Студенттік шағыма шағын саяхат

Студенттік шағыма шағын саяхат
жеке
блог

Үстелімде жатқан "Афоризмдердің үлкен кітабын" қолыма ала бергенім сол еді, ішінен екі қағаз сусып түсті.

Бірі - дәрістерден жалығып аудиторияның артқы партасында отырып шимайлаған өлеңім де, екіншісі - Гүлімнің хаты екен. Соңғы курс болғандықтан, бір-бірімізді сағынғанда оқимыз деп "хат жазу" дәстүрін енгізген едік. 

Хатқа қол создым. Мен туралы не ойлайтынын ақтарыпты. Көңілім  босап, жанарыма жас үйірілді. 

Несін жасырайын, озат оқымадым. Алда болуға талпынбадым. Бірінші орынға ұмтылмадым. Бәрі жүрегім қалаған мамандыққа түспегеннің кесірі. Қашанғы менің қалағаным бола берсін?! Бірінші курста анама хабарласып, "Мені мына жерден алып кетші!" деп жылайтынмын. Екінші курста да селсоқ жүрдім. Жатақхана мен корпустың екі ортасында менің көңілсіз күндерім өтіп жатты. Сабаққа да қолымды бір-ақ сілтеп, бірде барып, бірде бармай, том-том романдарды кеміріп жаттым да қойдым. Тіл білімі пәнінен  үш шығарамыз деді. "Шығарыңыз" дедім. Айналайын, ақжүрек апайым үш емес, төртке іліктіріп берді. Оны кейін естіп, кәдімгідей қуанып қалдым.

Үшінші курста серпілдім. Дұрысы - көндіктім. Өзімді таптым. 

Төртінші курс. Менің бүгінім. Факультетім бұғанамды бекітіп, қабырғамды қатайтып шығарды. Осы ордада білім алғаным - тағдырдың сыйы деп білемін...