Ұлы Гэтсбидің ұлылығы неде?
жеке
блог

Ұлы Гэтсбидің ұлылығы неде?

Қай уақыттан бері Леонардо Ди Каприоның ойындары жоғары бағаланып, шебер актерлердің қатарына кіріп жүр. Cоңғы ойнаған «Ұлы Гэтсбиге» халық жаппай ағылуда. Және фильм жайлы жақсы пікірлер кинотуындыны көруге итермеледі. Ал, көрдік...

Фильм кітап оқиғасының желісі бойынша түсірілгенін біреу білсе, біреу білмес. Сонымен қатар, Френсис Фицжеральдтің бұл туындысы бойынша Баз Лурманға дейін бірнеше режиссер өз нұсқаларын түсіріп үлгерген екен. Кітабын оқымағандықтан, басқа нұсқаларын көрмегендіктен ештеңемен салыстыра алмаймын. Сондықтан тек соңғы шыққан туынды жайлы әсерімді жазбақпын.

Фильм бояуға қанық, әдемі, XX ғасырдың 20 жылдары суреттелгенімен байлық пен молшылық, сауық-сайран керемет жеткізілген. Актерлер ойыны өз деңгейінде. Декорация мен фильмнің бастапқы өрбуі құпияға толы, оқиға неден басталады, немен аяқталады, қалай бітеді, жалпы не жайлы деген ойларға бөлеп, зеріктіруге жол бермейді.

Фильмде өрбитін барлық оқиғалар Гэтсбидің адамдық қасиеттерін біртіндеп аша бастайды. Және ең басты қасиеті қаншама молшылық, байлыққа қарамастан ол жас нәрестеге тән пәк көңілі мен адамға сенімінен, құлай сүйе білу мен адамгершілігінен, үмітпен өмір сүріп, тек жақсылық ойлайтын қасиетінен айрылып қалмағандығында. Және автордың «ҰЛЫ» деп оны асқақтатуы да осыдан болса керек.

Режиссер танымал актерлерді тартып, барынша көркемді етуге тырысқанымен, фильм бір көруге ғана тұрарлық. Ең басты тақырып махаббат болғанымен бұл қыздардың елжіреп, паузаны басып, қайта айналдырып қарататын кадрларға толы емес. Қаншалықты романтик болса да, сүю деген осы ғой деп жігіт қызығатын махаббат мелодрамасы емес. Бұл жай ғана бір адам жайлы әдемі де көркем фильм. Бірақ сол әдеміліктен алған әсер адамды біртүрлі шабыттандырып, жақсы әсерге бөлейді, демалдырады.

Сонымен қатар, фильм монологтар мен суреттеу, мағыналы цитаталарға толы. «Біздің әлемде қыздарға ең дұрысы – ақылсыз жақсы қыз болу» дейді бір сөздерінде. Менен ұрлап алды ма деген ой келіп қалды осы кезде ))