Жүрек тазалығы

Жүрек тазалығы
жеке
блог

 

Жаралған жүрек таза, әуел бастан

Сақтанып таза ұста бала жастан.

Ноқаттай жүрегіңе кіршік түссе,

Ойыңа ол ұлғайып кірер тастан. 

 

Қарайған жүрегіңде болса татың,

Жоғалар ынсап, мейірім, махаббатың.

Жүректі қара ниет жайлап алып,

Айналар тойымсызға қанағатың.

 

Өзімшіл адамдыққа нәпсі масыл,

Зұлымдық сол үйретер айла, тәсіл,

Жаралған бойыңдағы бар мүшеңнен

Таза ұстай білсең егер жүрек  асыл.

 

Жүректі өте қиын таза сақтау,

Оған жат зорлық, қулық, арбап-алдау,

Арамдық, жалғандықты ол сүймейді,

Мақсаты таза жүрек арды жақтау.

 

Махаббат, мейірім, ынсап, қанағаттық,

Ар, ұят, қайрат, жігер, сабыр, сақтық.

Таза ой, таза ақыл, таза ниет,

Сақтайтын осыларды жүрек - сандық. 

 

Өнерің пайда берсін, наза болмай,

Біреуге өтіп, біреуіне қаза болмай,

Не түрлі шығар жаннан кереметті,

Жүрегің қабыл алмайды таза болмай.