Әй, жүгермек, сағындым ғой...

Әй, жүгермек, сағындым ғой...
жеке
блог

Жандос

Иә...

...

- ...

Аманбысың, жүгермек? Вконтактеңе де доступты жауып тастапсың. Жәрар! Өмірің қалай өтіп жатыр екен шайтан азғырған қалада? Сағындым ғой сені... Соқпа өтірікті! Сен мені ана түріңмен сағына қоймассың. Жүретін қызың - орыс. Қазақша сөйлесең де, қатырмаушы едің. Қазір оның қасында орысша шүлдірлеп жүрген шығарсың. Әй, бірақ... Екеуміз де кінәлі емеспіз, негізі. Ақлима апа, рас, Сансызбай ағамның ішкілігіне шыдамады, шаршады тіптен. Мені де білесің ғой ішетін адамдарға деген көзқарасымды. Рас, әке-шешең ажырасқан соң, сен де маған жолыға алмадың, мен де анаңнан қорқып, жолыға алмадым. Үлкендер түсінуші ме еді бауырлық сезімді. Өздері жанжалдасып, қырық пышақ боп жатқанда... Бәлкім, мені кінәлайтын да шығарсың келмей кетті деп. Бірақ сен де маған хабарын бермедің. Өзің үндемессің. Шашыңды алмаған шығарсың әлі. Естідім, Сансызбай ағаның жұмыс жағына кеп шашыңды алдырады екенсің. Оның дұрыс! Бірақ әкеңмен сәл де болса сұхбаттасып, сырлассаңшы. Оның да жағдайы мәз емес. Жәрар! Әңгімені қоя берші! Орыс боп кеттің бе деп қорқам. Мешіт көрмей кетер ме деп қорқам. Ағаң Ақылбек те, інің Жанқожа да бізді, біздің әулетті жақтырмай кетті. Алла жеткізсе, болашақта іздеймін сені әлі. Әке-шешелеріміз қартайсын... Есіңде ме, екеуміз 2009-да "Ақтөбенің қызы" деп рэп жазғанымыз, біздің үйде. Құлаққа киетін наушниктің микрофонымен жаздық қой тректі. Сөзін мен жазатынмын, сен әрдайым екінші куплетті оқитынсың. Қазір қойып кеткен шығарсың. Мен де қойдым. Тек анда-санда Бахтиға, Стимға еліктеп орысша жыр жазамын. Мирға да, анда-мында салып тастағам. Жұрт та жақсы қабылдаған. Сағындым сені, бәтшағар! Бұл жазбамды, ай, ешқашан да оқымайсың-ау. Байқоңырда интернет жоқ қой. Есесіне, сендердің интернеттен кіретіндерің ВК, Мой Мир, кино, музыка емес пе? Әдебиетті де оқымағансың. Әйтеуір, программист мамандығын аман-есен бітірген шығарсың. Өз біліміңмен түстің. Ақылды ақымақсың мен сияқты. Ал менің мында ұстазым пайда болды, универде. Серік Асылбекұлы. Танымайсың. Бірақ Қазалінікі. Мамаң ру сұрастыру арқылы танымаса... Жалпы, жас драматургпын. Күлме! Шымкенттегі жас драматургтердің жабық конкурсына қатысып, 30 мың теңге ұтып алғам. Соның 11 мыңына костюм-шалбар алып, мемлекеттік практикада ашық сабақ өткем, Жүсіпбек Аймауытовты. Эх, оны да білмейсің ғой сен... Жәрар! Кінәламаймын. Біздің мектепте әдебиетті оқытпады да ғой жөнді. Тек қазақ тілін оқытпаса... Шығармашылығым аса керемет емес. Бірақ интернетте "Қайран, үш бақытым...", "Атама хат!", "Құранды құр ән демеңіз!", "Тіліне түкіргендер өзгеге болады құл" деген шағын мақалаларым жарияланды. Айтпақшы, практикада оқушыларым да мақала жазды. Оларды да инетте жарияладық. "Желсіз түнде жарық ай" драмам Шымкенттегі баспадан шыққан шығар. Аймақ ағалар солай деген әйтеуір. Бірақ келіспеушілік болып қап, қырсығып, оларға өмірбаянымды жібермей қойғам. Соған байланысты пьесалар жинағына менікін қоспауы да мүмкін. Жәрар! Өздері біледі ғой. Иә, менің шығармашылығым әзірге осы. Қабілетім әлсіз болса да, тырысып жатырмыз әйтеуір, болмасақ та ұқсап бағып. Алла жеткізсе, болашақтағы шығармаларымның бір кейіпкері боласың. Бірақ сен мені түсінбейсің ғой. Қазақшаңды ұмытып қалмасаң болғаны. Тек мәңгүрт болып кетпеші, інім!.. Сағындым сені... Шырағың сөнбесін, Жандос!..