Қыздарға кеңес...

Қыздарға кеңес...
жеке
блог

 

 

Өткен жазда Әзілхан Нұршайықовтың “Махаббат қызық мол жылдар” атты кітабын оқып шыққанмын. Ал бүгін сол кітапты қайта парақтап отырып, Меңтайдың анасы қызына жазғандары есіме түсіп кетті. Барлығы 26 жазба, бірақ азынаулағын  жазсам… Біреу болмаса, біреуге қажет болар. 

1. Ешқашан ешкімді жамандама. Ең жаман деген адамның да өз жақсылығы болады. 

2. Әйелдің жалаңаш денесі еркектің құмарлығын қоздырады. Сондықтан әйелдің еркек құмарлығын қоздыратын ашық – шашық жерді көбейтпей жауып, жария етілмейтінін қымтап ұстауы абзал. Сонда еркек елеңдемейді, әйел алаңдамайды. 

3. Ешкіммен барқылдап ұрыспа, бағыңды жоясың. 

4. Кемшіліксіз кісі болмайды, оны көруден оңай жоқ. Кісі кемшілігін тез көруге емес, тез түзетуге көмектес.

5. Қызға қатты күлудің қажеті жоқ. Жігіттерге оның жымиғаны да жетіп жатыр.

6. Шошаңдаған қыз шешенің атына кір келтіреді.

7. Баласы арақ ішсе, шешесі у ішеді. Маскүнем жаман бала жақсы ананы ажалынан бұрын көрге кіргізеді.

8. Үміт күткен ұлы оңбаған боп кетсе – әке сорлы; қызы күйеуге өтпесе – шеше сорлы; сұлу деп алғаны сүйкімсіз боп шықса – жігіт сорлы; қыран деп тигені жапалақ боп шықса – жар сорлы.

9. Махаббат – барша байлықтан күшті. Бірақ күштіге де көмек керек. Сол сияқты махаббат та өзін байлық пен барлықтың қоса қолдауын ұнатады.

10. Көшеде көлденең тұра қалып, бірінің ернін бірі жұлып жердей боп жалмап, жұрт көзінше сүйісіп жатқан қыз бен жігітте ар да, ұят та болмайды. Ондай әдеттен без, ондай құрбыдан аулақ бол.

11. Еркекке жүрек керек, әйелге тірек керек.

12. Тірі адамның бар бақыты жер бетінде.  Оған көкке ұмтылудың немесе о дүниеден үміт етудің қажеті жоқ. Сол себепті бар терді төгіп, барша ой мен ақылды жұмсап жер бетін, тұрған үйіңді жұмақ ете біл.

13. Біздің ауылдың қазақтары баяғы ескі әдетпен әлі күнге дейін жүзге бөлінеді. Содан соң әлі жеткені әлсізін аяғынан шалып, бөтен жүздің баласы деп жұдырықтап, жұлмалап, жүндеп жатады. Алауыздықтың атасы – жүз жойылса екен.

Ойымды Меңтайдың анасының мына сөзімен аятамақпын: “Біреуді пәленше көп біледі деп мақтайды. Көп білген адам көп тындырса, мақтауға болар еді. Көп біліп түк тындырмайтындар да бар. Мұндай іске пайдасыз білгіштікті білдім деудің қажеті жоқ. Ондай “білгіштен” аз біліп, көп тындыратын қоңырқай адамның өзі артық”…

“Махаббат қызық мол жылдарды” оқымаған қазақтарға айтарым, құрметті қандастар міндетті түрде қарап шығыңыздар…  Отанға деген шексіз махаббат пен пәк, ұлы сезім – МАХАББАТқа бөленесіздер. Сонау XX ғасырға саяхат жасап, қыздардың жігіттер жайлы ойланып, жігіттер қыздар жайлы толғанатынына сенімдімін…

Ал бұл жазбаны жазғандағы мақсатым - іні, сіңілдерім осыны оқып, ойланса екен. Әсіресе, 3, 6, 10 сөздерге ерекше мән берсе... Мен жазған ойлар миллион ойдың бірі ғана…