Күзгі махаббат

Күзгі махаббат
жеке
блог

 

Қызыл-сары жапырақтар түсіп жатыр желменен,
Сарғайып тұр дала түгел кейіпке ұқсап шөлдеген.
Сері жігіт, сұлуыңды сағынтайын дедің бе,
Сөзін тастап «жүрегімді жылытуға кел» деген.
Ренжідің бе, көңіліңе ұялапты бір кірбің,
Ауласына кіре берме күдік дейтін құрғырдың.
Нәзік жанды жаралама сенімсіздік танытып,
Білесің бе, сенсіз өткен жылға татыр бұл бір күн.
Бақытты деп санаса өзін сүйгендіктен шығар-ау,
Саған қиын тиген жоқ па оның халін сұрамау.
Қорғай алсаң ғұмыры ұзақ, сондықтан да өмірде,
Махаббаттың жолы ауыр, жігітке сын – шыдамау.
Бақыт деген өлшенбейді байлықпен де, тақпен де,
Бақытсыз деп саналады махаббаты жоқ пенде.
Қыз жанына үңіліп көр, сыры менен қырына,
Орынсыз боп қалмасыншы ренішің де, өкпең де.
Ғашық болу бір-ақ мәрте жазылады маңдайға,
Шын сүйгендер бірін-бірі, сірә, сынап таңдай ма.
Сен жүректің әнін тыңда, жырын тыңда 
жалғыз қап,
Қарсы тұрып күресе біл қиындыққа қандай да.
Күз суретін сала көрме жанарына ешкімнің,
Қадірін ұқ, ғашық болған жалған дейтін 
бес күннің.
Сері жігіт, көңіліңді көлеңкеден қалқала,
Бармағыңды тістеп қалма, болған кезде 
кеш бір күн.