Жанымды жетектеп жылдарым, әкетіп барады...
жеке
блог

Жанымды жетектеп жылдарым, әкетіп барады...

      

Жылдар-жылдар,  зырылдамандар!-деп өтінгеніммен  ол тоқтар емес, иәәә тоқтамайды. Зырғып, зымырап бара жатыр. Кеше ғана балғын бала секілді ем, тентектеу келген. Бәрі әлі есімде, тіптен сол балабақшадағы кездерім  де көз алдымда.  Бірақ, күн өткен сайын ол көріністер де бұлдырай бастайды екен. Бұл да өмірдің бір аялдамасы болды, өкініштісі өмір бір  аялдамасына екінші қайтара оралмайды екен.  Аялдамадан аялдамаға тоқтатып, уақыт мені де үлкен өмірге алып жықты. Яғни, мен де жылдардың, күндердің, түндердің зуларын ескермей есейдім. Жасым да 21-ге келіп қалыпты.  Өмірдің сынағынан сүрінбей, арманыма  қанат бітіріп қалаға беттегендегі  мақсатым да білікті маман болу еді. Бұл төрт жыл маған тек 4 күндей болса, әке-шешем үшін  4 ғасырдай ғаламат уақыт болды. Әрине, баласының қолы өз аузына жеткенін көруге асығатын болар.  Бәрі өз кезегімен ғой, өз ретімен.

         Осы 4 жылдың маған бергені аз болмады, құрбы-таныс, дос-жарандарыммен жарыса білім алып, бәсеке мектебіне іліктім. Сол жылдары журналистика тобына алынғанда біз 11-едік, сосын-10, кейін қайтадан санымыз 11- ге жетті. Мәселе санында емес қой, шүкір, сапасы да таңдай қақтырарлық. Ахаң университетінің өнегелі студенттері менің тобымнан табылды. Әнші де, жыршы да, биші де, күйші де, актер, әртісі  де  қатарымызда. Яғни, сен тұр мен атайындар бас қосқан топ. Ерке де ерекше үш  ер жігітіміз бар. Бой десе бой, түр десе түрлері бар. «Тіл көзден сақта»-деп қояйыншы. Бір нанды бөлісіп жемесек те, бір конспектіні бөлісіп оқыдық қой. Разымын, талаптарыңа нұр жаусын болашақ әріптестерім!!!

   Азабынан гөрі ғажабы мол студенттік жылдарым-ай.Бұл аялдамадан да түсіп қалар күн алыс емес екеніне қуанам да күйінем де.  Өмірдің алып кемесіне отырып алып улы-шулы күндерді артқа тастап кетіп барамыз....Келесі аялдама?!!!