БІЗ ҒАНА ТҮСІНЕТІН ӨЛЕҢ

БІЗ ҒАНА ТҮСІНЕТІН ӨЛЕҢ
жеке
блог

Мөлдір Жақсылыққызына

Менің мәнсіз маңдайымды кештің бе?

Білем, енді сенбейсің ғой ешкімге.

Сен алдандың адалдыққа болмайтын,

Мен алдандым,мағынасыз бес күнге.

 

Ескермедім Ес дегенді неге мен?

(уақыт өте ұмыт болар деген ем)

Өкінішім  өтелмесін сезем ғой,

Өз жанымды өзім енді жегеннен...

 

Кірпігіммен таң сыздыртқан дұғадан,

Қайыры боп арылсам ғой күнәдан.

Жаратқанның өзін былай қойғанда,

Сезеді ішім ар алдында сұралам.

 

Тағдырға  айтар бір өкпеміз бар біздің,

Бізге  қандай өкпесі бар ал,күздің

...Содан бері дос болмадым ешкіммен.

Содан бері дос таппадым,жалғызбын..

 

Жалғыздықтың қашандағы кеші - мұң

(біз достықтың тербеткен ек бесігін)

Түсімде ылғи жылап барып алдыңда

Мағынасыз тұрам сұрап кешірім..

 

Бір Құдайға құл едіккой мына біз,

(жүрегім-ау,содан медет сұраңыз)

...жылдар салып телефонға келсе ғой,

«...Кешіремін...» деген сөзің бір ауыз...