпынай және бір құлпынай және бір құлпынай берсем, сенде қанша құлпынай болады?» деді.

Мұғалімінің қуанғанын көріп, Ернар саусақтарын қайтадан санай бастады. Еш қиындықсыз есептеп жатқанында, мұғалім өзін белгісіз бір жүктің астында тұрғандай сезінді. Оқушысы дәл жауап берсе екен. Кішкене абыржыған күлкімен Ернар «Үш пе?» деп сұрады.

Мұғалім шаттанып шыға келді. Жаңа тәсілі жемісін берген секілді. Өзіне өзі разы. Бірақ бір сәт ойланып тұрды да қайтадан сұрады: «Енді саған бір алма және бір алма және бір алма берсем, сенде қанша алма болады?»

«Төрт!» Ернар тез жауап берді.

Мұғалімнің төбесінен жай түскендей болды. «Қалайша, Ернар, қалайша?» деп қатқылдау дауыспен ашуланып шыға келді.

Кішкене жасқаншақтанған Ернар жай дауыспен: «Өйткені менің қалтамда тағы бір алма бар» деп қалтасынан нарттай қызыл алмасын шығарды.

Өнеге: Егер біреуден сен күтпеген жауапты естісең, бірден «ол қателесті» деп асығыс шешім қабылдама. Сен байыбына бара бермейтін ерекшеліктер болуы әбден мүмкін. Мәселені түсінбей, парқына бармай, шала баға берме.