Антарктикалық повесть немесе қиян шетте тұтқында

Антарктикалық повесть немесе қиян шетте тұтқында
жеке
блог

"Адамбыз. Ең саналы тіршілік иесіміз" деп мұрнымызды шүйіреміз, ия, АДАМ дегеннің астарына үңіле бермей. Кейде ит екеш ит те адамнан артық ойлап, әрекет етуі мүмкіндігін саралап көргендер бар ма? Ендеше,  мейлінше пәлсапалыққа салынбай, "нағыз адами" қасиеттер туралы сөз қозғап көрейін...жануарлармен салыстырып кетіп жатсам - айыпқа бұйырмаңыздар...

   ІІ-ші дүниежүзілік соғыста жеңіліс тапқан Жапония әлемдік саяси сахнада өз беделін арттыру мақсатымен  Антарктида құрлығын игеруді қолға алады.  Құрамында 11 қыстаушы, 22 сахалиндік хаски, қар кешкіш машина мен гидросамолет бар экспедициялық топ 1957 жылы  "Ист-Онгуль" аралында орналасқан   "Сёва"  атты антарктикалық  станцияға келеді. 1 жыл ішінде жегілген иттер көмегімен көптеген зерттеулер, географиялық ашылулар болады, өздері діттеген Боттнутен жерін бағындырады. Сол жылдары қыс ерекше қатты болып бірнеше ит түрлі аурулар кесірінен өлім құшады. Экспедиция құрамы  жазда 8 күшікпен толығады. Жаңа жылды Антарктикада қарсы алған қыстаушылар белгіленген күні  иттердің қарғыларын мықтап байлап, қастарына азғантай тамақ тастап, эстафетаны келесі зерттеу тобына тапсырып,  үйге оралатын сәтті күтеді. 1958 жылдың ақпанында құрамында екінші зерттеу тобы бар "Сойя" атта мұзжарғыш кеме Оңтүстік полюс жағалауына жақындайды. Алайда мұздың қаттылығы соншалық, жарып өтіп станцияға жету мүмкін емес. Көмекке американдык тікұшақ шақырылып, әзірше станциядағы қыстаушыларды "Сойяға" әуемен жеткізу шешіледі. Тікұшақ  аса ауқымды емес, жүк көтерімділік салмағы 300 келіден аспайды екен.  Ол  "Сёваға" 2 рет қонып, қыстаушыларды жүктерімен, туылған 8 күшікті анасымен қоса  кемеге жеткізеді. Кенет ауа-райы күрт нашарлайды. Ұшу мүмкіндігі нөлге теңгеріледі. Станцияға әуемен де, сумен де жету мүмкін емес. Ақылдаса келе бұл жолғы зерттеу жұмыстарынан бас тартып, күн райы тіпті нашарламай тұрғанда Жапонияға жетіп алу шешіледі. Ия...1 жыл бойына қыстаушылармен қатар Антарктиканың қаталдығына  төзіп келген 15 итті станцияда қалдырады. Қыстаушылардың бірі "Айдалада тастап кеткенше  мүмкіндігін тауып, иттерге  әуеден уланған тамақ лақтырып өлтіріп кетейік",- деген ұсыныс жасайды. Абырой болғанда бұл ой да іске аспайды. Кемедегілер қара бастарын сауғалап "достарын" мәңгілік мұз жамылған мекенде тұтқында қалдырып кете барады. Ауа-райы барған сайын нашарлай түседі...жол бойы иттерді осылайша тастап кеткендері зерттеушілердің жандарын жегідей жеген екен...олар Жапонияға оралғанда халықтың қатал сынына ұшырайды. Шарасыз иттердің басын өлімге тігіп, өздері ұялмай елге келген жауыздар саналғандай...Жануарларды қорғау ұйымының төрағасы Хирокичи Сайто иттерге арнап ескерткіш орнатуды ұсынады. 1958 жылдың шілдесінде халықтан жиналған қаражатқа  Токионың  Сиба паркінде Антарктикада алысқа көз тігіп, қожайындарды күтумен тұрған, отырған, жатқан 15 итке арналған ескерткіш бой көтерді. 

 

   Арада 1 жыл өтеді.  Ештеңе болмағандай, ештеңе етпейтіндей, бәрін ұмытқандай  күй кеше алмаған екі зерттеуші 3-ші экспедициялық топпен 1959 ж қаңтарында иттердің өліктерін көму мақсатымен станцияға қайта келеді. Оларды әуедегі вертолетті байқап қалып алды-арттарына қарамай, құлап-сүрініп қарсы жүгірген ағалы-інілі Таро, Дзиро есімді 2  ит қарсы алады. 7 ит: Горо, Бэсу, Моку, Ака, Куро, БатИ, КУма суықтан, аштықтан тіпті қарғыбауларынан да босай алмай жан тапсырған екен. 6 ит: үйір  көшбасшысы Рики, Анко, СирО, Джэк, Дэри, тағы да бір КУма алып Антарктикада іс түссіз жоғалып, мұзды материктің мәңгілік тұтқындарына айналады. 

   Зерттеушілер Таро мен Дзироның қалай аман қалғаны төңірегінде талай жыл бас қатырып келеді. Орташа салмақты  сахалиндік хаскилер мұнша суыққа ең көбі 1 ай уақыт шыдай алады екен. Антарктикада 1 жыл бойына олардың немен тамақтанғаны да белгісіз. Ал қыстаушылардың оларға деп қалдырған 1 апталық асы мүлдем желінбеген күйінде. 

  Тікұшақтан түскендерді Таро мен Дзиро ерекше ықыласпен қарсы алған екен. Адамдар олардың 1 жыл ішінде ессіз аймақта жабайы айуанға айналып кетпегендеріне, аштықта бірін-бірі жеп өлтірмегендеріне, соңғысы, 1 жыл бұрын  өздерін "қазір адамдар келеді" деп тастап кеткендерге сеніп, ешнәрсеге қарамастай күтіп, соншама махаббатпен "әйтеуір келдіңдер-ау" дегендей қарсы алғандарына таң қалған болса керек. Түр-түсіңе, лауазымыңа, қалтаңның қалыңдығына - жалпы еш нәрсеге қарамай, сені барынша сүйетін, әрдайым күтетіндердің бірегейі - иттер дейді ғой...ия...олар сенді, олар күтті...олар қарсы алды...тек әттең,  бәрі емес...

 Ойланып қарасақ АДАМ басымызбен біз бір-бірімізге сенбейміз, бір ауыз уәдені шын деп көрмей, қаншама сөзді желге ұшырып, қаншама сезімдерді көк қағазға айырбастап келеміз, амал жоқтықта каннибалдарға ұқсап бір-бірімізді жеп қоюдың аз-ақ алдында жүрміз...сол жағдайда бірін-бірі демеусіз иттердің де аман қалмайтындары анық..."иттерден үйренейік" демесем де, бәлкім арамызға кірігіп кеткен айуандықтың  бәрін ысырып тастап, қайта басынан бастап АДАМША өмір сүру керек шығар...

   ПыСы: Егер мүмкіндіктеріңіз болса,  осы оқиға желімісен 1983 ж жапондықтар түсірген "Антарктическая повесть" фильмі мен жаңаша үлгідегі "Антарктика: История о людях и собаках, бросивших вызов земле Богов" атты телетоптаманы көруге кеңес беремін. Әсіресе, адамдардың "міндетті түрде келеміз" деген сөздеріне,  ұшып бара жатқан тікұшаққа "сендер келмейсіңдер ғой...бірақ біз бәрібір күтеміз" дегендей қарап түратын,  достары үшін жауапкершілікті сезініп, нағыз көшбасшы ретінде  Антарктикада азық іздеп, Таро мен Дзироны құтқарып жүріп жараланған, ақтық демі қалғанша өмірі үшін күресіп қызыл қанға боянған Рикиді кейбір АДАМдармен салыстырып көруге болады-ау шамасы...