Ботикке менің көзіммен қарағанда...

Ботикке менің көзіммен қарағанда...
жеке
блог

Мен сені жақсы көремін! Неге  екенін білмеймін… Жоқ. Білемін! Себебі… Себебі, түпкі табиғатыңмен жақсы таныспын. Иә, сенің кейде шыр-пырың шығып, жан жағыңды "қуырып" жататының бар. Ондайда  аузыңнан ақ ит кіріп, көк ит шығады. Бола берсін! Маған оның артында  ешқандай зіл жоқтығы аян. Ол сенің «защитная реакцияң»  ғана.

Негізі сен өте ашық адамсың. Жүрегінің түпкіріндегі  түрлі сезімдерді, өзінің  басындағы жай-күйді  ашық адамдар ғана қаз қалпында көрсете алады. Ашықтық  меніңше, рухтың мықтылығы. Бәз біреулерге ұқсауға тырысып, солардың іс-қимылын, сөзін қайталап, тыраштану — әлсіздердің ісі. Сен ондай емессің!

Сен «кісіге өлігін артатындарды»  жаратпайсың. Өйткені, бастыққа, басқаға, көкеңе, әкеңе емес өзіңе ғана сеніп үйренгенсің. Саған ешкімнің қолпаштауы да, құптауы да керек емес. Қатып қалған стандарттар мен ұстанымдарға да қарсысың. 

Маған сенің өзіңді  жан жақты дамыта түсу үшін үнемі әрекет етіп жүретіндігің ұнайды. Кісінің жылт еткен жақсылығына жүрегің жарыла қуанататыныңды да жақсы көремін. Бірақ, жаныңа жат нәрселерге  өтірік төзіп отыра алмайсың. Өзіңнің миллиондап жалақы төлейтін, бірақ, жаның  қаламаған жұмысты жасап жүргеніңді елестетші? Сен оған көнбес едің!

 

Білесің  бе, мен  сен туралы  ұзаааааааақ  айта аламын. Бірақ, осы жерден  тоқтағаным дұрыс. Өйткені, сен туралы ойларымды ешкімге таңғым келмейді. Мен жақсы көреді екен -деп сені мына қисық, қыңыр қалпыңмен  өзге жұрт жақсы көріп те кетпес. Мейлі! Жұрт пен сол жұрттың талғамы  бірдей болса, өмір сұрықсыз болар еді ғой. Адамдардың сан алуандығы  қандай жақсы, а?

 

Біз үнсіз-ақ ұғынысушы едік қой.Бұл жолы да үндемей-ақ  қойсам  қайтер еді? Жоқ! Кейде үндемей қалуға болмайды...