Жайық қашып барады...
жеке
блог

Жайық қашып барады...

Өзіңізбен бөлісем мұңымды ұдай:

Асау емес Ақ Жайық бұрынғыдай.

Шалқып - тасып, бұзбайды бөгеттерді,

Алда не тұр, болғанда бүгін бұлай?!

 

Жағалауда...Естимін Жайықтан мұң,

Сол бір мұңның көрем бе айыққанын?!

Жайық – Ана, перзенті қорғамаса,

Қорғайды оны, айтыңыз, ғайыптан кім?!

 

Ауырлап тұр, өксіп тұр Жайық бүгін,

Қайырлаған көреді қайықты кім?

Анасы еді, жұртымның панасы еді,

Кінәлімін, алдында , айыптымын...

 

Жайық кеміп барады көз алдымда,

Көріп тұрып көңілім озар мұңға...

Тепкілеген жағаны толқындардың

Жан айқайын айтам деп сөз алдым ба?!

 

Жайық қашып барады жағалаудан,

Жан дауысы толқынның маған ауған....

Құм дауылы құтырып соққан сайын,

Талықсыған үн естіп, жараланғам...

 

Жайық кетіп барады, үндемейді,

Қариды кеп беймаза мұң көмейді.

Замананың сиқынан жүрек шошып,

Үмітімнің шырағын үрлемейді.

 

Көкірегімді тіледі Жайық мұңы,

Айықтырмас бұл мұңнан Ғайып түні.

Перзенті деп Жайықтың дара туған,

Сыр еттім, көрмегейсіз айып мұны...

 

Фариза ақын:

- Мен сүйемін тауымды, өзенімді,

Жүрегімді даламның кезеді үні.

Білем мұңын Жайықтың, содан шығар

Ащы нала өртейді өзегімді.

 

Түсінбейді көп адам парыз құнын,

Даңқ қуып, дақпырт қуып жарысты тым...

Қай жерде жүрсем –дағы Ақ Жайыққа

Кіндігіммен жалғанған тәріздімін.

 

Ел мені биікке ұшар құсым деді,

Мұңымды айтам кімге ішімдегі,

Ақ Жайық қалың елдің Анасы деп,

Қолында билік барлар түсінбеді.

 

Бұл күнде Жайық қашса жағасынан,

Ел-жұрттың айрылғаны анасынан.

Қорғаймыз кеудемізде жан барында,

Керек-ақ талмас жігер, дара шыдам!

 

Жайық қашса жағадан, жаралы маң,

Тірлікте сонда қандай қалады мән?!

Бұл қазақ қашан ғана түсінеді,

Айрылдық қой кеп кеше Аралымнан.

 

Ара түсіп қорғамай Аралымды,

Ұрпақтың  несібесі тоналулы.

Аралды мекен еткен жыл құстары,

Ұмытты туған жерге оралуды.

 

Айрылдық ақ бөкен мен маралынан,

Ойымда ғасыр –күмән, дала- тұман.

Азан- қазан боп жатар кез болар ма,

Шағала қанатымен оралып ән!

 

Өткенде қазақтың көп жоғалтқаны,

Ызғырық соғар жанды тонап тағы...

Кептеліп көкейіме көп өкініш,

Көңілім шежірені парақтады...

 

Жан әр күнді күмәнмен қарсылады,

Жүрек мынау кеудемді тарсынады...

Ақ Жайықты қалайда қорғап қалу

Мына бізге жүктелген Ар сынағы!

 

Сондықтан көтер басты, жеңілмегін,

Намыспен шықсын батыл Өңірдегі үн!

Ақ Жайық болашаққа бір барады

Деп сенем тұрған кезде көгімде Күн!

Автор:

-       Бір деп жүрген дос едік жаным, арым,

Соңғы кезде мен оны танымадым.

Лауазым мен атаққа сатты мені,

Ондай жанның сізге де халі мәлім...

 

Досым қайда  армандас, жаны жалын,

Осы ойлардан көмейді қарыған мұң.

Адал достық жалғанда болмайды деп,

Ақыл айтқан жандардың бәрі бәрін,

 

Тыңдамаймын, шаршаймын сабыламын.

Сол ақкөңіл досымды сағынамын.

Өмір неге адамды өзгертеді,

Тыным бермес осы ойлар жаныма тым.

 

Сенгіштіктен алданып от басам да,

Жанға сенбей, бір жола тоқтасам ба!

Өмір ғой деп күледі миығынан,

Адамға тән құндылық жоқ па сонда?

Фариза ақын:

 

-       Шын достықтың биікке самғап әні,

Көрген жандар аңыз ғып таңданады.

Адал дос бола алмайтын көп пенделер

Өңі жылтыр күндерге алданады.

 

Сатқын жанды мен –дағы  аңғармадым,

Содан шақтым өлеңмен таңдарға мұң.

Сенің сырың арқылы бұл ғасырда

Сездім сенер достыққа жандар барын.

 

Содан көңілім биіктеп ғарышқа тым,

Мұң наладан бір сәтке алыстадым.

Сену , сүю, алдану шын бақыт деп,

Айтатындай өлеңмен алыстағы үн...

 

Адал жанға қасиет, бақ қонады,

Ажыратар уақыт бар ақ – қараны.

Өтірік күлген сырттан, сатқын жандар

Өмірге артып бәрін , ақталады.

 

Жүректі адалдыққа сендірдім мен,

Жүрсем де алыстамай көп кірбіңнен.

Саудаға салатындар шын достықты,

Жеңілер өңі жылтыр, көлгір күннен...

Автор:

- Өмір мендік уақытқа тоналды,

Күйбең күндер күрсіні көп қол алды.

Осы ойлармен келе жатсам көшеде,

Бала мысық аяғыма оралды.

 

Бала мысық...

Аштықтан тұр бұралып,

Мияулауға әл жоқ даусын шығарып...

Әлсіздерді дәл осылай лақтырар,

Деген сынды тас төбеде Күн-алып...

 

Әлсіздерді осылайша жазалап,

Өмір өзін отырады тазалап.

Бәрін, бәрін арта салып өмірге

Арың сонда үн қатпай ма мазалап?!

 

Бала мысық...

Қарап едім тесіле,

Қызылшақа...елестеді көзіме.

Жетімек қып тастап кетер сәбиін,

Ата –аналар келді сонда есіме.

 

Күл қоқыстың жәшігіне тасталған,

Бала мысық...

Тіршіліктен жасқанған..

Өз баласын тастап кеткен қылмыстар

Дәл осындай қаталдықтан басталған.

 

Жүрегімнің түкпірінде жатқан мұң,

Ұлтын, тілін, намысын да сатқан кім?

Соның бәрі жүрегіме жүк болып,

Алдыңызда тағы да сыр ақтардым...

Фариза ақын:

 

-       Сездірместен жанымның жаңбырын да,

Иек артам үмітпен таң нұрына.

Алаңдайды, жүрегім, алаңдайды

Тастанды балалардың тағдырына...

 

Болашаққа сенімнен қуат табам,

Ақбас тауым тұрғанда, шуақ далам!

Әмеңгерлік жолымен біздің қазақ

Жесірі мен жетімін жылатпаған.

 

Халқыма арнап өтем  ғұмырымды,

Биіктетем өлеңмен тұғырымды.

Жетім менен жесірге қорған болған,

Кезінде де «Ақтабан шұбырынды»...

 

Сүйеу болған жұрт едік құлағанға,

Намысқоймыз бұл тағдыр сынағанда!

Аштық пенен зобалаң жеңе алмаған

Халық едік «Алқакөл сұламада»...

 

Ынтымақтан орнатқан қорғандарын,

Жаны  жайсаң , жүрекке толған жалын!

Мәрт қазақтан жеңіліп, талқан болған

Сан жетпейтін санына жоңғарларың!

 

Үлгі етеміз тарихты жас буынға,

Отан деген оралтып басты ұғымға!

Ұрпағын сақтау үшін жеңді қазақ

32 нің сұрапыл аштығын да!

 

Шындықты айттым, қашан да тайсалмадым,

Өзім нәзік болсам да, қайсар жаным!

Ұрпақ үшін түскен ді от пен суға

Қазақ деген жақсы мен жайсаңдарым!

 

Тегін білмес ұл мен қыз ғасыр дерті,

Жетімдердің қай кезде жасы кепті?!

Тыныш, бейбіт, тоқшылық заманда бұл,

Жоямыз қалайша осы  қасіретті?!

 

Ұрпақпен келер күнге жалғасамыз,

Тарихтың асуында алға асамыз.

Жетімдер азайсын деп жер бетінде,

Күресейік, кәнеки, қолдаса біз!

Автор:

-       Жетті қазақ күреспенен бүгінге,

Тәуелсізбін!

Жарқын шықты үнім де.

Ішімді кеп тырналайды бір мысық,

Сөйлессе жұрт жатжерліктің тілінде.

 

Тәуелсізбін!

Құлақ салып шатты үнге,

Келе жатқам, сүйсінумен бақ, гүлге.

Екі қазақ сөйлесіп тұр қараңыз,

Екі қазақ ...сөйлесіп тұр жат тілде!

 

Аяз қарып, ашығандай көмейім,

Кімді , неге кінәлайын сөгейін?!

Ана тілім кешір дедім ашынып,

Құлағымды жарып кетті өгей үн!

 

Жат жерліктің табанына бас ұрып,

Жүрген қазақ!

Көз жасымды жасырып,

Әрең келдім сүйретіліп жан апа,

Алдыңызға ашынып...

Фариза ақын:

 

-       Түсінемін мұңыңды қарашығым,

Менен өзге кім ұғар дала сырын.

Ана тілдің қасиетін ұқпағандар,

Ақтамайды ақ сүтін анасының.

 

Жан сырымды халқымнан жасырмадым,

Байлық пенен мансапқа бас ұрмадым.

Қазақ тілі ол менің қазынам ғой

Қойнауынан кеп жеткен ғасырлардың.

 

Ата қазақ елдікті сақтап келді,

Сәйгүлікті, салтымды баптап келді.

Ана тілі ол деген Шалкиіз ғой,

Қазтуған мен Доспамбет, Ақтамберді:

Елге берген кеудеде жатқан кенді!

 

Ана тілі ол менің нұр – абатым,

Өлеңдерім  өрнек боп құралатын.

Қашаған, Нұрым менен Бұқар жырау

Қазақ тілі дегенім  -Мұрат ақын!

 

Күй болып домбырада күмбірледің,

Кеудемді жарып шыққан тың жыр ма едің?!

Ана тіл Төле, Қазыбек, Әйтеке ғой,

Тарих боп бізге жеткен дүлділдерім.

 

Ана тілім, ығыңа паналармын,

Сені ойласам кеудемді аралар мұң...

Болашаққа жеткізу парыз бізге,

Әруағының алдында бабалардың...

Автор:

-       Ұрпақ бүгін бара ма қаталданып,

Осыны ойлап әр таңым атар налып...

Кейуананың естімей ескертуін,

Қара шалдан ақ жол деп бата алмадық.

 

Қасиетіңді жоғалттық қайран бабам,

Қараймын да мына елге қайран болам:

Жасы үлкен бе, кейуана, ақсақал ма,

Кесіп өтіп алдынан, тайраңдаған!

 

Мейірімнен айрылдық – нағыз қайғы,

Өткен күнді өтірік аңыздайды.

Көше толы адамдар, сәл құласаң

Ауызға су бірі де тамызбайды.

 

Күліп өтіп кетеді миығынан,

Мендік басты торлайды жиі күмән:

Жаһанданып барамыз салтты ұмытып,

Ұмытқанның өз тілін, күйі – тұман.

 

Арамшөп боп шықты ма еккендері,

Сан ой мені мазалар көптен бері.

Ата –ананың орны боп қарттар үйі,

Осы ма еді қазақтың жеткен жері?

 

Сізге шақсам мұңымды жеңілдеймін,

Көріп тұрып шошыдым өңір кейпін.

Осы ма әлде тамұғы жаным, Апа,

Жаратқанның сынағы Өмір дейтін?!

Фариза ақын:

-       Мен мұңайсам, ел үшін мұңайғаным,

Жақпақ болар сұм заман ылайларын.

Мейірімді жүректен жоғалтқандар

Ұмытады көкте бір Құдай барын!

 

Алдымызға тосады заман сұрақ,

Түсіме еніп жүр менің далам...жылап...

Табиғатты тонадық, жоқ қылдық біз,

Мейірімнен кетті ме адам жырақ?!

 

Жан жүрегім далам деп ауырды да,

Қасіретті толғатты Дәуір мына!

Махаббатты ел менен жерге деген,

Көп ұрандап, еттік ау жауыр, сірә!

 

Қатыгездер қоғамға қайдан келді,

Мың сан сұрақ беріш боп байланды енді...

Көрмегенсіп өтеді ел, елеместен

Қолын жайған көшеде майдангерді...

 

Мәңгүрт ұрпақ сезбейді ештеңені,

Таң атады, кезекпен кеш келеді.

Қолын жайып отырған қарт майдангер,

От пен қанды ұрпақ деп кешкен еді.

 

Қайыршыны жолдағы кім елепті,

Мейірім бүгін қоғамға... түнемепті...

Асыққан ел... елемес асқақ басып,

Арбасына таңылған мүгедекті...

 

Соны ойласам көз ілмей таң атырам,

Дала тұман болғанда, сана тұман.

Көкірегім сыздайды ұрпақ үшін

Безіп жүрген ата мен анасынан...

 

Маза бермей шындығым көңілдегі,

Табаға сап шыжғырар өмір мені.

Қарттар үйі : мұңайған қариялар,

Көріп тұрып, қабырғам сөгілгені...

Жанарымнан қанды жас төгілгені...

 

Кеудем сол бір ойлардан арыла алмай,

Қасіреттен жүрегім  қабынардай!

Айтпасам көкіректен шыққан демнен,

Мына әлемнің құлағы жарылардай!

Қазағымның жанынан табыл, Алла- ай!

Автор:

-Жұртым жатыр басына жамап дертті,

Баба қазақ қорыққан заман жетті.

Ұятты ұмытқан, ибасын , әдебін де

Ұл мен қыздың күнәсін санам шекті.

 

Ұрпақ тұл ғып рухани қазынамды,

Ақша құл ғып , ұмытты асыл әнді.

Қарт Каспий күрсінеді ауық ауық,

Алатауым қар шалған басын мәңгі.

 

Қызығып шетелдіктің қалтасына,

Қыздарды қайтем тұрған жар басында.

Сайранды салып ақ жүр жатжерліктер,

Қазақтың  мұнайының арқасында.

 

Далам – ай, жазық төсі бұрғыланған,

Мұнай іздеп, ұңғылар ұрғылаған.

Жер бетінің халінен шұрқ тесілген,

Көтере алмай қанатын жыр құлаған.

 

Далам мынау кең төсі талқандалған,

Шетелдік қалтасына арқандалған.

Бабалардың қанына суарылып,

Жете алмай биігіне арман қалған.

 

            Каспийдің халі мынау жаралы жан,

Мұнай іздеп қопарған табанынан.

Бекірең бе, дәулетің басқа тепкен,

Жатжерліктер оған да салады лаң!

 

Күрсінсем қан тамады көкіректен,

Арманды сәби күйде шетінеткем...

Далаң ауру, жұртым-ау, балаң ауру,

Төзімімнің пердесін сетінеткен.

 

Фариза апа, төзермін бұған қалай,

Көкжиекпен тілдесіп тұрам, талай...

Жұртымды  жанмен сүйген бір қызың ем,

Соғам дегем халқыма жырдан сарай!

 

Сондықтан да жүдеймін, елегізем,

Қара бұлттар ағады төбемізден.

Халық едік ақжарма, кең пейілді

Бірақ уайым кетпеді неге бізден?

ФАРИЗА АҚЫН:

-         Туған жерге жүрек те, миым да алаң,

Өтер күндер жеткізбей, құйындаған!

Ыңыранып көшетін көкірегімде

Нарын құмды жыр етпеу  қиын маған.

 

Күйзелтеді жанымды күйің далам,

Сен деп кеткен аманат, сыйын бабам!

Мына заман, қай заман қазағымның,

Қуанышын, үмітін жиі ұрлаған.

 

Көлгірлікпен күнімді бояма түн,

Түсімнен шошып ылғи оянамын.

Жаратқасын мені Алла ақын етіп,

Шындықты айтпай қалайша қоя аламын?!

 

Мұң қайғысын жыр етем тірлігімде ел,

Талқан етпек ойымның түндігін жел!

Қалталылар ойламай халық қамын,

Шікірәсі бұл жұрттың «мен бүгін»,дер!

 

Айлар менен жылдардың жанып кеткен,

Есесін тұр Уақыт бағып көптен.

Кінәмізді болашақ алдындағы,

Бетімізге басады тауып көктем.

 

Бізді бағып тұрғандай мына ғалам,

Жаралғанбыз табиғат- Пір анадан.

Каспиімнің жағдайы талықсығын,

Ананы еске салады мына маған!

Халық едік қиында құламаған...

 

Осыны ойлап алғыға алаң көңіл,

Бастан кешті қиынды далам небір.

Сырқаты мен ойласам күйзелісін,

Үйірілер күдікті ой маған жебір.

 

Салқын қанды сөз беріп Сабырына,

Халық едік қыңбаған дауылыңа!

Ауруынан ғасырды айықтырсам,

Жырды нәр ғып даламның тамырына!

 

Сырқат ғасыр, сырқат ой, сырқат бәрі,

Ел таныған азамат сырғақтады...

Көктәңірге жалынып, қолым жайдым,

Басқалары қазаққа үн қатпады...

Жанарымды содан ба, мұң қаптады...

Автор:

- Жеті хан жатқан Сарайшық,

Тарихым тапқан Сарайшық.

Қопарып толқын іргесін

Құлатып жатқан Сарайшық!

 

Жәнібек ханның көзі еді,

Асан қайғының сөзі еді,

Қазақтың қилы тарихын

Танытып жатқан өзі еді!

 

Өртенді ақын өзегі!

Айтылмай жүрген сөз еді,

Исатай бабам рухы,

Айтқын деп жебе кезеді!

 

Тұсында жаңа ғасырдың,

Қайғымды елден жасырдым.

Сарайшық мынау мекені

Қасқа жол салған Қасымның!

 

Жанайқай! Жүрек жылайды,

Өшкен кез осы сыңайлы!

Дәл бүгін қорғап қалмаса,

Сарайшық ертең құлайды.

 

Жоғалтып алып әуелі,

Қазақтың жоқтау әдеті!

Қорғайық тарих парағын,

Жойылып ертең кетеді,

Кетеді, Апа, кетеді!

ФАРИЗА АҚЫН:

 

Тарихын қорғай білген Ер деседі,

Сағынам жастық шақты мен кешегі.

Сарайшық...шежіремнің куәсі ғой,

Ойласам көкірегімнен сең көшеді!

 

Сарайшық...Мен өзіңнен танып өттім,

Іздерін  асыл текті әз Жәнібектің.

Естелік болып жеткен Сарайшықты

Айта алмас қазағымның бағы деп кім?!

 

Бір еді Сарайшықпен бақ күндерім,

Жыр болып жүрегімде жаттың менің!

Әз Жәнібек хан жасаған аңыз қылып,

Ел аузында сақталған Аққу көлің...

 

Шежіремді жыр қылып тұндырамын,

Ой санамда көшеді бір жылы ағын.

Толқынымен шайылған Ақ Жайықтың,

Сарайшықты ойласам тұнжырадым.

 

Сарайшық, Ата баба қорымында,

Естелік жатыр ескі, толы мұңға.

Қасқа жолды Қасымның жүрген ізі

Тарих боп жатыр қала орынында.

 

Сарайшық...Сан сауалға қамаламын,

Бабалар шежіресі – паналарым!

Жібек жолымен ағылған керуендер,

Көші ғой сонау өткен замананың.

 

Сарайшық, көкірекке қонады ақпан,

Сарайшық, көне қорым баба жатқан.

Тарихтың сахнасынан қоңыраулатып,

Соңғы көш, толқындар жеп бара жатқан...

 

Тұрмайық, елім, бұны тамашалап,

Береді шежіремен дала сабақ!

Перзенттері өңірдің, сақтап қалғын

Сарайшық –тарихымды арашалап!

 

Үміт күтіп халқымнан дала жатыр,

Болашаққа сеніммен бара жатыр.

Баба арманы өшпейді ешқашан да,

Ел тарихы шежіре – санада тұр!

 

Автор:

- Пейілі адамзаттың тарылғасын,

Табиғат қалай ғана жарылқасын?!

Ойылдың оймақтай боп орны жатыр:

Ел мұңы сездім содан арылмасын...

 

Даламның қуаң тартқан күйі мұңды,

Дауыл кеп көтереді жиі құмды.

Қазақтың түптамыры болған ауыл

Көзіне қанды жасы құйылулы...

 

Айрылғасын қазағым пейілінен,

Басына бұлт бүгінде үйірілген.

Су тасымай, далаға жаңбыр жаумай:

Ауылымның тым қиын күйі мүлдем.

 

 Құм дауылы құтырып, жиіледі,

Көкірегі аспанның иімеді.

Жемнің де ғаріп болған жағдайы бар,

Жүрегім куә болып, күйінеді.

 

Табиғат Ана неге жібімеді,

Бұл сұрақ құртар, құртса түбі мені...

Болашағы бұлыңғыр елге алаңдап

Жүрегім жырға келіп жүгінеді...

 

Фариза ақын:

- Жүрегімді сыздатып аспандағы үн,

Танимын қына басқан тастан да мұң...

Ойыл - менің өртенген орман-елім,

Жем дегенім - басымнан қашқан бағым!

 

Елімді айтып шағамын аспанға мұң,

Аумаса екен , тәңірім, бастан бағым...

Жүрегімді сыздатар халық зары

Осы ойлардан қайғы- мұң жастанғаным....

 

Адамзатқа қойғандай аспан сұрақ,

Мейірім көшкені ме бастан...жылап...

Ел рухани аштықтың қыспағында,

Өзен мен көл тартылып, қашқан жырақ...

 

Табиғат та айрылып үйлесімнен,

Кең даламнан жадаулау күй көшіргем...

Өзен мен көл ұрпақтың азығы еді:

Тәңір берген ,халқым – ау, сый – несібең...

 

Қопарылып дауылмен тамырлары,

Жусан, мия, қияғы – бәрі-бәрі...

Кең даламның кең төсін жібітетін

Мүмкіндік... Сөзсіз , білем табылады...

 

Қалай ғана үреймен қарамайын,

Дала уайым болғанда, сана-уайым.

Өзендерім суалып бара жатыр,

Емшек сүті суалған.... анадайын.

 

Даламды ойлап бүгінде жанарда мұң,

Жауапсыз сұрақтарға қамалғамын...

Ақын болып ел мұңын айтпай кетсем,

Ар ұжданның алдында маған да сын...

Онсыз менің шын бақыт таба алмасым...

 

Содан болар, мен жиі алаңдаймын,

Өзен, көлім, теңізім, далам – қайғым!

Төрт бұрышын дүниенің кезсем-дағы,

Туған жерсіз мен бақыт таба алмаймын...

 

Жас ғасыр... Елді ойлап жан босаңдайды,

Жайбасарды бұл уақыт  тоса алмайды.

Әлсізді құртқан дүлей заманада,

Жерұйық сағынған мен – Асанқайғы!

 

Қашқан бақ қайтып қонар...қашан ғана,

Қорғай білсек мәңгілік жасар Дала!

Желмаяң жоқ кезер ем Сахарамды,

Өзің жүрген ізбенен Асан баба!

 

Ғарышқа жетер ме екен жанайқайым,

Өксік тұр өзек өртеп...Далам-қайғым!

Көк шалғын қу тақырға айнала ма,

Осы ойдан жанарда жас, сана-уайым!

 

Қонған бағың халқым – ай, үрікпесін,

Ту астында тәуелсіз...біріккесің...

Ойлы сөзге тоқтаған халық едік,

Күнге тартқай әрдайым күліп көшің.

 

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА