Блог құрылтай: Q&A

Блог құрылтай: Q&A
жеке
блог

Керекинфо еркін блог жүйесінде болсын, басқа ресурстар да болсын «Блог құрылтай», «Блогкемп» деген алашапқынның басталғанына көп бола қойған жоқ. Алда болар шараға қатысты жарияланған, жарияланатын жазбалар «тақырып аясынан тыс жердегі» юзердің әуелі сұрау белгісін (не бұл?), содан кейін сұрау белгісі мен леп белгісін (не айтып кеттіңдер?!), соңынан тек леп белгісін (ой, немене, блогкемп, блогкемп деп бәрің, басқа әңгіме жоқ па!) туғызуы мүмкін. Қызықтың көкесі әлі алда, Құдай сәтін салса, наурыздың аяғына таман он жазбаның тоғызы құрылтай туралы болады, сол кезде «асанқайғылатқан» кейбіреулер болмаса, өзгеміз баяғы сауын айтқан қазақтың ар жақ-бер жағынан табылармыз деп үміттенемін.

Содан, не керек, ұзын сөздің қысқасы, жинақы сөздің нұсқасы, бұл постымды блогкемптың не екенін білгім келеді деген жанға арнаймын. Әрине, баз біреулеріңіздің, тіпті басым көпшілігіңіздің бұл тақырыптың жілігін шағып, майын ішкен, тісқаққан, кәнігі мамандары екеніңізге шүбәм жоқ, алайда кезекті сөз кеудеден итерілмес деген үміттемін.

Қазнетте жүрген жақсымыз бар, жаманымыз бар блогкемп бойынша ауызбіршілік танытады деп имандай сенемін.

Сонымен, Блогкемп немесе блог құрылтай дегеніміз не?

Blogcamp.kz сайтында "BlogCamp — дүние жүзіне кең таралған жаңа медиа өкілдерінің жиыны. Ел ішінде түсінікті болуы үшін біз іс-шараны «Блогшылар құрылтайы» деп те атап отырмыз", — дейді.

Әрине, блогшылар мен жаңа медиа өкілдерінің айырмашылығы бар: жаңа медиа өкілінің блогшы болуы міндетті емес, алайда блогшы — жаңа медиа өкілі. Сондықтан, егер сіздің өз сайтыңыз болса, алайда блог жүргізбейтін болсаңыз, бұл шараның маған еш қатысы жоқ екен деп ойламаңыз.

Анықтама: жаңа медиа — жиырмасыншы ғасырдың аяғында пайда болған, ерекше қарқынмен дамып келе жатқан интерактивті электронды басылымдар мен тұтынушылардың (қолданушылардың) ресурстың (сайттың) контенттін (мазмұнын) түзуіне ат салысуы нәтижесінде пайда болатын жаңа қарым-қатынас формаларына қатысты термин. Жаңа медианың басты ерекшеліктері интерактивтілік пен сандық технология деп түсінемін өз басым.

Неге кемп (немесе кэмп, немесе camp)?

Ағылшын тілінде camp сөзінің лагерь, қала сыртындағы үй, табиғатқа шығу, шатырда өмір сүру секілді мағыналарға ие екенін білесіз. Міне, біздің кемп те осы маңайдан: мүдделес, тақырыптас адамдардың ӨЗ ЕРІКТЕРІМЕН бас қосып, бейресми түрде жиналуы кемп, нақтылап айтсақ баркемп деп аталады. Кемп міндетті түрде жаңа медиаға, әлеуметтік желілерге, Қазнетке, сайттарға қатысты болуы керек деген қате, мәселен, осы жұма күні Анар Бекжігіт, Анар Мұстафина үшеуміз бас қосып «Сыракемп» жасап жіберсек те болады.

Көтек, баркемпі несі тағы?

Баркемп (BarCamp)- ҚАТЫСУШЫЛАРДЫҢ ӨЗДЕРІ ұйымдастыратын жиын. Біздің тілге тиек, етке сүйек болып отырған блогкемпіміз, яғни блог құрылтайымыз осы баркемптің бір саласы.

Баркемп кезінде қатысушылар баяндамалар, презентациялар жасайды, тренингтер өткізеді, қандай да бір тақырыптарды талқылайды. Ұсынылатын материалдың бәрін ұйымдастырушылар, яғни қатысушылар өздері даярлайды.

Баркемптың (блогкемптың деп оқыңыз) тарихы мен өзге де ұңғыл-шұңғылы туралы өткен жылғы құрылтай алдында жариялаған жазбамнан үзінді келтіре кетейін.

Баркэмптың (БлогКэмптың ағасы деп түсініңіз) тарихына аз-мұз тоқталсақ.
Ерте-ерте-ертеде, ерте болғанда 2005 жылы Тим О’Рейли дейтін веб 2.0 идеологы өз достарына арнап Foobar дейтін шара ұйымдастырады. Ал алғашқы баркэмп сол жылы тамылжыған тамыз айының 19-21 жұлдыздарында Калифорния штаты, Пало Альто қаласында Socialtext компаниясының кеңсесінде өтеді. Бас-аяғы бір аптаның ішінде ұйымдастырылған шараға 200-дей адам қатысады. Шара бейресми сипатта өтеді. Қатысушылар шатырларда жатқан. Шара форматының көптің көңіліне жаққаны соншалық, содан бері баркэмп әлем бойынша 350-ден астам қалада өткен. Ал ТМД шеңберінде аталған шара алғаш рет Украинада ұйымдастырылса (2007 жылы тамызда өткен Blogcamp), 2009 жылдың сәуірінде Алматыда қазақстандық баркэмп болды.

Жалпы Баркэмп Блогкэмп болмысынан мен қазаққа жақын бір қасиет байқадым (жалт еткенге жармаса кетер мінез емес бұл, блогкэмптың сырын ашамын дегендегі арам ойым ғой). Өзектілігі күйіп тұрған “ Төртеу түгел болса төбедегі келеді” деп басталатын мақалды осы шараға ұран қылып алса да болатын сияқты. Себебі, DIY (do it yourself) немесе Өзің Жасап ал идеясы – кэмп атаулының миға басылған девизі. Себебі, бастамашыл топтың болғанына қарамастан, Блогкэмпке келген әр азамат әлгі мысалдағы қарлығашқа ұқсап су тасып, қолы қалт еткен кезде көмегін беріп қалуы қажет. Сонда ғана [бей]конференция (кэмп жиындарын осылай да атайды) мақсатына жетеді, ойдағыдай өтеді, келгендердің көңілінен шығып, бір жерге бас қосқандардың бірлігін көрсетеді.

Блогкэмп ресми шара емес. Қылқына галстук тағып, қыдиып-қыдиып отырып қайтатын жер де емес. Блогкэмп – жауыр болған тіркеспен айтсақ, “бір терінің пұшпағын илеп жүрген” блогшылардың бас қосып, жиналып, бір-бірін тек аватардан ғана емес, анфасынан, профилінен, артынан, астынан, үстінен қарап, танысатын жері Тәжірибе, идея алмасып, пікір таластырып, достық сезіммен қимай-қимай қоштасатын орын.


Биылғы шара Екінші Блог құрылтай болмақ. Өткен жылы аман-есен Алматыда өткізген едік. Енді, Астанаға ат байламақпыз.

Кэмп қатысушыларының ережелері:

  1. байланыс мәліметтерімен алмасуды тоқтатпаңыз. Әңгіме барысында, ол жаңа танысқан жан болсын, ескі танысыңыз болсын, түрлі идеяларды, жобаларды талқылаудан қашқақтамаңыз.
  2. шара барысында қандай да бір проблемалар пайда болса, оны шешіп тастауға тырысыңыз. есіңізде болсын, блогкэмптың жақсы я жаман өтуі сізге (!) байланысты.
  3. презентация жасаушыларға көмек көрсетіңіз, өз идеяларыңызды ұсыныңыз, балама ойлар айтыңыз, идеяларыңызбен, фактілеріңізбен алмасыңыз. Өз презентацияңызды жасап келуге қалай да болса тырысыңыз.
  4. барлық презентацияларды аудиоға, видеоға түсіріп алуға тырысыңыз, оның бәрін Интернетке салып отырыңыз.
  5. Ең бастысы: ашық болыңыз, қызығушылық танытыңыз, ойларыңызды ортаға салыңыз.


Менің сөзім осы. Егер қызықтыра алған болсам, қуанышымда шек жоқ. Ал егер мына сілтеме арқылы өтіп, құрылтайға (блог құрылтайға, блогкемпке, кемпке) тіркелсеңіз, онда Астанада қасиетті Наурыз мейрамында арқа-жарқа болып аман-есен көрісерміз.

Пайдалы сілтемелер:

BlogCamp деген не?

Блог Құрылтайдың 9 ережесі

Презентацияны қалай жасаймын?

Блогкемпке тіркелу

Блогкемптің ресми сайты

Керекинфодағы Блогкемп қауымдастығы

 

Жазба Керекинфо еркін блог жүйесінен аздаған өзгерістермен алынды.