Кемпірдің басын жұдырықпен тоқпақтау

Кемпірдің басын жұдырықпен тоқпақтау
жеке
блог

Оқуға түскен жылы алғаш рет үш күндік демалыс берілгенде универге бірге түскен сыныптас үш бала алып ұшып Сайранға келіп автобус жағаладық. Жұрттың бәрі қайтып жатыр, орын жоқ. Әупірімдеп жүріп автобустың ең соңындағы қатар тұрған, арқасы иілмейтін алты орындықтың шеткі үшеуіне жайғаса кеттік. Осының өзіне шүкір.

Автобус ызғытып-ақ келеді. Елге деген сағыныштан арқаның ауыруын, жамбастың жауырын сезбедік. Түннің бір уағы. Теледидар сөнген. Жолаушылар ұйқыда. Жандос пен Димаштың ортасында отырмын. Димаш ұйқысы кеп, олай аунақшып, бұлай аунақшып, ақыры менің алдыма, аяғымның үстіне сұлап жатып көзі ілініп кеткен. Шабыт деген шіркінді қойсаңшы, келетін уақыт таңдай ма. Соткама сытырлатып өлең шумақтарын тізіп жатырмын. Автобус іші қараңғы, сотканың жарығы ғана бетіме түсіп отыр. Осындай атмосферада өзімнен басқа бүкіл әлемді ұмытыппын. Көз алдым жарық, өзгесі қараңғы. Жыр нөсерлері құйылып жатыр, тоқтамай жазып жатырмын. Кенет...

Кенет соткам үш рет ақтық «даусы» шығып, өшіп қалса бола ма! Сообщениеге жазып жатқан өлеңдерімді сақтамағандықтан, телефон қосылса да қалпына келмесі жүз пайыз анық еді. Осыны ойлағанда күйінішім кемерінен лық етіп асып төгіліп, алдымда тұрған орындықтың арқалығын жұдырығыммен төмпештей беріппін, төмпештей беріппін. Оқыс қимыл еркімнен тыс орындалып жатыр.

Осы сәт «Ойбай, өлтірді, өлтірді!!!» деп баж еткен кемпірдің жан даусы шықты. Бүкіл автобус селт етіп оянып, мойнын созып артқа жалт-жалт қараған. Соткамның жарығы өшкеннен соң өз әлеміме келгенде ғана байқадым – орындықтың арқалығын ұрамын деп, кемпірдің басын тоқпақтаппын. Масқара!!!

Шу еткен дауыстан алдымда сұлап жатқан Димаш оянып басын көтеріп, белін тіктегені сол еді, алдымдағы орындықта отырған «басы тоқпақталған» апа да сол мезет артына бұрылды да, мені көлегейлеп, тұтас денесімен жауып, көзін тырнап уқалап жатқан Димашты ал кеп ұрыссын. Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шықты, жерден алып, жерге салды. Досым түк түсінбей әлек. «Апа-ау, не деп жатырсыз?» дейді кінәсіз.

Жандос екеуміздің сонда барынша легімен келген үлкен күлкіні сыртқа шығара алмай ішке жұтуға тырысқанымыздан (сол сәтте күлгенде, әлбетте, жағдай ушығатын еді), тамағымыз ауырып қалды. Апамыз тынышталды. Әр жерден сирек қана үлкендердің бізге ақыл айтқан самарқау үні естіліп жатты.

...Өлеңді кейіндеу қайта-қайта ойлап, құрап алдым.