БӘСТІҢ КӨКЕСІ немесе бір суреттің сыры

БӘСТІҢ КӨКЕСІ немесе бір суреттің сыры
жеке
блог

Бәстесіп көрдіңіздер ме? Ұтсаңыздар жақсы, ал ұтылып қалсаңыздар ше? Шартын орындау қиынға түсті ме?

1989 жылы Алматыға келгенде сөзімнің салты сондай болды ма, қит етсе болды «бәс...» деп шығатынмын. Марқұм досым Фируза соны қызық көре ме, мен «бәсті» айтқан сайын менімен бәстесе жөнелетін. Балалығымыз басым аңғалдау кезіміз ғой, түкке тұрмайтын нәрсеге  бәстесетінбіз. Сағыз, балмұздақ, «Буратино» сусыны, шоколад дегендей, ұсақ-түйекті жеңілгеніміз жеңгенімізге әперіп, мәз болушы едік... Мен жиі жеңілетінмін...

Бір жолы Фируза өзінің үнемі жеңіп, балмұздағының саны төртке жеткенін айтты. Әдетте, «жеңілген» күні бірден «қарызымнан» құтылатынмын. Неғып екені, бұл жолы балмұздақтың санын «өсіріп» алыппын... Не болса да, бірден құтылмақ болдым. Күн ми қайнатар ыстық.  Досымыздың үйіне бара жатқанбыз.   Ойымда ештеңе жоқ, құрбыма балмұздақтың төртеуін, өзіме біреуін алдым. Фируза мәз болды. Балмұздақты жақсы көретін. «Жеңістің дәмі деген осындай-ақ болсын!» – деп қояды өзі. Екі-екіден ұстап алған балмұздағын жеп тауыса алмай келе жатқанымен шаруасы жоқ. Күн болса жанып тұр, аспан айналып жерге түсердей. Балмұздағы еріп барады. Екі қолы бос емес. Мен болсам өзімдікін әлдеқашан жеп тауысқам. Соны көрген құрбым тағы бір балмұздақ  жеуімді өтініп, жалынып келеді. Лақтырайын десе, обал әрі көзі қимайды (біздің кезімізде дәмді  тастау деген түсінік те жоқ болатын). Қолындағы қалған үш балмұздақты кезек жалап келе жатқанын көргендер тұсымыздан жымиып өтеді. Бет-аузы сатпақ-сатпақ құрбыма қарап, ой, бір рақаттана күлдім-ау... «Қап, бәлем, келесі жолы алдымен – пакетке, сосын балмұздаққа бәстеспесем бе...», – деп қояды. Мына бір суреттің иесі – Әселдің әңгімесін «естіп» (ФБ арқылы «әңгімелестік»), құрбымның қылығын осылай сағына есіме алып едім...

 Аселек

Өздеріңіз көріп отырсыздар, сурет жазда түсірілген. Ал кейіпкеріміз тон киіп алыпты. Жаздың шіліңгір ыстығында (Астанада аптап ыстық болмаса да, жаздың аты жаз ғой) Әселдің, иә, иә, Әсел Мұздыбайдың көшеде тонмен жүруіне не себеп болды дейсіздер?Ол жайлы кейіпкерімнің өзі айтсын.

           – Футболдың жанкүйерімін. Тіпті күйеуім: «Мен көрмейтін футболды сен қызығып көресің», – деп жатады...   

Суретке бұлай түсуіме «себепші» – былтырғы Германия мен Италияның арасындағы фубол ойыны. Бәстесу деген – достық әзіл, бастысы, айтқан сөзде тұру ғой. Жанымдағы Айнұр Бермұхамбетова, «Бәйтерек» тобындағы Нүркеннің (Өтеуловтің) келіншегі. Өзі мықты актриса, ұстаз... Сонымен, мен – Германияға, Айнұр Италияға жанкүйер болдық. Басында Айнұрдың шарты – «жеңiлген адам кез келген тойға шақырусыз кiрiп,  дастарқанға отырып, тiлек айтып шығу» болатын. Мен ол шартқа көнбедім. Ол жеңілсе, оңай ғой, онсыз да актриса дегендей... Мен жеңілсем ше, шақырмаған тойға қалай кірем? Шынымды айтсам, қорықтым. Сондықтан қыстық киімге тоқтадық... «Кім жеңілсе, сол қыстық киіммен Есілдің жағасында жүреді» деп шештік. Германия жеңіліп қалды, яғни мен «жеңілдім»... Жағажайда екі сағат бойы осылай тон киіп алып жүрдім. Аяғымда – етік. Көшедегiлер күлкiге ерiк бердi. Саусақтарын шошайтып тұрып күледi. Айнұр актриса ғой. «Жазда да, қыста да киетiн шуба аламыз, шуба-а-а!» –  деп айғайлаумен болды. Менде бір ғана ой – мына киімді қашан шешем?.. Ең қызығы, екі сағаттай жүрiп, Айнұрдың көлiгiн қалдырған жерге жеттiк. Енді тезiрек киім ауыстыру ғана қалды. Келсек, аппақ қымбат көлiктiң бiр бұрышын бiреу қағып өтiптi... Айналасында адам жоқ. Содан көлiктi айнала бере,  әдейі қыстырып қалдырған визитканы тауып алдық. Айнұр жалма-жан хабарласқаны сол, бiр түрiк жетiп келдi. Сол маңдағы дәмханада отыр екен. Ол көлікті соққанын мойындап, шығынды төлеп беретінін айтып жатты. Бір кезде машинаны айнала үстіне – тон, аяғына етiк киiп атып шыққан менi көрiп, тiлi күрмелiп, көзi бақырайғанын көрсеңі-і-і-із...  2012-нiң 8 шiлдесiн ол түрiк ешқашан ұмытпайтын шығар, сірә!!!

Қош, сонымен, киiм ауыстырып, дәмханадан тамақтанып қайттық. Ертеңiнде Айнұрдың көлiгi де жөнделдi. Ең соңында Айнұр: «Асёка, мен сенi уәдесiн орындамайды деп ойладым. Кешiршi! Қанша жерден актриса болсам да, менiң қолымнан келмес едi...», – дедi. Айтпақшы, содан берi бiр-бiрiмiзге хабарлассақ: «Италия», сәлем!», «Германия» қалайсың?» – деймiз... Шіркін, Қазақ құрамасы да әлемдік деңгейге шықса... 

        Міне, футболдың нағыз жанкүйерінің әңгімесі. Ал сіз бәстесіп көрдіңіз бе?