Қалайсыздар?
блог
АССАЛАУМАҒАЛЕЙКУМ
аузы дуалы, көзі қарақты, рухы азат, ойы ұшқыр, талғамы жоғары, кішіге ізетті, үлкенге сыйлы, "Жаным - Арымның садағасы" деген, болаттай берік, намысы қанында қайнаған, Мағжан айтқандай талапты, қырандай күшті қанатты, арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, сұлу да кербез, қылықты, көркем мінезді жандарееем сол
МАССАГЕТтің тұрақты тұрғындары!
Қалайсыздар?
Көктемнің жаймашуақ күнінен қуат ап, Жаз келіп жадырап, жеті қабат тоң жібіп, шекедегі қыртыстар жазылып, бойды рақаттана керіле жазып, біреулеріңіз ауылда тапшанда, енді біреулеріңіз қалада беседкада жып-жылы түннің құшағында айрықша сергек көңілмен аман-сау, шауып жүрсіздер ме? Мен де солай. Айтпақшы өткен-кеткен бааарлық мейрам, туған күн, даталы күндеріңізбен сол жағымда үздіксіз дүрсілдейтін жүрегіммен құттықтаймын және өмірдің бар жақсылығын тілеймін!
«Тұрақты» дегеннен шығады, мынау сымайылдың Массагет жұртының алдында айна-қатесіз менің соңғы кездегі кейпімді дәл беріп тұрғанына тәнтімін... Неге мұнша жоғалып кеттің(із), тұрақтамай-ақ қойдың(ыз) ғой... деген сыңды мәдениетті шымшу сөздер айтатын жандар болатын болса ақталарға жай таппай қап жүрген жайым бар, шыным... Мектеп уағында (патсан күнімізде ғой) әлгі «скетч» деуші ек қой (ашық сабақтар, наурыз, жаңа жыл сияқты мейрамдарға дайындалатын сахналық қойылымдар) мен байғұс әлгі ертегідегі кәдімгі қаңырап, қақталып қалған, қабағы түсіңкі, ұшарын жел, қонарын сай білген тұрақсыз «Қаңбақ шалдың» рөлін кө-ө-өп ойнаушы ем да, содан бері осындай боп қалғам (десең да)))).
Шындап келгенде соңғы 1-2 айдың жүзі, бірқалыпты болмаса да біршама саялы өмірімде қаааншама өзгертулер мен толықтырулар болып жатқанынан ішкі есебімнен жаңылып каңкулятырдың көмегіне жүгініп жүрмін. Бірақ оны есептеп жататын уақыт та жоқ. Себебі, жақында ғана арманымның төр-шыңы, «пілэзидент» болғысы келетін бүлдіршін Абзалдың - сығындалып, нығыздалған, арманымның тайқазанында үмітімнің алаулы отымен бұрқ-бұрқ қайнаған барлық мақсат-мүдделерімді толықтай жүзеге асыра алатын, алты Алаштың Алтын Ордасы – Астана қаласына біржола көшіп келдім. Қиялымның алып бортты кемесін - Қазақтың еншісіндегі жазық даланың аумағындай көмкеріліп жатқан мығым мақсаттарыммен толтырдым да, адал ниетімнің аппақ жалауын ту етіп, «тек қана – Алға» ұранымен аттандап - міне Елордаға келгеніме 1 айдың жүзі.
Ыстық-ыстық тілектердің ысымен, ыстық-ыстық әріптестерімнің құшағын қиып, қоштасарда ыстық-ыстық жас үзіп, ыстық-ыстық Шымкентімнің ауа-райын арманымның Астанасына, «жағымдыны - жақсыға айырбастап» келдім енді. Кет десеңдер де кетпеске келдім!) Келген жерім, жұмыс орным, күн тәртібім (азанда 6-30 да тұрамын) бәрі ұнайды. Басында мені қатты өгейсініп, жатсынған менің Астанам - бұл күнде ыстық құшағына қысып, өмірі таусылмайтын мыжың-желімен кекілімді тараған, маңдайымнан иіскеп, бір ауыз сөзімен қайраттандырған - Анам; өмірімді қызыққа толтырып, "тар жерде тоқымын сұрамайтын", шынайы күліп, шынайы ақыл айтатын - Достарым; арқамнан қаққан - Ағам, демеу көрсеткен - Бауырым.
Жастықтың жалауы бол - сен АСТАНА!
Бұл қалаға келгелі бері тыным жоқ. Патидан пати, сыңғырдан дүңгір, түннен таң, анаудан мынау опшым...
Cөз арасына қыстырып, мақтан тұтып, хабарлап, мерейін өсіріп, мәртебесін биіктетіп, сүйсініп айта кететін бір жайт:
Биылғы жылғы ҰБТ нәтмжесі бойынша - Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы, Жетісай қаласы, №6 Бауыржан Момышұлы атындағы (мен бітіріп кеткен) мектеп-гимназиясының бітіруші түлектері үшін кең диапозонмен жария салып, компьютерлердегі ең үлкен қаріппен, әрбір әрпін қалың алып көшелерге іліп қоятындай Алла ниетін алып, тілеуін берген сәтті жыл болды. Бұл мектептен "Алтын белгі" номинациясына ұсынылған 50 (елу) үміткердің 28-і (ия, ия жиырма сегіз) өз алтындарын ақтап шықты. Айналып қана кетейіін дарынды, жалынды жастардың күні-түні тынбай алған білімінің арқасында, мектеп, қала, одан әрі ауданның мерейі біршама өсіп, ұлықталып жатқан жайы бар. "Алтынын ақтамай" деп айтуға келмейтін қалған үміткерлердің дені 100 ұпайды еншілеп (120 ұпай алғандар да бар), бастысы ЖОО қалаған мамандықтарына қалаған тегін грант оқуына мүмкіндік алып отыр. Бұл өте қуанышты жаңалық! Кезінде, сонаау 2005 жылдың маусымында аталмыш мектептің, Әбекең оқыған сыныбынан білдей 3 "алтын", 2 "қызыл" шыққанда, ауданның жағы талып, тайып кеткенше хит болып еді. Ол да бір сол заманның рекорды еді.
Дәл қазіргі күндерде аудиторияларынан шығып, уайым мен үміттің, жауапкершілік пен қорқыныштың толғағынан дүрсілдеп тұрған ЖАС ЖҮРЕКТЕРГЕ, оқу орнының сыртынан «Аллалап» тілеуін тілеп, топырлап темір есікке телмірген АСЫЛ ЖҮРЕКТІ АТА-АНАЛАРҒА Құдайдан тек сабыр мен тыныштық сұраймын. Жаратқан жаңағы жас түлектердің қанатын қайырмай, үмітін сөндірмей, ниеті мен еңбегіне қарай өмір даңғылына өзі жар болып, құдіретімен демеп жібергей. Аумин!
Солай Достар! Хабар арнасындағы дикторлар секілді: "Елімізде болып жатқан соңғы жаңалық реті осындай, амандықта жүздескенше!".
Аааа, ойбуу, айтпақшы...
Ой қалталарыңызға салып ап, қол боста кеміріп жүретін, ойдан-ой құралады демекші, "апамның құртындай" бір ұсыныс-тілек айтсам деп ем. Есімнен шығып барады екен. Бір қауым елміз, өздеріңіздің дархан пейіл мен хан көңілдеріңізге жүгіндім.
Ол "құрттың" аты - МАССАГЕТТІҢ АНТЫ деп аталады. Қалай тәтті естіле ме?
Мынау кәллаға, найзағайдың жарқылдаған сәтіндей жылдамдықпен бір ұшқын кеп қонып, мазамды алып жүрген жәй қиял ғой, әзірге қысқааааша ғана тоқталып кетейін:
Әрбір қолданушы бұл сайтқа тіркелер алдында, тіркеліп қойғандарды да шақырып, ортаға от жағып, арнайы ритуалдармен (осы жерде қиялдарыңыз керек) дүйім жұрттың алдында АНТ су ішкізу керек. Мазмұнын, тәртібін өздеріңіз іліп алып кететін шығарсыздар.
Массагеттің өз анты болуы керек. Себебі:
1. Жалпы Массагетке тіркелген адамдар айына кемінде 1 (бір) рет блог жазып отыруы керек. Оның арнайы критерийлері болса: Блогтың сапалы болуы шарт, кемінде 6 лайк жинауы тиіс, қаралымы 300 ден кем емес, безендірілуі бөлекше, елден ерекше болса нұр үстіне нұр!
2. тізбек
3. тізбек ...
деп салтанатты түрде АНТ етемін деген сияқты...
мммм, солай. Түсіндіре алдым ба жоқ па, қарастырып көресіздер...
Ал, сөз соңында:
"Бірлік болсын әлемде,
Бірдік болсын елімізде.
Аман бол халқым, халқым менің!"